Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 51 минут бұрын)
Мұхамеджан Тазабек: "Тұңғыш президент" ұғымы – отбасындағы тұңғыш бала сияқты

Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты өз ойын ортаға салды. Ол журналист Жанар Байсеміздің YouTube арнасындағы сұхбатында бұл мәселеге қатысты пікірін білдірді.

Ақынның айтуынша, оның көзқарасы жеке тұлғаларға емес, жалпы билік жүйесіндегі құндылықтарға бағытталған.

"Менің көзқарасым жеке тұлғаларға – Назарбаевқа, Тоқаевқа немесе басқа билік басындағыларға емес, жалпы биліктің құндылықтарына байланысты", – деді Тазабек.

Ақын "Тұңғыш президент" ұғымын отбасындағы тұңғыш баламен салыстырды. Оның пікірінше, алғашқы президентке ерекше өкілеттіктер беріліп, барлық шешім бір орталыққа шоғырланған.

Мұхамеджан Тазабек өткен кезеңдегі қателіктерді тек бір адамның мойнына арту дұрыс емес екенін атап өтті. Ол Назарбаевтың өзі де кадрлық және басқа да шешімдерде қателіктер болғанын мойындағанын айтты.

"Кеңестік тапшылық дәуірінен кейін халық молшылыққа ұмтылды. Бұл тек бір адамның әрекетіне байланысты емес, бүкіл қоғамның талпынысы еді. Сол кезде "Мен" деген азаматтар қарақшылыққа барды, ал шенеуніктер мемлекеттің мүлкін өздерінікі деп санады", – деп қосты ақын.

Тазабектің сөзінше, сол кезде шенеуніктер мен ықпалды азаматтар жеке мүдделерін алға қойған. Ол қателіктерді тек бір адамға жүктеудің дұрыстығын жоққа шығарды.

"Патшаның жанындағылар сол орта мен жағдайды қалыптастырады. "Төмен ойлайтындар адамдарды талқылайды, орташа ойлайтындар оқиғаларды сөз етеді, ал жоғары ойлайтындар құндылықтарды саралайды". Сондықтан мен барынша құндылық тұрғысынан ойлауға тырысамын", – деп түйіндеді сөзін Мұхамеджан Тазабек.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңалықтар

Жарнама