- 05 нау. 2018 00:00
- 234
Назарбаев: Студенттер үшін қосымша 20 мың грант бөлініп, 75 мың орындық жатақхана салынады
2018-2019 оқу жылында студенттерге қосымша 20 мың грант бөлінетін болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жұмысты ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында белгіленген бес әлеуметтік бастаманың бірі екенін атады.
«Бүгінгі таңда еліміздегі ЖОО-ларда 530 мыңға жуық жас өрен білім алып жатыр. Олардың ішіндегі 30 пайызы мемлекет бөлген грант бойынша оқуда. Жоғары білім беруді қолжетімді әрі сапалы ету үшін келесі шараларды ұсынамыз. 2018-2019 оқу жылында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы 20 мың грант бөлгелі отырмыз. Ол гранттардың ішіндегі 11 мыңын, мүмкіндік болса одан да көбін сұраныс бар техникалық мамандықтар бойынша бакалаврға бөлу жоспарлануда. Бұл қадам Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жаңа экономикада сұранысқа ие болатын мыңдаған мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл жерде инженерлер, ақпараттық технологиялар саласы мен робототехника, нанотехнология саласындағы мамандар туралы айтып отырмын. Бұл да мемлекеттің жастарға қолдауы болып табылады», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, барлық ЖОО-ларда техникалық, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша Ұлттық ЖОО-лар деңгейінде жаңа гранттардың құнын өсірген жөн.
«Бұл шаралар жоғары білім берумен орта мектептердің оқушыларын көбірек қамтуға жол ашады. Бұл - адами капиталға, демек білімге салынған салым. Екінші жағынан, әлемдік стандарттар бойынша білім жүйесін жасай отырып, студенттердің өмір сүруі жағдайына баса маңыз беруіміз керек. Қалалық емес жастардың бір парасы қала шетінен баспана жалдауға мәжбүр екенін білесіздер. Ондай жағдайда сапалы білім жайлы қалай айтуға болады. Бүгінгі таңда ЖОО-лар мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамту мәселесі өткір болып отыр. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жатақхана тұрғызу қолға алынады. Мемлекет өз тарапынан БҒМ (ҚР Білім және ғылым министрлігі - авт.) арқылы инвестициялардың бір бөлігін жатақхана құрылысына жұмсауға кепілдік береді. 2022 жылға дейін 75 мың орындық студенттік жатақхана салуды тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске сала кетсек, қазіргі уақытта ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өткізіліп жатыр.
ҚазАқпарат