Мемлекеттік тілдің жағдайы
Орындаған: Иванов Радион
Қарағанды облысы Қарағанды қаласы
«№40 негізгі орта мектебі» КММ
5 «А» сынып оқушысы
Ғылыми жетекшісі: Ташпулатова Ақмарал Унарбаевна
Қарағанды облысы Қарағанды қаласы
№ 40 негізгі орта мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жұмысты өткізу мерзімі: 2018 ж.
Мазмұны
5 сынып оқушысының жобасы
Мазмұны
1. Түпкі түйін
2. Кіріспе
3. Негізгі бөлім
4. 4.1.Іздену тәжірибесі
5. 4.2.Жұмыстың нәтижесі мен оны талдау
6. 4.3. Зерттелген мәселе бойынша әдебиеттерге шолу жасау
7. Қорытынды
8. Пайдаланған әдебиеттер тізімі
Түпкі түйін
«Мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайы» атты шығармашылық жоба жалпы білім беретін орта мектеп, гимназия мен лицейлерге арнап жасалған, және де аталған білім ордаларында, әсіресе өз мектебіміздің оқушыларына арналған. Жобаны бекітерде тіл туралы барлық материалдар түгел қамтылды. Теориялық тұстарымен қатар, тәжірибелік жағына да көп мән берілді, яғни аталған жоба мектепішілік сыныптан тыс іс-шараларда қорғалды, жан-жақты іздену жұмыстары жүргізілді.
Аталған жоба мағынасы мен мазмұны жағынан тарих пәнімен және заң саласымен тығыз байланысып, ұштасып жатыр. Жас бүлдіршіндерді өз елінің тілін сүюге, қастерлеуге үндейді. Жобаға 5-6 сынып оқушылары қатысты. Оқушылар мемлекеттік тіл туралы заңды меңгерді, көшелердегі қазақша жарнамаларды қарап, зерттеді.
Негізгі мәселе: 5 сынып оқушыларын ізденушілікке, шығармашылыққа, белімділікке еліктете отырып, болашақта елін, жерін қорғауға, тілін құрметтеуге шақыру.
Сапа: Жобаның сапасы талапқа сай жасалып, жас ерекшелігі ескерілген.
Кіріспе
Бұл жоба тақырыпқа сай жасалды. Әр бөлім бойынша тақырыптарға бейімдеп, жоспар бойынша жазылды. Ондағы мақсат, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, аудармалардағы кемшіліктерді түзетуге көмектесу.
№40 негізгі орта мектебінде оқитын болғандықтан, өзіміз отыратын автобустар мен жүретін көшемдегі жарнамалар алынды. Жобадағы мысалдар жас ерекшелігін ескере отырып түзілді.
Аталған жоба шығармашылық жобаға жатады, өйткені онда өздігінен ізденіп, көп мәселе бойынша ойдан пікір шығарылды.
Жобаның жазылуы жағынан да, мақсаты жағынан да ерекшелігі бар.
Белсенділігі: Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге үлес қосу, аударма жасаудың тиімді жолдарын қарастыру.
Мақсаты: Қазақ тілінің кең ауқымды қолданысқа ие болуына үлес қосу, грамматикасының сырын аша отырып, оны жан-жақты талдап, тани білу. Мемлекеттік тілді жақсы меңгеру – өз болашағына тікелей байланысты екенін оқушылардың санасына ұялату.
Міндеттері:
Қазақ тілі түсіндірмелі сөздігімен танысып, оның терең мағыналылығын, белгілі мақсатпен қойылатындығын дәлелдеу.
Тақырыппен жұмыс істей отырып, сөздерді дұрыс аударуға баулу.
Оқушылардың бойына ізденімпаздық, шығармашылық, білімділік сезімдерін қалыптастыруға ықпал ету.
Күтілетін нәтиже
Қазақ тілінің грамматикасымен, сөйлемдегі сөздердің байланысу тәсілдерімен, сөздердің мағыналарымен таныстырылды. Орыс тіліндегі мәтіндерді қазақ тіліне аударғанда, белгілі бір ережеге сүйене отырып, сөйлемнің мағынасын сақтау керектігі талқыланды. Қате жасалған жұмыс болашаққа жасалған опасыздық екендігі дәлелденді.
Тақырыппен жұмыс жасалды, Қарағанды қаласындағы жарнамалар, ғаламтордағы жарнамалар, автобустағы таблолар қаралып, салыстырылды, оқушыларды сөздің мағынасын жан-жақты білуге, болашақта дұрыс аударма жасауға, мемлекеттік тілді қадірлеуге шақырылды.
Оқушы бойындағы ізденімпаздық, шығармашылық, білімділік сезімдері қалыптастырылды.
Ұстанымым: «Ғылым таппай мақтанба, құмарланып шаттанба»
Эпиграфым: «Адамның ең ұлы қасиеті - бақытты болуға талпынуы»
Сұлтанмахмұт Торайғыров
Жоба қорғалған орын: №40 негізгі орта мектебі
Міне, осындай талаптарды ескере отырып, төмендегідей жоба жазылды.
Негізгі бөлім
«Ана тіл – бәріміздің анамыз,
өйткені ол – ұлтымыздың анасы».
Н.Ә.Назарбаев
Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халық та жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дәлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мәңгүрттіктің басы да өз тілін тәрк етуден туды. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тәуелсіздігін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы.
Қазақстан – егеменді, тәуелсіз ел. Қазақстанды дамыған өркениетті елу елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз – бүгінгі жастар. Олардың міндеті – елінің намысын қорғап, оны әлемге таныта білу. Әлемге таныту үшін әр жас өз елінің тарихын, тілін жетік білуі керек.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының тұрғылықты халқы қазақ халқының және оның шекарасынан тыс өмір сүріп жатқан қазақтардың ұлттық тілі.
Елбасымыз: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» - деп атап көрсеткен.
Бағдарламаны іске асырудың он жылдық кезеңі алдымызға жаңа міндеттер жүктейді. Олардың бәрін рет-ретімен жүзеге асыруға қазіргі кезеңде толық мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді дамыту бойынша біршама жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр.
Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшіріле бастады. Қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдардың саны арта түсті.
Мемлекеттік тілге деген талап күшейтілді.
Кез келген тілдің болашағы - балалардың, жастардың қолында екені рас. Балалардың тілді білмеуі, ұмытуы - ұлтқа төнген қауіп. Сондықтан ең әуелі әрбір отбасы өз шаңырағындағы тіл саясатын түзеуі шарт. Әр отбасында отбасылық тілді дамыту бағдарламасы жасалмаса, мемлекет тарапынан жасалатын барлық іс-шара өзін-өзі ақтамайды. Сондықтан, мен қазақ тілінің тағдырына өз үлесімді осындай жолмен қосқым келді.
Іздену тәжірибесі
1) Бұл №100 автобуста жазылған қателік. Онда 1 беттің өзінде 2 қате бар.
- «Маршрут 100» дегенді «100-бағыты» деп аударған. Сөздердің байланысу тәсіліне сүйенетін болсақ, 100-бағыт деп жазып, «ы» жалғауын алып тастау керек. Қазіргі кезде көптеген жерлерде тәуелдік жалғауының ІІІ жақтағы жалғауын орынсыз қолданатын жағдай көбейіп кетті. Осының алдын дер кезінде алмаса, болашақта отандастарымыз қазақ тілінде қате сөйлейтін болады.
- «Бағыт ұзақтыға» деген сөз тіркесін «Бағыт ұзақтығы» десек, дұрыс болатын еді. Әрине, мүмкін, бұл баспадан кеткен қателік болар, дегенмен, осындай ұсақ-түйектің өзі үлкен қателікке әкеп соқтырады.
2) Ғаламтордағы кездестірген қателер. Ол - қазақша мақал-мәтел сайтында. Бұл сайтқа күнде қаншама оқырман кіреді. Мұндай олқылықты көрген жас оқушылар осы дұрыс екен деп ойлап, санасына сіңіп кетпесіне кім кепіл?!
1. «Қазақша Мақал – Мәтел», «Табиғат құбылыстары мен Жыл мезгілдері» сөз ортасында кездескен мақал-мәтел, жыл сөздері бас әріппен жазылған. Осы сияқты қателер толып жатыр.
2. «Жауынмен жер көгереді, батамен ел көгереді»деген мақал «Жауынмен жер когереді, батамен ел когереді» деп жазылған. Өзі ақсап келе жатқан тілімізді көпшілік қауым кіретін сайтта бадырайған қателерімен көру жаныңа батады. «о» мен «ө» «әрпін әрең айырып жүрген кейбір азаматтар мұны дұрыс екен деп ойламай ма?!
3. «Қарағанды облысының электрондық қызмет көрсетулер порталы» емес «Қарағанды облысының электрондық қызмет көрсету порталы» деген дұрыс болады.
4. Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы сайтында «Атақты жаңалықтар» деген сөзді кездестірдік, бұл өте дөрекі қателік. Оны «басты жаңалықтар» немесе «негізгі жаңалықтар» деп айтуға болады. Ал атақты сөзін мағынасы жағынан кез келген сөзбен тіркестіре беруге келмейді.
3) Қазақтелекомда кездестірген қателік. Онда әрбір қызметкердің алдында электронды бағалау экранында «тиісті түймені басыңыз бағалаңыз» деген жазу бар. Бұл жерде тыныс белгісі қойылмаған. Ол меніңше «тиісті түймені басыңыз, бағалаңыз» болуы керек еді.
4) Қаламыздың Магнитогорск көшесінің ең көрнекті жерінде балаларды дамыту орталығының екі тілде жазылған жарнамасы ілулі тұр. Оның орыс тіліндегісі сауатты, ал қазақ тіліндегісі бірнеше қателермен жазылған.
«Балаларды дамыту орталығы» дегенді «орталық үшін дамыту баланың» деп аударылған
Жұмыстың нәтижесі мен оны талдау
Зерттеу барысында мектеп оқушылары арасында сұрақ-жауап жүргіздік. Оған 5-6 сынып оқушылары қатысты. Барлық қатысқан оқушылар саны – 34. 4 сұрақ қойылып, төмендегідей көрсеткішке жеттік.
1-сұрақ. Қазақ тілінде сөйлегің келе ме?
Ия – 32
Жоқ – 2
2-сұрақ. Қазақ тілін білу міндетті деп санайсың ба?
Ия – 33
Жоқ – 1
3-сұрақ. Өз мектебіңде қазақ тілін қалай үйретеді?
Жақсы – 33
Онша емес – 1
4-сұрақ. Мемлекеттік тілді құрматтейсің бе?
Әрине – 33
Білмеймін – 1
Зерттелген мәселе бойынша әдебиеттерге шолу жасау
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар.
Әуезов М ; «Тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше болмақ: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасап келе жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық».
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп атап көрсеткен болатын.Тіл тағдырын толғану - әрбір қазақстандықтың абыройлы борышы.
Қорытынды
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, қазақтың әрбір сөзінің бірнеше мағынасы мен мазмұны бар. Қазіргі таңда еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі болып бекітілді. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» күшіне енді. Болашағымызды баянды етер басты қаруымыз – тіліміз.«Адамға екі нәрсе тірек тегі,Бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі», – деп Жүсіп Баласағұн бабамыз айтқандай кез-келген мемлекеттің, елдің ең негізгі рәмізі де, ұраны да, тірегі де сол елдің ана тілі болмақ. Биыл тіліміздің мемлекеттік мәртебе алғанына 23 жыл уақыт болды. Осындай атаулы күнде бәріміздің де мерейіміз өсіп, қойнымыз қуанышқа толып отырғаны сөзсіз.
Қуан далам, қуанатын күн бүгін,
Серпіп таста мұңды көңіл түндігін.
Тіл туралы заңым енді күшіне,
Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.
Тілді үйренуге ең басты қажет дүние – тілдік орта. Ал, тілдік ортаны алдымен балабақша мен мектепте жасау керек. Мектепте де, балабақшада да, мемлекеттік жүйеде оқытып-үйреткен тілдік қор, әрі қарай қолданыста болмаса, ол құриды, жойылады. Алған тілдік білім әрі қарай даму үшін ол тілде сөйлеу керек. Сондықтан тілге қатысты атқарылар шаруа, бітірер іс ешқашан тәмәмдалмайды деп білеміз. Бүгінгі Қазақстан жастары осы сенімді ақтауға лайықты болуға тиісті.
Егер жас қауым бір тілде сөйлеп, бір мақсатқа жұмылатын болса, біздің күшіміз бен қуатымыз да арта түседі. Біздің барлығымызды баурайтын «Біз - тілегі мен тілі бір Қазақстандықпыз» деген идея болуға тиіс. Қазақ тілі біздің тәуелсіз мемлекетіміздің тілі болғандықтан, біз оны міндетті түрде білуге тиіспіз. Мәдениеті мен рухы жоғары, өркениеті дамыған ел боламын десек, осы іске жастар белсенділік танытып бастамшы болуға тиіс деп ойлаймын.
Біз жас бүлдіршіндер кешегі өткен Жанұзақов атамыздай білімді, ізденімпаз, отаны үшін аянбай қызмет ететін азаматтар болуға талпынып , еліктеп келеміз. Бұл сөзімді мұғалімдердің жетекшілігімен дайындаған шығармашылық жұмыстарымызбен, қалалық, облыстық деңгейде өтетін әр түрлі байқауларға қатысуларымызбен дәлелдей аламын. Қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз айтқандай, «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» ,- демекші, біз №40 негізгі орта мектебінің жастары ғалым болмасақ та, аздап болса да ұқсағымыз келеді. Сол үшін жан – жақты ізденіп, ойшыл ғалымның еңбектерін оқып отырамыз дей келе, сөзімнің соңын ұлы ақын атамыз Абайдың
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге...
Деген өлең жолдарымен қорытқым келді.
Шешім: Жұмыс өз деңгейінде орындалды. Жарнамалардағы қателіктерді талдау кездері жақсы айтылған. Дегенмен, басқа тұстарын тереңірек зерттеп, қосымша материалдар енгізіп отыру керек. Сонымен қатар мектептегі жасалып жатқан ісшараларды, оқушылардың тілді үйренуге қызығушылықтарын арттыру үшін үстеме пікірлер қарастырған жөн.
Ұсыныс: Қазақ тілін тек теория түрінде оқып қана қоймай, күнделікті сөйлесіп отыру керек. Мектебімізде бір күнді «Мемлекеттік тілім» күні атап, сол күні барлығымыз қазақша сөйлесіп, қазақ тілінде кітап, журналдар оқуымыз керек деген ұсыныс тастаймын.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
- Мемлекеттік Тіл – рухани байлық. мақала
- Мемлекеттік тіл – ұлт мәртебесі. мақала
- © www.ZHARAR.com
- Көшелердегі жарнамалар