Өмір шырақтары
Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңқыстауда мұнаралар басына шырақ тасып ...
Төлеген Айбергенов
Ымырт үйіріле ашық машина терезесінен шам сәулесі сығырайған жертөленің алдына тоқтай қалып еді. Кузовтағы екеу осы сәтке шақ жеткендей үша-ұша тұра келіп, кабинадан түсіп жатқан шофер жігітке қарасты.
— Экспедиция конторы осы, жігіттер. Бастықтар әлі кете қоймаған болар, шам көрінеді ғой.
Еңгезердей шофер осыны айтып, тыртиған күртесінің ілгегін ағытты да күректей алақандарын уқалады.
Жазғытұрымғы жардай атанды жығар қызыл жел күншығысқа байланып қалғандай әлі соғып тұр. Екі күн бойы жолсоқты боп, сары даланың маужыр тыныштығы мен бірыңғай ызындаған машина үнінен әбден жалыққан екеу қуанысып калғандай еді. Қысқа плаштарының етек-жеңінен үрлеген жел жертөленің дермантинмен қаптаған абажадай есігіне қарай итермелей берді.
Ұзын столдың ортасындағы ондық шамды қоршалай, жұмыс киімдерімен отырған бұрғышы-барлаушылар есіктен кірген екеуге жалт-жалт қарасты да, өз әңгімелерімен бола берді. Біреу келіп, біреу кетіп жататын экспедиция өміріне әбден үйреніскен байырғылар көп елең ете қойған жоқ-ты.
— Төрге шығыңыздар, — деп экспедиция бастығы күлімсіреп барлай қарады да, алдымен кірген сұңғақ бойлы жігітке:
— Техник-геолог Ибрагим Мұрадов боларсыз?
Ибрагим мына жігіт, — деп ол орта бойлы, қараторы жүзінен балалық ұяңдығы әлі кетпеген жолдасына қарады.
Рациямен хабарлаған бүгін келетініңізді. Демалыңыздар. Әлкен, жігіттерді жатақханаға орналастыр.
Әлкен есікке беттеген Ибрагимнің қолына бір жапырақ қағаз қыстырды да:
— Осыдан шыққанда тура маңдайда тұрған биік үй жатақхана болады, — деді.
Іңір қараңғылығы қоюланып кеткен екен. Әр жерден самарқау ғана жылтыраған жертөле терезелерінің оттары баяғы бір ескі ауылдың келбетін елестеткенмен, ерсілі-қарсылы ағылған машиналар, сонадайда жарқыраған газ шырақтары осы өңірдің танымсыз тіршілік тынысын сездіргендей.
— Жетібайыңның даңқы жер жарғанмен, келбеті қарын ашыратын екен, — деп қойды Төремұрат.
— Сен Алматы секілді сәулетті қала деп пе ең?!
— Сонда да... Осынша байлық көзі табылып жатқан жер. Алдымен адамдарға жағдай туғызбай ма?...
Ибрагим есік алдына кідіріп, шылымын тастады да:
— Қой, революциямен салыстырғанда мұның бәрі де түк емес әлі, — деп әзілдей күлген беті жатақханаға кіре берді.
Бұлар жуынып-шайынып тыныстағаннан кейін кешкі тамақ жайын ойластырғанмен, ешнәрсе шықпайтын болды: жалғыз асхана, о да жабылып қалыпты; ал кезекші дүкен мүлде жоқ екен. Сонсоң екеуі де чемодандарын ақтарысып, өткендегі Алматыдан шыққанда жолға алған печенье, конфеттерінен қалған-құтқандарын шығара бастады. Төремұраттан қатқан нан мен колбаса да табылды. Олар өткен-кеткенді әңгімелей, мәз боп күлісіп, ақыры Төремұрат:
— Міне, романтика деген осылай аш жату болады, — деп күліп алды да, демалуға ыңғайланды. — Сен келер нүктеңе келдің. Мен болсам, таңсәріден тұрып алып Өзен шаһары қайдасың деп тағы жолға шығуым керек қой.
