- 13 қыр. 2017 00:00
- 244
Мектеп оқушыларының арасында семіздік 15 пайызға жетіп қалды
Дәрігерлер оқушылар арасында семіздік дертінің жайылып бара жатқанына алаңдаулы. Бұл көрсеткіш қазір 15 пайызға жетіп қалған.
Мұндай деректі С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ амбулаториялық-поликлиникалық кафедрасының ассистенті Виктор Шин келтірді.
Маман бүгін №11 емхана ұйымдастырған денсаулық сабағы барысында оқушыларға көрнекі құрал мен қай сусын зиянды екендігін, қайсысында қант көп екендігін көрсетті.
«Дұрыс тамақтанбаудың салдарынан оқушылардың арасында түрлі аурулар белең алып барады. Атап айтқанда, холецистит, панкреатит, гастрит, асқазан жарасы ауруы ересек оқушыларды айтпағанда, бастауыш сынып оқушылары арасында да кездеседі. Балалардың ағзасында дұрыс тамақтанбаудан зат алмасу процесі бұзылған. Сондықтан, семіздік 1990 жылдары 5 пайыз болса, қазір 15 пайызға артты», - деді Виктор Шин.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мектептердегі тамақтану рационында регламент жоқ. Мектеп буфеттерінде түрлі консервантты сусындар, түрлі шоколадтар мен қуырылған бәліштер, чипсы, кириешки сияқты пайдасы аз тағамдар кедергісіз сатылады.
Дәрігер оқушының рационы қандай болу керектігін айтты.
«Таңғы асқа бала жеңіл әрі сіңімді тамақ, ботқа, сүт ішуі тиіс. Түскі асқа жеңіл қорытылатын котлет, асылған ет, тефтель, піскен жұмыртқа, қанты аз нан жеуі тиіс. Тағамды шаймен ішпеген жөн. Шай тамақтың пайдасын жояды. Түсте жеміс-жидек, сүт өнімдерін ішуі тиіс. Таңғы асқа күндік рационның 35 пайызы, түскі асқа 40 пайызы, түсте 10 пайызы, кешкі асқа 15 пайызы ішілуі тиіс», - деді маман.
Айта кету керек, бүгін №11 емхана ұжымы № 87 мектепте «Денсаулық сабағын» өткізді.
1-сынып оқушылары мектеп алдында жол ережелерімен танысса, жоғарғы сыныптар дұрыс тамақтану жолымен танысты.