Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Мәңгілік елдің ұрпағы - біздің болашағымыз
Мәңгілік елдің ұрпағы - біздің болашағымыз

«Мәңгілік Ел – ата - бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», - деді Н. Назарбаев.

«Қазақстан 2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін, Елдігіміз Мәңгілік!», - деді Мемлекет басшысы.

Еліміз тәуелсіздік алып, ел болып есін жинап, жоғын жоқтап, барын базарлаған, асылын ардақтаған Ұлы елге айналдық. Бізге әрқашан үлгі болып келген Еуропа елдеріндегі атыс - шабыс, төңкерістерге қарап еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық, экономикалық даму, ұлтаралық татулық: осының бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сындарлы саясатының жемісі деп білеміз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы –- егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс – жоспарға құрылған шын мәніндегі тарихи құжат.
Ендеше, Елбасы стратегиясын жүзеге асыруда әрбір қазақстандық болып ат салысуымыз қажет. Ол әрбір ата - ана, оқушы, ұстаз болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, еңбек етуіміз керек. Сонда ғана ісімзі берекелі де мерекелі болмақ.

Сондықтан бұл Жолдау – жоспарлау саясаты, ұзақ мерзімді даму мен экономикалық өсуді мақсат еткен мықты мемлекетіміздің тағы бір Стратегиялық жоспары. Ал ең бастысы, еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы жарияланды..
Жолдауда Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел идеясын көтерді. Онда Мәңгілік Елдің егемендігін тұғырлы ету мәселесіне назар аударды. Мемлекетіміздің болашағын дұрыс бағдарлап, қазіргі замандағы даму үрдістерінен қалып қоймай, әлемдегі өзіміздің лайықты орнымызды иеленуге тиіспіз. Енді бұдан былай тәуелсіздігімізді, мемлекеттігімізді сәт сайын нығайта беруіміз керек. Идеологиялық жұмыстарды жетілдіріп, халқымызды Мәңгілік Ел идеясына жұмылдыруымыз қажет. Негізі, еліміз тәуелсіздік

«Мәңгілік Ел» жалпы Қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Ата - бабаларымыздың сан мың жылдан бергі арманы болатын. Әлеуметтік маңызы зор құндылықтың мән - мағынасын ұғындыру, баланың санасына, сезіміне, түйсігіне, мінез-құлқына әсер ететіндей дәрежеге жеткізу ұстаздық шеберлікті қажет етеді.
Бүгінгі жас ұрпақ – болашақ Қазақстан азаматы. Олар өзімізді қоршаған ірі өркениет орталықтарын, түрлі мәдениетті меңгеріп, өзін сыйлата алатын, рухани дүниесі бай, интеллект деңгейі жоғары, білімді де білікті жаһандану заманына сай болуы шарт.
Мектепке дейінгі тәрбие жұмысын жан - жақты ұйымдастыра отырып, балаларды тәрбиелеу болашақ қоғам мүддесі үшін еңбектене алатын, Отанын сүйетін, нағыз патриот тұлға етіп даярлауға бағытталады.

Мектеп жасына дейінгі балаларды патриоттық тәрбие арқылы ұлтжандылыққа тәрбиелеу мәселелерін зерттеген ғалымдардың еңбектерінің қорытындылары мен тікелей балабақша практикасындағы тәрбиешілердің іс - тәжірибелерінің қорытындыларына сүйене отырып, біз балабақшадағы патриотизмге тәрбиелеу – балалардың нақты іс - әрекеті, мінез - құлқын ұйымдастыру, оған бағыт беруді негізге алу қажет деп шештік. Патриотизмге тәрбиелеу үрдісінің танымдық мәнін естен шығаруға болмайды, бірақ ол әрбір балада патриоттық сана, патриоттық сезім қалыптастырудан бастау алғанда ғана тиімді болмақ.
Тәрбиеші мектеп жасына дейінгі балалар бойына патриоттық тәрбие арқылы ұлтжандылыққа баулуды өз Отаны туралы түсініктерді қалыптастыруға баса назар аударғаны жөн. Бұл кезеңде бала өзі тұратын жерінің ауа райын, қаласының аты жөнін, оның жерлерін, тарихи орындарын біршама біліп қалады.

Әдістемелік талаптарға сай ұйымдастырылған екі - үш серуеннен кейін балалардың өз туған жер туралы түсініктері бекіп, оған деген сүйіспеншілік сезімі артады. Балалар тұратын жерден атақты өнер иелері шықса немесе ол мекен батырлар туып - өскен орта болып есептелсе, тәрбиеші олар жайында әрдайым әңгімелескені дұрыс. Ол тұлғалардың өздері үшін ғана емес, елі үшін еңбек еткенін, яки қаһарманның туған жерінде бақытты болашақ орнату жолында құрбан болғаны айтылған соң «Міне, балалар, осындай адамдарды Отанның адал ұлдары мен қыздары дейміз. Ал Отан дегеніміз не? Кім біледі?» - деген сұрақ қойылуы орынды.

Балалармен туған ел, Отан туралы әңгіме өткізуге немқұрайлық көрсетуге болмайды. «Отансыз адам – ормансыз бұлбұл», «туған жердің күні де, түні де ыстық» тәрізді мақал - мәтелдердің мағыналарын жете түсіндірген дұрыс. Әсерлілік үшін поэзияның атқарар рөлі ерекше, оны ретті пайдалану қажет.
«Отан – от басынан басталады» дейіді халық даналығы. Демек, бала тәрбиесі – отан мен ел мүддесі. Әрбір бала – бір ғана отбасының ғана емес, күллі қоғамның келешегі. Бір сәт «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық сөздің мәніне үңілсек, бала тәрбиесіне балалық шағынан ақ көңіл болу міндеті тұрғанын аңғару қиын емес. «Дала Демосфендері» деп аталған Қаздауысты Қазыбек бидің «Біз қазақ...» және Ж. Молдағалиевтің «Мен қазақпын» атты жырлары арқылы күрмеуі көп, қиын заманда ел тағдырын жырлап өткен қос тұлғаның жыр шумақтары бүгінгі ұрпақты өз жерін, елін сүюге баулиды.

Алғаш балабақша есігін ашқан бүлдіршіннің бойында патриоттық сезімді оятатын да – тәрбиеші. Жаңа өмірге жетелеп, әр баланы «Мен Қазақстанның азаматымын» деген үлкен жауапкершілікке баулитын ел рәміздерін мақтан тұтуға тәрбиелеудегі тәрбиешілердің еңбегін бағаламасқа болмайды. «Менің Отаным - Қазақстан», «Ата Заңым - айбыным», «Егеменді елімнің ертеңімін», «Ерлігі еленген мұра, ұрпаққа ұран», «Батыр ата – Бауыржан», «Шығыстың қос жұлдызы», т. с. с. тақырыптарда өткізілетін ертеңгіліктер, Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен, еңбек ардагерлерімен кездесулер ұйымдастырылудың, түрлі мұражайларға барудың маңызы өте зор.
Жас бала үшін Отан оның туып өскен жерінен - өзі тұратын балалар бақшасы орналасқан көшеден басталады. Балалар біртіндеп туған қаласы, селосы, жекелеген одақтас республикалар және біздің көп ұлтты Отанымыз туралы түсінік алады. Тәрбиешінің басшылығымен балалар өздері тұрған көшесінің тамаша жерлерімен танысады, өз қаласының, ауылының немен даңқы шыққанын біліп, мұны енді мақтаныш көре бастайды.

Тәрбиеші күнделікті бала бойында патриоттық сезімді дамытудың көзге көрінбейтін құпия жолын таба білу керек. Құрғақ сөзбен «сенің патриот болуың керек» дегенімізден түк те шықпайды. Осы жерде мектепке дейінгі мекеменің тәрбиешісінің өзі нағыз патриот болуы керек деп есептеймін.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Назарбаев Н. Ә. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». – Астана, 17 қаңтар 2014.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандарты. – Астана, 2010
3. Ахметова Г. К, Таубаева Ш. Т. Педагогика. – Алматы. Қазақ университеті, 2006.

Қостанай облысы, Арқалық қаласы
"Ақбота" балабақшасы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
Мырзакеримова Акгулим Нуритдиновна

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама