Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 4 күн бұрын)
Мен атаммен мақтанамын
Мен атаммен мақтанамын
Мен атам жайлы айтқым келіп отыр. Оның аты - жөні – Айтлеуов Әбсадық Айтлеуұлы. Ол 1927 жылы 5 қазанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Ақүйік деген жерде дүниеге келген. Атамның 7 жылдық білімі болған. Атам Ұлы Отан соғысының тыл ардагері. Соғыс талай адамның балалық шағын ұрлағаны белгілі. Атам 1942 жылы «Бірлік» жеті жылдық мектебін бітіреді. Соғыс кезі болғандықтан түске дейін мектепте оқыса, түстен кейін саппен барып колхоз жұмысын істеген. Атам өз естелігінде былай дейді: «Колхозда жұмыс істейтіндер қарттар, әйелдер, балғын балалар еді. Тауқымет бізді тез есейтті. Барлық қиындықтарды мойындадық. Сол замандағы ауыл шаруашылығы жұмыстарының қандай ауыр болғанын еске алғанда өзім де таң қаламын»

1941 жылы соғыс басталғанда атам небары 14 жастағы бала болған. Соғыс кезінде тылда жұмыс істеп қой, жылқы баққан. Қақаған қыста талай жолдан адасып, қалып қойған. Жұмыстан бір күнде қалуға болмайтынын және оған небір аязды, боранды күндер себеп - сылтау бола алмайтынын өз естелігінде айтып өткен. Соғыстан кейінгі бейбіт өмір заманда атам білімін ары қарай жалғастырып, жоғарғы оқу орнын тамамдады. Еліне, халқына адал қызмет етті. Тарих пәні мұғалімі болғанымен Ауылсовет аппаратында қызмет етті. Сунақата, Құттықожа елді мекендерінде қызмет жасаған. Туған жеріне келіп ағарту саласында мектеп директоры болып қызмет атқарды. Еліне абыройлы қызмет жасады. Зейнетке шықты. Менің атам өте мейірімді жан болыпты. Мен атамды көрмесем де ата - анамның айтуы бойынша оның өте ақкөңіл, адал, мейірімді екенін білемін. Естеліктерін оқи отырып атамның қажырлы, қайсар, еңбекқор, адалдықты пір тұтқан жан екенін ұқтым. Суреттеріне қарасам атам мені еркелете күлімсірей қарап тұрғандай болады.

Атам 2003 жылы 15 желтоқсанда көз жұмды. Жыл сайын отбасында атама арнап құран бағышталып тұрады. Атамның ұрпақтары оның ерен еңбегін ешқашан ұмытпайды. Менде атама ұқсағым келеді. Атам сияқты адал, білімді болсам деймін.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама