Билер сөздері
Ру бастықтарының (үстем таптың) қол астында болып, сол таптың ықпалында ру-руға жіктеліп, кең өріске таласып, көршілес елдермен, көршілес рулармен жауласқан арғы шикі ескілерден, надан замандардан, өзгелерден тәжірибесі артық, өзгеліктегі әрі тілге ұстарған ру басылар, шешен атанып, биі атанып, жазу, оқу білмейтін елдің тіршілітің санасын да билейтін болған. Ондай адамдар, жазылған заңы жоқ, хат білмейтін елдің ру бастықтардың санасымен құрылған ауызша айтылатын заңы, ережелерін жинап сақтаушысы тәрізді болып, заңның төрелігін іздеп, заңға жүгінбек болған жұрт солардың алдына билікке келетін болған. Сөйтіп, ондай адамдар жұртқа билік айтатын болып, нағыз мықты ру басы болып, үстемдік жүргізетін болған. Бөтен рулармен жауласып, ру болып жауға аттанған заманда батырлар үстемдігі күшейсе, жайшылықта бөтен рулармен білек күшімен теңеспей, тіл күшімен теңескенде, әлгідей заң ережелерін жұртқа жүйелі қылып жақсылап айта білетін шешен билердің үстемдігі күшейетін болған.
Сонымен, әлгі, қара күш майданында, өзгелерден артық қайрат көрсетіп «жау мұқататын», батыр атанған адамдармен, басқа рулармен тіл күшімен теңескен тіл майданында тіл өнерін көрсеткен, шешен атанған, би атанған адамдардың, бүкіл ру ықпалында болған.
Руға бастық болып, би атанған адамдар, өздеріне бағынған елдің әлгі үстем тап — ру бастықтарының ықпалымен құрылған салт бастықтарының ықпалындағы ел тұрмысының әр түрлі сала, әр түрлі бөлшектеріне тұрмыс үстем тап ықпалымен құрылған тәжірибесінен екшеліп ереже, заң болып шыққан қорытындыларды билер айырым-айырым қылып, жинақты, Көркем сөзбен жадқа алуға жеңіл, айтуға оңай, ыңғайлы қылып ұйқастырып, үйлестіріп шығаратын болған. Мысалы: мақалдар, мәтелдер, билер сөздері, сол ру бастықтары ықпалындағы ескі тұрмыс тәжірибесінен екшеліп, қорытылып шыққан, көркем, жинақты сөзбен ұйқастырып түйілген, «заң», «аңыз» ереже сөздері болады.
Сөйтіп, ру бастықтарына бағынған көшпелі елдің тұрмысының әр түрлі саласының бәріне де керекті үлгіні, тәжірибелі, тілге ұстарған билер «жөндеп», пішіп беріп отырған. Және, кейінгі билер, бұрынғы пішілген үлгілерді «күзетіп», ру бастықтарына бағынған ескіліктен қалған салт-санаға, «үлгі-өнегелерге» қамқорлық қылып, қорғап, ол ескі «үлгіні» кезінде тұрмыс аңызына қарай, ру бастықтарының санасымен жаңғырылып та отырған.
Ру басы — би болған адамдар, жасынан, сол ескіліктен қалған екшенді, түйінді, қорытынды тәжірибе сөздерін зерттеп, «ескі сөз» білетін адамдардың сөздерін көп тыңдап, соларды жадына, есіне жинайтын. Сондай, ескі тұрмыстан қалған тіл, сөз, өнеге мұрасына ие болып, «үлгі» «өнеге», «нақыл», «заң», ереже сөздерін әдемілеп айтуға дағдыланып, ысыла беретін. Сонан соң, сол билер үстемдік қылған тұрмысқа пайдалы, үлгілі, заңды ереже боларлық сөздерді өздері де жанынан шығарып айтуға тырысатын. Топ ішінде сөйлеген болашақ — жас биге, сақа билер «сын» беріп, «баға» беретін тәрізді болған.
