- 17 мам. 2018 00:00
- 253
Мəдениетке баса мəн берілді
Бүгін Алматыда С.А.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтының (БМКИ) 100 жылдық мерейтойына орай баспасөз отырысы өтті. Жиынға аталған институттың әр жылдардағы түлектері мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының шығармашылық ұжымы қатысты.
Баспасөз отырысында алдағы уақытта талантты режиссерлер мен актерлердің ізін жалғайтын жастарды тəрбиелеу мен екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты арттырудың маңызы талқыланды. «Институт басқа шет елдерге қарағанда Қазақстанмен өте тығыз қарым-қатынаста. Біздің ұжым Қазақстанға бірінші рет келіп отырған жоқ. Соғыс жылдары қазақ жерінде екі жыл текке қоныстанбады, бірігіп өнімді еңбек етті. Біздің ардагер-ұстаздарымыздың айтуынша, қазақстандықтар сол бір қиын заманда нандарымен бөлісіп, қолдарынан келген көмектерін аямаған», – деді БМКИ ректоры Владимир Малышев. Сонымен қатар, инситут ректоры алдағы 2019 жылы Мәскеуде өтетін мерейтойға Қазақстандағы институт түлектерін шақырды.
Кеңестер одағы заманынан бері актерлік өнердің бастау бұлағы болған оқу орнында қазақ кино өнері мен мәдениетіне қомақты үлес қосқан Сатыбалды Нарымбетов, Сергей Азимов, Лаврентий Сон сынды белгілі тұлғалар бар.
Мерейтой аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақстандағы БМКИ күндері» аталып өтіп, ұстаздар актерлік курстар бойынша шеберлік сыныптарын өткізді.
Сондай-ақ, сапар барысында институттың дарынды студенттері «Евгений Онегин», «Говорящий немой» атты екі спектакль мен концерттік қойылымдарын алматылық көрермендердің назарына ұсынды.
Арай ЖҰМАТАЙ