Немере махаббаты (көрініс)
(Сахнада әкесі, анасы, қызы үшеуі шәй ішіп отырады)
Әкесі:
— Қызым, алдағы аптада ауылға барамыз. Ата-әжеңе көрсететін мадақтамаларыңды алып ал! Қуанып қалсын!
Қызы:
— Әке, ол кісілер жақсы оқитынымды біледі ғой?! Одан да атам мен әжемнің жақсы көретін жылы-жұмсақ, тәттілерін ала барайық та?!
Анасы:
— Ақылыңнан айналдым! Атаң мен әжең нені жақсы көреді екен?
Қызы:
— Атам алманы жақсы көреді. Әжем қалампыр қосылған сапалы үнді шайын жақсы көреді. Екеуі де тәттіні ұнатады. Әжем базардан моншақтары бар, қызғылт күрең қамзол көріп, қатты қызыққан. Алуға ақшасы жетпеген. Атама дүрбі қажет.
Әкесі:
— Міне, нағыз немере! Атасы мен әжесінің алтыны. Бүгін анаң екеуің базарға барып, осы заттарды түгел алыңдар! Ақшаны телефондарыңа жіберем. Ал, мен жұмысқа кеттім. (ішінен бата жасап,орнынан тұрады)
Анасы:
— Жаратқан жар болсын! Ісің оңынан шешілсін!
Қызы:
— Әке, жолыңыз болсын!
Әкесі:
— Әмин! (шығып кетеді.)
Анасы:
— Қызым, әжеңе тағы не нәрселер керек? Ойланшы...
Қызы:
— Анашым, әжеме шомылдыратын, шашын тарап, өріп беретін адам керек. Ауылда барлығы таң кетіп, кеш келеді. Қалаға әкеліп алайықшы..?! Әжемді өзім шомылдырып, шашын тарап, өріп берейін? Атама жеміс қосылған сұлы ботқасын жасап бергем. Қатты ұнатқан. Соны жиі жасап берер едім..?!
Анасы:
— Қызым-ау, жалынсақ та келмей отыр ғой ол кісілер. Қалай әкелеміз?
Қызы:
— Қонаққа шақырайық?! «Аз күнге»- деп. Сосын араласатын орта, қыдыратын жер тауып береміз. Кейін өздері қайтқылары келмей қалады.
Анасы:
— Мейірімге толы жүрегіңнен айналдым! Онда атаң мен әжеңді қыдыртатын жерлердің тізімін жаса. Бірінші қабаттағы қонақ бөлмеге екі төсек, теледидар кіргізейік.
Қызы:
— Анашым, атам мен әжеме өлең арнадым. Оқып берейін бе?
Анасы:
— Ой, бәрекелді! Оқи ғойшы?!
Қызы:
— Менің атам — даналардың данасы,
Шежіреші абыздардың жалғасы.
Ал әжемнің насихат пен мейірімі,
Таусылмайтын бұлақ сынды арнасы.
«Отағасы» - дейді апам атамды,
«Шамшырағым» - дейді атам апамды.
Бір бұрышта таяқтары айқасып,
Екі қартқа тұмсықтарын тосады.
Мәмпәсиге толтырып ап қалтасын,
Тарататын бала көрсе әр талын.
Береке мен мерекенің шуағы,
Ата-әжем бар болса екен әрдайым!
Анасы:
— Құлыным сол! (Қызының маңдайынан сүйеді) Тамаша! Әлі де ұйқасын дұрыстасаң, сенен әжептеуір ақын шығады - деп ойлаймын.
Қызы:
— Рақмет Анашым! (Анасын құшақтайды) Анашым, ауылға ноутбугымның біреуін апарсам бола ма? Гүлназдың ноутбугы істемей қалыпты. Сыйлайын дегем... Сіз қарсы емессіз бе? Менен «кимейтін киімдерің болса берші?» - деп сұраған. Киімге қоса кішкене ақша да берейікші..? Қарыздары көп екен...
Анасы:
— Жақсы күнім! Беретін заттарыңды дайындай ғой?!
Қызы:
— Рақмет, анашым! (Қуанып сахнадан жүгіріп шығып кетеді)
Анасы (әкесіне қоңырау шалады):
— Әкесі, өткендегі жинап жүрген ақшаның жартысын қайныма берсек қайтеді? Қарыздары көбейіп кеткен секілді. Қарсы емессің бе? Жақсы, жарайды.
Қызы (қайта жүгіріп шығып):
— Анашым, оқыңызшы. Біз дұрыс істеп жатыр екенбіз. Мына аға инстаграмда «туыстық қарым-қатынасты үзбей, жақындарына жақсылық жасаған адамның өмір жасы ұзақ болады!» - деп жазып қойыпты. Атам мен әжемнің де өмір жасы ұзақ болса екен? Ол үшін не істеуім керек?
Анасы:
— Дұға жасаймыз балам! Басқа не істейміз? Жүр, тезірек базарға барайық? Базар ерте жабылып қалады.
Қызы:
— Мен, дайынмын анашым!
(Екеуі кетеді)