Мына бір жыр сондай, бір топ ішінде сөйлеген, болашақ биге, қарт бидің айтқан сөзі тәрізді:
«... Көп ішінде сөйлеген,
Жас жігіт, саған қарасам,
Қара Лашын — тұйғынсың.
Асылыңа қарасам,
Кұс апатын қырғисың.
Қызыл тілге келгенде,
Сар-садақтың оғындай,
Көлденеңдеп сырғисың.
Көрмегеннен сұраймын,
Руыңды білдірші,
Қай ұл едің жарқыным,
Сөзді жүктеп, түйдектеп,
Бәйге атындай шұлғисың?»
Барлық өнегелі, көркем, сырлы әдебиеті, заңды, ережелі түйінді сөздерді жұрттың жадыңда ғана, жұрттың аузында ғана болған, билер, батырлар, хандар, байлар табының үстемдігі жүрген елдің, ескі тұрмысының тәжірибе екшенді, қорытынды, түйінді сөздерін, заңдарын, ру шежіресін, салт-дәстүр ережелерін, сана тәрбие нақылдарын, үлгі-өнегелерін бәрін өзгелерден артық білген адам және өзі де өнегелі сөздерді жанынан айта білген адам, сол елге, айрықша «қадірлі» болған.
Хандар, батырлар, билер ықпал ыңдағы елдің, жаугершілік ретінде, жастарға «үлгі» қылатыны — ру болып басқа елмен жауласқанда, соғыс майданында «жауды мұқататын» батыр болса, жайшылықта, «үлгі» қылатыны — басқа румен тіл майданында, «дұшпанға» сөз жібермеген, шешен би болатын. Ондай билер, шешендер және тоғыта жыр жырлап, жұртты аузына қаратқан сыншы, болжаушы, шежіре жыраулар — үстем тап ықпалындағы руға қасиетті өнерлі саналатын.
«Өнер алды — қызыл» тіл... деген сөз заң болған.
Үстем тап ықпалындағы елдің санасын, тәжірибесін билеген, ескілік салт-санаға қамқор күзет болған, елдің заңының ережелерінің бұзылмауына күзет болған, елге «өнегелі», «үлгілі» сез айтқан билер, ислам дінінің дәуірлеп тұрған заманында мұсылман елінің тұрмысын, санасын, тәжі бәсін билеген, шариғат-пәтуа айтқан ғалымдар тәрізді болған. Не, қазіргі замандағы, өзіміздің заң үгіт-насихат, білім орындарымыз тәрізді болған... Тілге ұстарып алған шешен билердің жырмен, тақпақпен айтпайтын мәнді сөзі болмаған. Әр нәрсенің жайын тақпақтап, жырмен бата берген...
Ескіліктегі үстемдік қылған хандар, билер, батырлар, байлар табының салт-санасына билер күзет болған дедік.
Сол өздерінің үстем табының салт-санасына күзет, қамқор болған билер, салт заңын бұқара былай тұрсын, хандарға да, байларға да, батырларға да бұздырмауға тырысқан.
Сөйтіп, хандардың да, батырлардың да, байлардың да «қателерін» айтып, міндерін айтып, оз табының санасымен құрылған жолдан «тайыңқырағанын» «түзетіп», тура жолға салушы билер болған.
Мықты билер, тілін алмаған хандарды, бір кезде, тақтарынан қуыршақша алып тастап та отырған.
Тоқтамыс ханды ордадан қуалаған Едіге би, Шағатай ұлысындағы хандарды қуыршақша ұстаған. Ақсақ Темір би бұған мысал бола алады.
Едіге биден қашып, Тоқтамыс хан ордасын тастап, кетерде айтылған жыр деген мынандай сөз, бұл жәйтті суреттейді:
«... Ей, жігіттер, жоралар!
Ормамбет би өлгенде,
Он сан ноғай бөлгенде.
Сана зар батыр жауынан,
Жаралы болып келгенде,
«Алашта — алаш болғанда,
Алаша хан болғанда,
Аязды күнде аршылдап,
Арасан оты жанғанда,
Бура мұздан тайғанда,
Шықырлаған буыршын,
Бас көтеріп тұрғанда,
Ханнан қайрат кеткенде,
Биге медет жеткенде,
Хан қашып би қуғанда,
Хан Тоқтамыс қарланып, «
Байтағым!» деп, зарланып,
Айтып жылай жөнелді...»
Ал, өйтпеген күнде, хандар, көбінесе, билердің ақылымен хандық құрған.
Билер, өздерінің үстем табының салт-санасына қамқорлық қылып, салт заңынан, санасынан хандарды да аудармай ұстауға тырысқандығын, ескі ел әдебиетінде «Әмет» әңгімесіндегі мына бір сөз көрсететін сияқты:
«... Әз Жәнібек хан үш қайтара той қылыпты.
1) Астрахан қаласын салдырып, той қылыпты. 2) Даладағы көлге шекер төктіріп, аққуды мас қылып, кұладыңға ілдіріп, той қылыпты. 3) Қарындасы Қаныбет сұлуды Мығалы байдың ұлы Тәстемірге бермек болып, той қылыпты. Үш тойдың үшеуіне де шақырылған Асан Қайғы би келмепті. Әз Жәнібек Асан биге төртінші рет кісі жіберген соң, Асан би келіпті.
Жәнібек: «Е, Асан, үш қабат жұрт, той қылдым, тойыма сені шақырдым, келмегенің қалай?» — депті. Сонда, Асан би:
«... Алты атанға қос артып,
Алты жыл қоныс қарадым,
Қырында деп қызығы,
Жат-жұрт әкеп салдырдың,
Көңілімді жаман қалдырдың...
Көлге шекер төктірдік,
Аққу көлдің көркі еді,
Көлдегі сұлу ерке еді,
Құладын құстың қоры еді,
Аққу құс — ару, төре еді,
Құладынға қуды ілдірдің,
Суында деп барығы,
Бұл жерді өзім қаладым...
Астрахаңдай қаланы,
Ақ мамығын жұлдырдың,
Құладынға қуды жем қылдың,
Төрені күлмен тең қылдың.
Түбінде өз басыңа келер деп,
Құладындай бір жаманнан өлер деп,
Соған өкпелеп келмедім» —
депті.
Жәнібек хан: «Жә, ол олай екен. Мына, Қарындасым Қаныбетті Мығалы байдың ұлы Тәстемір мырзаға беруге той жасап, шақырдым, бұған неге келмедің?» — депті. Сонда, Асан би:
... «Ұсарма, билер, ұсарма?
Арғымақтың аяғын,
Алтынменен тағалап,
Күміспенен шегелеп,
Шәйі жібек тұрғанда,
Арқанменен тұсар ма?
Хан да өтірік айта ма?
Хан жарлығы қайтар ма?
Әз Жәнібек дейін хан ием,
Әуелгі сөзін ұмытып,
Айсылдың әрлі Әметі тұрғанда,
Мығалы байдың ұлына,
Бұқасын баққан қолына,
Тәстемірдей жаманға,
Қарындасын берерге ұсарма? —
депті.
Әз Жәнібек хан қарындасын бұрын Айсыл бидің баласы Әметке бермек болады екен. Әз Жәнібек, енді, бұрынғы сөзді бұзып, сол қарындасын Мығалы байдың баласына бермек болғанына Асан би бұл сөзді наразы болып, айтыпты. Сонсоң, қызды, бұрынғы уәде бойынша алмақ болған Әмет алады.
Сонымен, рудың тұрмыс тұтқасының жуан ортасы билердің қолында болған...
Ал, би мен батыр таразының екі жақ басына түскенде, биді дәріптейтін болған:
«Батыр — деген — барақ ит,
Екінің бірі табады.
Би деген ақ шариғат:
Ілуде біреу шығады...»
деген мәтел мен «... Елге бай құт емес — би құт» ... деген мәтел елге жайылған...
