tengrinews.kz
- 13 сәу. 2026 09:00
- 28
Мұнай бағасы күрт өсіп, 100 доллардан асты
Әлемдік мұнай бағасы АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазын қоршау туралы мәлімдемесінен кейін өсті. Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 100 доллардан қайта асты.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Лондон ICE биржасындағы сауда деректеріне сәйкес, Brent маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстерінің құны 7,27 пайызға өсіп, Астана уақытымен 08:00-де 102 доллардан асты.
WTI маркалы мұнайдың мамырлық фьючерстерінің құны 8,55 пайызға өсіп, 104,83 долларға жетті.
АҚШ пен Иран келіссөздері
Естеріңізге сала кетейік, сенбі күні, сәуірдің 11-і күні Иран мен АҚШ Исламабадта келіссөздер бастады. Алайда, жексенбі күні таңертең АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс келісімге қол жеткізе алмағанын хабарлады. Келіссөздер ұзаққа созылғанымен, нәтижесіз аяқталып, американдық делегация елге оралды.
Сол күні Трамп АҚШ Ормуз бұғазынан өтуге тырысқан барлық кемелерді блокадаға алатынын мәлімдеді. Ол сондай-ақ АҚШ әскери-теңіз күштеріне мұндай кемелерді бақылап, Иранға ақша төлегендерін анықтауды тапсырды.
Қазақстандағы мұнай бағасының өсуі: бюджетке пайда, бірақ экономикаға тәуекелдер
Бұған дейін мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов мұнай бағасының өсуі Қазақстан бюджетіне қосымша табыс әкеліп, Ұлттық қорды нығайтып, сауда балансын жақсартып, теңге бағамын қолдайтынын атап өткен болатын.
Алайда, мұнай нарығының жоғары құбылмалылығы экономика үшін тәуекелдер тудырады. Бағаның ауытқуы инфляцияға, инвестицияларға және қаржы нарықтарына әсер етуі мүмкін. Экономиканың мұнай табысына тәуелділігі Қазақстанды сыртқы соққылар мен әлемдік бағаның күрт өзгеруіне сезімтал етеді.
2026–2028 жылдарға арналған бюджетте мұнай бағасы 60 доллар, ал доллар бағамы 540 теңге болып белгіленген. Бұл экспорттан түсетін табысты, әлеуметтік төлемдерді және бюджеттік бағдарламаларға арналған шығыстарды есептеу үшін қолданылады.