- 07 қыр. 2015 00:00
- 318
Мұхиттар
Жер бетінің 70%-ның астамын су басып жатыр. Біздің ғаламшардың басты ерекшелігі де осы. Судың шамамен 97% тұзды су. Мұхит құрлықтар мен аралдарды қоршап жатқан Жердің тұтас су қабаты. Аумағы 361,26 млн. км2, көлемі 1340,74 млн. км3, орташа тереңдігі 3711 м, ең терең жері 11022 м (Тынық мұхиттағы Мариана шұңғымасы). Дүниежүзілік мұхит құрлықтар арқылы 4 бөлікке бөлінеді: Тынық (50%), Атлант (25%), Үнді (21%) және Солтүстік Мұзды Мұхит (4%). Мұхит Солтүстік жарты шардың 61%-ын, Оңтүстік жарты шардың 81%-ына жуығын алып жатыр. Мұхиттық жарты шардағы судың мөлшері 91%-ды және құрлықтық жарты шардағы мөлшері 53%-ды құрайды. Гидрология режимінде Дүниежүзілік Мұхит жеке мұхиттарға, теңіздерге, шығанақтарға, қойнаулар мен бұғаздарға ажыратылады; сыртқы шекарасы құрлықтың жағалық сызықтарымен айқын кескінделіп, ішкі шекарасы теңіздермен және оның бөліктерімен бөлінеді.
Мұхит бетінің 1 см қалыңдықтағы суына күн энергиясының 94% жұтылады. Осының нәтижесінде Жер бетіндегі температурасының шұғыл ауытқуы бәсеңдейді және шалғай жатқан аудандар ылғалданып, тіршіліктің дамуына қолайлы жағдай туады.
Мұнай мен газдың қоры 300 – 350 млрд.(қойнау қайраңында 184 млрд. ) деп болжанады. АҚШ жағалауы мен Мексика шығанағында, Солтүстік Парсы шығанағы және оңтүстік-Шығыс Азия, Баренц, Беринг теңіздерінің қайраңдары дүние жүзінің аса ірі мұнайлы-газды аудандары саналады. Мұхит мұнайын 40 шақты ел өндіріп, 40-тай ел барлау жұмыстарымен айналысуда.
Қазіргі кездегі ең үлкен проблема -мұхиттың мұнай және мұнай өнімдерімен ластануы. Мұхиттың мұнаймен ластануының басым бөлігі теңіз транспортының және қала аумақтарынан шайып әкелетін мұнайдың үлесіне тиеді. Мұхитты мекендеушілер үшін, токсикалық әсер ететін, мұнайдың ерігіш компоненттері қауіпті. Мұнайдың төгілуінің ең бір ауыр зардабы су бетінде жұқа мұнай қабатының пайда болуы. Онда газ алмасу бұзылады, жарықтың суға өтуі нашарлайды, фотосинтез жүрмегендіктен фитопланктон қырылады.