Бұл, билер сөздерінің негізгі мәні, ішкі дәні, сол билер, хандар батырлар байлар үстемдігі жүрген ескіліктегі ру-руға жіктеліп, жерге сыймай жауласқан заманының қалпын, қаймағын бұздыртпау болады. Және шын билер, өздерінше, «әділдік» күзетшісі болып та саналған. Мысалы: Азға көпшілік қылып, билер табы билеген сол заман заңнан тысқары істеген зорлықтарына өздерінше тию салуға да іс қылып үгіт жүргізген.
Арғын Байдалы би айтты деген сөзде:
«... Алтыншы тілеу тілеңіз,
Ақымақ тілін алмасқа.
Жетінші тілеу тілеңіз,
Атадан алтау тудым — деп,
Жалғызға жапа салмасқа...»
дегені, осындай үгіт... Онан соң, момынның малын билер табы билеген заманның «заңынан» тысқары түрде жеген жебірлерге де өздерінше қарсы сөз жүргізген. Әрине, мұның бәрі де, тек, сол билер, байлар, хандар, батырлар үстемдік қылған рушыл тұрмыстың қаймағын бұзбасын деген шектің ішінен шықпайтын істер болған.
Және, билер, шешендер, сол өздері билеген рудың бірлігінің қаймағы, шырышы бұзылмау қамын ойлап, үгіт жүргізген де... Онан соң, тұрмыстың, заманның ақырындап болса да, аздап өзгеpiп баратынын көріп, сол билер билеген тұрмыстың күші әлсіреп бара жатқанын көріп, уайым қылып, бұрынғы тұрмысты көксеп, мұң сөздер, уайымды сөздер айтқан. Және онымен қатар, өмірдің өтіп, бұрынғының тозып бара жатқанына мұңайып, уайым сөздер айтқан.
Мысалы: мынау тәрізді жырлар айтқан:
«... Арғымақ жабы көрінер,
Аса шауып буланса.
Жойқын көл батпақ көрінер,
Айдыны құрып су алса.
Бәйтерек сабау көрінер,
Жапырағы түсіп қуарса.
Біраз ғана сөйлейін.
Әлеумет сізге ұнаса...
Ағайын, туған не керек,
Аңдысып күні еткен соң?
Қызыл тілім сөйлеп қал,
Қызғынды жер көрер,
Ажал қуып жеткен соң!
Айт! дейтін жұрт қайда?
Айтатын оны біз қайда,
Бір төбенің басына,
Арғымақ жайлап не керек,
Артынан жабы жеткен соң,?
Тыға салып кеткен соң?...»
Қазақ атанған елдің ескіліктен келген ауыз әдебиетінің, Көркем сөз, тіл мұрасының бәрі-ақ, сол ескіліктегі байлар, хандар, билер, батырлар билеген рушылдық замандардың санасымен айтылған сөздер екені — өзінен-өзі айқын көрінеді. Мұны билер сөздері тым айқын көрсетеді...
Билер сөздерінің ескілерінің бәрі-ақ ұмытылып қалған. Біздің заманға жетіп отырған билер сөздерінің көбі-ақ, соңырақ заман билерінікі. Онда да тек, әрбір бидің түгел сөзі емес, тозып келген, үзік-үзік жұрнақтары.
Сонан соң, «пәлен бидің сөзі екен» деген сөздің көбі сол бидің өз жанынан шығарған сөзі екенін бекіте айту қиын. Өйткені, бір бидің сөзін екінші би жатқа алып, өзінікі қылып айта берген. Осы күні, бір рудан «пәлен би айтқан екен» деген сөздерді тексеріп келсең, ол биден талай жыл бұрын басқа бір би айтқан сөз болып шығады.
Мысалы: Осы бөлімде келтірген ысты «Бөлтірік би адамы өлген, бір ру бастығына айтқан екен» — деген сөзді алып тексеріп қарасақ, бұрынғы замандағы билердің айтқан сөзі болып шығады:
«... Бекем бу, батыр, беліңді,
Мұңайтпа мына еліңді!
