Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 58 минут бұрын)
Қазақстанда дәрі-дәрмекке ҚҚС алынып тасталады: халыққа не пайда?

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасының өсуіне тосқауыл қойылып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара түсуі мүмкін. Себебі, ендігі уақытта әлеуметтік маңызы бар және сирек кездесетін дәрі-дәрмектерге Қосымша құн салығы (ҚҚС) алынып тасталады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дәрі-дәрмекке жеңілдік жасалды

Фармацевтика нарығы үшін аптаның басты жаңалығы – дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға салынатын салық жүктемесіне қатысты ұзаққа созылған дауларға нүкте қойған хаттамаға қол қойылды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектерді ҚҚС-тан босатуды тапсырды. Бұл жеңілдік бүкіл жеткізу тізбегі бойынша, яғни өндірушіден бастап дәріханадағы сату нүктесіне дейін қолданылады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов бұл шешімді елдің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық қадам деп атады. Оның айтуынша, бұл тек бизнеске қолдау көрсету ғана емес, науқастардың мүддесін қорғау болып табылады. Әр кезеңдегі салықтық ауыртпалықты алып тастау арқылы, маңызды дәрі-дәрмектердің құны фискалдық өзгерістерге байланысты болмайтындай жағдай жасалады.

Бағаны анықтайтын жаңа жүйе

Баға белгілеу жүйесіне қатысты тағы бір маңызды өзгеріс бар. Жаңа хаттамаға сәйкес, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың ең жоғары бағалары енді ҚҚС-ты есепке алмай қалыптастырылады. Бұл салықтың үстіне салық қосылып, әлеуметтік жағдайы нашар халық үшін қолжетімсіз болып қалатын жағдайды жояды.

Сондай-ақ, шикізат импорты мәселесі де шешімін тапты. Енді дәрі субстанциялары мен балк-өнімдердің (одан әрі өндіруге арналған дайын компоненттер) мақсатты қолданылуын растау, өндірушілерге салық жеңілдіктерін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл шетелдік компоненттерге тәуелді отандық фармзаводтардың дамуына серпін береді.

Бұдан бөлек, кеденде кедергі болатын бюрократиялық мәселелерге де назар аударылды. Атап айтқанда, диагностикалық реагенттер мен шығын материалдары үшін 4 таңбалы ТН ВЭД коды қолданылатын болады. Бұрын жеңілдіктер тізіміндегі анық емес формулировкаларға байланысты салық органдарымен даулар туындап, жеткізілімдердің кешігуіне себеп болатын.

Тимур Жаркеновтің айтуынша, бұл жұмыстар мемлекеттік органдармен тығыз диалогта жүргізілді. Денсаулық сақтау министрлігіне, Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, бірқатар үкімет қаулыларына түзетулер енгізуге үш апта мерзім берілді.

Көктемнің басына қарай, баға мен үстемеақыны реттеу ережелерін қамтитын нормативтік база толық жаңартылуы тиіс. Бұл қарапайым тұтынушы үшін өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін сақтайтынын білдіреді.

Жаңалықтар

Жарнама