Менің арманым, менің үміттерім мен сенімдерім
Баярстанова Екатерина
Менің арманым, менің үміттерім мен сенімдерім
Білім алу – батылдылық , оны толықтыру – даналық , ал шебер қолдана білу - өнер!
«Бақыт» деген сөз айтуға оңай. Оған жету ше? «Арман» деген сөз де айтуға оңай. Алайда бұл сөздің мән – мағынасына кез келген адам сия ма?
«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» - дегендей, ұстаз болу менің мектеп қабырғасын алғаш аттағаннан бастап арманым болды. Қазақ тілі мен әдебиетке деген құштарлық жастайымнан байқалатын. Үйірмелерге қатысып жүріп көптеген заттарды үйреніп, ұстаздарыма қызыға қарайтынмын. Олардың жүріс-тұрысы, сөйлеу мәнері, өлең оқу шеберліктері мені бей- жәй қалдырмайтын.
Бірінші сыныптан санама сінген қоңырау үнінің сылдыры мен сыңғыры жарыса 45 минуттық білім сағатына шақырып тұрады. Қазір болса, сол өзім көріп жүрген ойлы да салиқалы ұстаздарымның кейіпін киюге асықпын. Бір аңдығаным – ұстаз болу асқан жауапкершілік пен орасан еңбекті қажет етер күрделі мамандық екені сөзсіз екен. Сондықтан да ұстаздық жол түсінген жанға ауыр, әрі жауапкершілікті көп қажет ететін жұмыс екені даусыз. Себебі бала көңілі кіршіксіз таза, жібектей нәзік. Байқамай жаралап алсаң, оны қалпына келтіру әлдеқайда қиын, әрі баланың тағдыры сенің қолыңда.Бұл жай ғана кездесе беретін қарапайым құбылыс емес, оның тасасында адам тағдыры жатқанын жан-тәніммен түсіну керексін..
Жастайымнан өлең оқуға әуес болып өсіп, осы ұнатқан мамандық бойынша білімімді тереңдетіп, армандаған арманыма қол жеткізу мен үшін үлкен мәртебе. Осылайша білім алып жүріп егеменді елімнің бір ұлағатты ұстазы болуға бел буып, қазіргі ұстаздарымнан тәлім-тәрбие алып, ата-анамды қуантуға асықпын.Сондықтан да әрбір санаулы уақытымды босқа өткізбей, үйірмеге келіп , шығармашылығымды шыңдауға тырысудамын.
«Нағыз мұғалім өмірдің ащы шындығын көрсетпейді, түсіндіріп жеткізеді» демекші менің ұстаздарымның ұстаздық еңбек жолында қаншама қиындыққа тап болып жатса да, осы мамандықтың берері көп екенін талмай түсіндіріп жеткізіп, күнделікті беріліп отырған тапсырманы жауапкершілікпен орындауға, ізденіске шақыратыны рас. Сондықтан да осы ұстаздарымның берген әрбір білім нәрін алдағы уақытта өз жетістігіммен көрсетіп, ұлағатты ұстаз деген атаққа ие болуды армандап, сенімдері мен үміттерін ақтағым келеді.
Өзімнің балалық кездерімді еске ала отырып, жіберген қателіктерімді сыныптастарыма айта жүріп, дұрыс жолға салып, бағыт -бағдар бере жүріп, аяулы ұстаздарымның жемісін үлкен арманыммен жүзеге асырмақпын.
Менің оқытушы ұстаздарым әр жағдайда өздерінен асып түсуді сұрайды.Себебі «Ұстазынан асып түсуге тырыспаған шәкірт бейшара»деді де бізді шабыттандырады, қанаттандырады.
Сол үлкен қанаттандыру мен шабыттандырудың арқасында менің арманымның орындалатыны сөзсіз. Ендігі арманымның жалғасын табуға шабыт берген ұстаздарымның арқасында үлкен беделді ақын-жазушы, танымал тілші, ұлағатты ұстаз болсам деген үмітім мен сенімдерім бар. Осы сенімділік мені үміттендіреді. Себебі мен әрдайым жетістікке жетіп отырсам, ұстаздарымның үміті ақталады деген сенімдемін.
«Жұмыс жасаған кезде шабыттанып жасау қажет, шабыт келуі үшін сен өз ісіңді сүйуің қажет» дейтін ұлағатты ұстаздарымыз. Ендеше кез келген адам баласы өмірге келгеннен бастап, жанына жақын істі таңдауы қажет. Мен өз таңдауымды жасадым. Ендігі үмітім ұлағатты ұстаздарымның сенімін ақтау!