Жүйрік мін де, сұлу құш,
Алсаң осы тілімді!...»
деген сөзі, Арғын, Сүйіндік Едіге бидің Жәңгір ханға айтты деген сөзінен алғаны көрініп тұр...
Едіге бидің Жәңгір ханға айтқан сөзі мынау:
«... Ақ сұңқар ұшты ұядан,
Қол жетпейтін қиядан.
Қанаты бүгін сұңқар жоқ,
Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, _
Көтер, хан, басынды!
Іш мына асынды!
Босатпа беліңді!
Мұңайтпа еліңді!
Тозбасты ұста соқпайды!
Өлместі құдай жаратпайды...
Қайғың, жиылған жұрттың тобында қалады,
Атылған мылтықтың оғында қалады.
Жүйрік аттың жалында қалады.
Биік таудың талында қалады.
Акқан судың бойында қалады,
Сұлу қатынның қойнында қалады,
Қызық мереке ойында қалады,
Істемесең, мойнында қалады»...
Енді билерден сөз келтірейік:
Арғын руынан, Қуандық-Алтай, Байдалы би айтқа деген сөздер:
Биік тауға жарасқан,
Басындағы обасы,
Өзен суға жарасқан,
Жағалай біткен қоғасы.
Рулы елге жарасқан,
Үлгі айтатын ағасы.
Бәйбішеге жарасқан,
Орындықты сабасы.
Келіншекке жарасқан,
Емізген ұл баласы.
Балалыққа жарасқан,
Өнегелі анасы.
Ер жігітке жарасқан,
Қолындағы найзасы.
Жақсы болса азамат,
Еліне тиер пайдасы.
Ердің «білдім» дегені,
Басына салған ойраны.
Көпке сөзін бергені,
Атадан алтау тудым деп,
Жалғызға жапа салмасқа.
* * * *
Бұлбұлдан шешен бір кұс жоқ,
Бармақтай-ақ қарасы.
Оқтан жылдам ажал жоқ,
Тырнақтай-ақ жарасы.
Көңілің қалса жақынға,
Адыстығын айтайын,
Жер мен көктің арасы...
* * *
Бірінші тілеу тілеңіз,
Бір тәңірге жазбасқа.
Екінші тілеу тілеңіз,
Адам тіліне азбасқа.
Үшінші тілеу тілеңіз,
Бәлеге нақақ күймеске.
Төртінші тілеу тілеңіз,
Білімсіз таққа мінбеске.
Бесінші тілеу тілеңіз,
Қатардан кейін қалмасқа.
Алтыншы тілеу тілеңіз,
Ақмақ тілін алмасқа.
Жетінші тілеу тілеңіз,
Қасқыр жүйрік, қарқын жоқ
Байтал жүйрік, барқы жоқ.
Қатын шешен, ақыл жоқ.
Күннің беті қызыл, иісі жоқ.
Құлдың мойны жуан, күші жоқ.
Жаманның құлақ-мұрнын кесіп алсаң,
Ар, намыспен ісі жоқ.
* * *
Көп нені айтады?
Азға қылған зорлығын айтады.
Аз нені айтады?
Көптен көрген қорлығын айтады.
Қыпшақ руынан Айтқожа шешен айтты деген сөз:
Жар басынан үй тікпе,
Жар құласа, үй кетер.
Ала болса ағайын,
Рулы елден күй кетер.
Ағайын ала болғанда,
Ауыздағы ас кетер.
Аңдыған дұшпан күшейіп,
Жау қолында бас кетер...
Құлақтағы сөз айтсаң,
Құлағының астында.
Құлақсызға сөз айтсаң,
Құлақ қырдың астында.
Айтса болар ұққанға.
Айтып — айтпай немене,
Екі құлағын тас қылып,
Мақтаменен тыққанға.
Абылай ханның ақылгөйі арғын - Сүйіндік Бұқар жырау айтты деген сөз:
Жал-құйрығы құба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалыңмалы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.