- 01 сәу. 2023 00:00
- 178
Махмұд Ғазнауи және Аяз
Сұлтан Махмұд Ғазнауи заманында ауылдан шыққан Аяз есімді жас жігіт зеректігі, еңбекқорлығы және адалдығының арқасында бас уәзірлік дәрежесіне дейін көтеріледі. Аяздың даңқының артуы, оған патша тарапынан беріліп жатқан сый-сыйапаттардың, ихсандардың артуы, яғни табысының жоғары болуы оны күндеп жүрген біршама бектердің мазасын қашырған болатын. Осындай мәндегі сөздер сұлтанның құлағына да жетіп, кейде өздері де сұлтанға мұны меңзеп мұң шағатын. Патшаның мемлекет ақшаларын мұндай қадірсіз, ауылдық, көшпенді шаруаның баласына төлеуінің алдын алмақ болады.
Сұлтан бір күні 30 шақты бектерімен аңға шығады. Жолда ұзақта кетіп бара жатқан керуен көрінеді. Бектердің біріне «Мына керуенге барып сұрашы, қайдан келе жатыр екен?» дейді. Бек дереу барып, сұрап қайтып келеді. «Рей қаласынан келе жатыр екен, патшам!» дейді. Патша «Қайда бара жатыр екен?» деп сұрайды. Бек мұны сұрамағанын айтқанында, патша басқа бір бекті жібереді. Ол да барып келіп «Йеменге бара жатыр екен» дейді. Бұл жолы патша жүктері неден тұратынын, яғни ол жаққа не алып бара жатқандарын сұрайды. Ол да мұны сұрамағандықтан білмейтіндігін айтты. Басқа бір бекті тағы жібереді. Ол да қысқа уақытта ат шаптырып қайтып келеді. «Әр түрлі бұйымдар бар. Бірақ ең көбі Рей қаласында жасалған ыдыс-табақтар екен» дейді. «Рей қаласынан жолға қашан шыққан екен?» дейді патша. Бұл үшінші бек те жауапсыз қалады. Осылай кезегімен бектердің отызы да барып келіп, екінші сұрақтан сүрініп отырды. Кейін сұлтан бектеріне қарап, «Сендер менің Аязды неге мұншалықты қадір тұтатынымды түсінбеуші едіңдер. Бір ретінде мен дәл осындай бір керуенге Аязды жіберген едім. Менен ешқандай қосымша әмір алмаса да, керуеннің бүкіл ахуалын, қайдан келіп, қайда бара жатқандығын, жүктері қанша екенін, жолда қанша жүргенін, қанша түйеден, қанша адамнан құралғанын, барлығын біліп, айтып берді. Сендердің отыз рет барып білгендеріңді ол бір ретте біліп келді. Міне оның менің құзырымдағы қадірінің себебі осы» деген екен.