- 03 мам. 2021 00:00
- 217
Мен батырдың ұрпағымын
Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады. Қазақ батырлары ел басына күн туғанда жанын шүберекке түйген нағыз жауынгер халық болған. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған бомба мен қарша бораған оқтың арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті. Толарсақтан саз кешіп, азықсыз күн, ұйқысыз түн жүріп, ел мен жерді, ар мен намысты қорғады, кеудесін оққа тосты. Қылышын сүйреткен қаҺарлы қыстың табанынан сызы, өн-бойын аязы шымшыласа да, жаздың қапырық ыстығы мен аңызақ желі де бұларға бөгет бола алмады. Өйткені қазақ халқы мойыны иіліп, белі бүгілетін халық емес. Бұл біздің қанымызға сіңген намысымыздың ең биік шоқтығы. Олардың көкірегінде тек «Отан» деген ұран тұрды.
Бұл соғыста Қазақстандық жауынгерлердің 500-ге жуығы «Халық қаһарманы» атағын алды. Өздерінің ерекше қайсарлығымен көзге түскен даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы, атақты партизан Қасым Қайсенов, рейхстаг маңдайына біріншу ту тіккен қаһарман Рахымжан Қошқарбаев аталарымыздың ерліктері айырықша. Майдан даласында болмысы әйел болғанымен, рухты ерлерше соғысқан қазақ қыздарын айтпасқа болмас. Батыстың үш қарлығаштары ұшқыш Хиуаз, мерген Әлия, пулеметші Мәншүк апаларымыздың ерліктерін қаруластары естелік қылып қалдырған. Онымен қоса 80 мыңдай әйелдер офицер қатарында болған. Мен осындай батырлардың ұрпағымын.
Осы қанқұйлы соғысқа менің аталарым Жүсіпов Аралбай мен Жүсіпов Иса, әкелері Темірбаев Жүсіппен бірге соғысқа аттанды.
Атам Жүсіпов Аралбай майданға шақырылғанда 18 жасқа да толмаған екен. Қолына қару алып, Курск доғасында, Старый Осколь маңында майданға түскен. Ұрыс кезінде жарылған бомба толқынынан контузия алады. Бірнеше ай госпитальда жатып, емделіп, елге қайтып оралды. Атам бірнеше медальдар мен орденнің иегері. Соғыстан оралғаннан кейін елде ауыл шаруашылығы саласында колхозда, кеңшарда еңбек етті.
Атам әңгімесінде «Айналайын, балаларым бүгінгі күнге тәубе етіңдер. Біз 30-шы жылдардағы нәуметті де, жан алысып, жан беріскен екінші дүние жүзілік соғысты да бастан кешірдік. «Елім, жерім» деп шайқастық. Ең бастысы намысты қолдан бермеу еді. Оңай болған жоқ. Адамзаттың, ұлттың ең басты құндылығы бас бостандығы мен тәуелсіз елінің болуы...» деп әңгімесін аяқтайтын
Атамыздың әңгімелерін естігеннен кейін тәуелсіздіктің біз үшін құнды екенін түсіндім. Мен осындай жүрек жұтқан, ел үшін құрбан болған батырлардың ұрпағы болғаныма мақтанамын.
Найзағайдай жарқылдаған отты ойы бар, қаһарлы сөйлесе де қайырымы мол, өз мүддесін гөрі, ұрпақ мүддесін ойлаған, қара қылды қақ жаратын әділдіктен жаралған ойы тұңғиық, қимылы қылыш батырлар есімі, ерлігі жадымызда мәңгі қалып, өнегесі болашаққа күш, қайрат, рух береді. "Ер есімі – ел есінде”,- демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған аталар, асыл аналардың ерлігі көңіл түкпірінен ұмытылмақ емес.