Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 25 минут бұрын)
Астанада 600 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған мектеп директоры мен бухгалтері сотталды

Астанадағы №81 мектептің бұрынғы директоры Гүлнар Садықова мен бас бухгалтері Айжан Атжанова 600 миллион теңгеге жуық мемлекет қаржысын жымқырды деген айыппен сотталды. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астананың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында шығарылған үкім бойынша, 10 жылдан астам уақыт мектепті басқарған 65 жастағы Садықова 8 жылға, ал 41 жастағы Атжанова 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мектепті жеке бизнеске айналдырған

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, аталған тұлғалар бірнеше жыл бойы мектепті жеке бизнесіне айналдырып, мемлекетке орасан зор залал келтірген. Олар жоқ қызметкерлерге жалақы төлеу, рұқсатсыз даярлық сыныптарын ашу және жазғы лагерьлерді заңсыз жүргізу арқылы ақша жымқырған.

Мәселен, ресми түрде тіркелген алты қызметкерге жалақы төленгенімен, олар іс жүзінде жұмыс істемеген. Бұл ақшаның бір бөлігін директор өз қалтасына басқан. Бұл сома 28 миллион теңгеден асқан.

Заңсыз ашылған сыныптар мен лагерьлер

Мектептің мектепке дейінгі білім беруге рұқсаты болмаса да, даярлық сыныптары ашылып, балалар оқытылған. Ата-аналардан тек қолма-қол ақша алған. Бұл әрекеттен келген шығын 300 миллион теңгеден асты. Жазғы лагерьлер де осылайша құжатсыз жұмыс істеп, қолма-қол ақшамен жүргізілген. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұл арқылы 24 миллион теңгеге жуық табыс тапқан.

Шетелдік мұғалімдер мен ақшаны заңдастыру

Директор шетелдік мұғалімдерді жоғары жалақымен жұмысқа тартқанымен, бөлінген қаржының бір бөлігін өзі иемденген. Бұл сома шамамен 70-75 миллион теңге болды. Ал бас бухгалтер Атжанованың шоттары арқылы 175 миллион теңгеге жуық ақша өткені анықталды.

Сотта екі айыпталушы да кінәсін ішінара мойындап, даярлық сыныптар мен лагерьлерден түскен қаражат мектептің қажетіне, соның ішінде ғимараттың жөндеуіне жұмсалғанын айтты. Алайда, судья Әсел Мұқашева оларды бюджет қаражатын жымқыру, қызмет өкілеттігін асыра пайдалану және ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды.

Гүлнар Садықованың зәулім үйі, 10 қымбат сөмкесі және зергерлік бұйымдары тәркіленді. Айжан Атжанованың автокөлігі мен коммерциялық нысаны алынды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Жаңалықтар

Жарнама