Жол соғып қатты шаршағандықтан ба, әлде жаңа жерді жатырқағандықтан ба — әйтеуір көпке дейін ұйқылары келе қоймады. Әркім өз ойымен болып жатыр еді. Ибрагимнің ең алғаш есіне түскені үй-іші, сонау Қостанайдағы туыстары болды. Бұл оқуын құтарып, «Маңқыстауға жіберетін болды» деп ауылға барғанда, анасы Көзипа:
— Қарағым-ау, осы жақтан жұмыс табылмайтындай, жерқиянға бара жатқаның, — деп көзіне жас алып, үйдегілер оған «соғысқа бара жатқандай жылағаны несі» деп күлгесін: — Қайда болғанда да аман жүрші, әйтеуір, — деген. Шынында да сонау Арқадан кәрі Каспийдің қолтығына тығылып жатқан Маңқыстауға келем деп ойлап па еді өзі де... Әй, бұл өмір дегеннің сан тарау соқпақтары көп-ау. Ата-ананың жанында болып жарытпағаны да рас. «Түйемойнақтан» жеті класс бітірген соң, аудан орталығындағы Торғай мектебінде оқыды. Одан Алматы кетті. Жігіт сол бір балалық жылдарын қимастықпен еске түсіріп, күлімсіреп қойды. Мектепті бітіріп алған соң аттестат алудың өзі бір хикая болып еді-ау. Мектеп бітірушілер ауыл шаруашылығына қалдырылсын деп, аттестатты біраз кідіртіп тастады. Бұл ауылдан Торғайға келіп, Кеңесбек ағайдың араласуымен әзер деп алғаны бар. Содан бұлар Рәшит, Сәбит үшеуі Аманқарағай келіп, поезға билет ала алмай, ақыры үшінші күн дегенде Алматы қайдасың тартып отырысты ғой. Ең қиыны Алматыда басталды. Жалғыз түйір орыспен сөйлесіп көрмеген ауыл балаларына астананың қазағы да орыс, орысы да орыс көрінді. Мектепте орыс тілінің диктантын «5»-пен «4»-ке жазатын-ақ еді. Енді сөйлесуге келгенде кекеш баладай жасқаншақтай береді. Сол кезде өздерінің батылдықтары күшті деймін...
Тау-кен институтының бірінші курсына түскеннен кейінгі бірер айда орыс тілін білмегеннен көрген қорлығы. Бәрі көкіректе сайрап-ақ тұрады. Айтуға келгенде жоқ. Әйтеуір математика сабағында ғана рахаттанып, өздерін адам сезінісетін. Группадағылар ауылдан келген 4-5 баланың «икс»тың орнына «ихс» дегендеріне мәз боп күлісетін. Бұлар болса, оған намыстанып, «қап, бәлем!» деп жүретіндері есіне түскенде, Ибрагим мырс етіп күліп жіберді.
— Сен де ұйықтамай жатырмысың? — деп Төремұрат бұған қарай аударылып түсті. Ертесіне Төремұратты Өзенге аттандырып салғасын, Ибрагим айдалада құлазып қалғандай болды. Төремұратпен бірге студент қауымының думанды ортасы бұған біржола қимастықпен қош айтып бара жатқандай. Танымайтын жер. Бейтаныс орта. Беттерін даланың аптабы мен ызғырығы қарақошқылдандырып, жалпақ алақандарын мүйіз қаптаған осынау адамдардың сыртқы түрі қандай қатыгездеу көрінсе, ішкі жан-дүниелері де соншалық дөрекі көрініп кетті. «Түу, не деген ақымақ едім өзім,— деп ойлады ол кешкілік жатақханадан шыгып, поселке сыртына қарай беттегенде. — Өзім емес пе ем, Маңқыстауға барам деп отырып алған. Қазақтың қай түкпірі жатсынады..."
Көктем ерке мінезді құбылмалы ғой. Кеше шаң-тозаңның бәрін біржола қағып-сілкіп алайын дегендей, ақпан-тоқпан желдетіп, бұрқ-сарқ болып еді. Бүгін тып-тымық. Күні бойы айналаның бәрін өзімен бірге масайратып, жаймашуақтанып тұр. Жан-жақтың бәрі ыңғай қатқыл. Тек Темірқазық бетте дөң төбелер көрінеді. Төбенің күнгей бөктері көгістеніп қалғанға ұқсайды. Өткен жылдың бітік шыққан жусаны мен бұйырғыны, балық көзі бастары шаңға бөгіп бозарып, түп жағы енді-енді тебіндеп келеді екен. Жігіт жеңіл плашын иығына салып төбе басына қарай жүре берді. Қалампыр түсті шалбарының балағы шөп басының бозамық шаңына көміліп келеді. Кеңпейіл даланың қаннен-қаперсіз жайбарақат келбеті жігіт жанын байсалды байыптылыққа баулып, өн-бойын жадыратқандай еді. Күн көзі батар алдында алтын кірпіктерін жаудырата мөлдіреп, қас қақпай түр. Жігіт төбе басына өрлеп, сахараның мұнай мен газ исі әлі сіңіп үлгермеген саумал самалына балғын жүзін тосты.
Командировка бірер күндік деп шыққанмен, жұмаға жуықтап қалды. Әуелі Қарамандыбасқа, одан Асардағы үш сважинаға соқты. Соңғы екі күнде Қауынды мен Қоқымбайда болып, қалаға оралған беті. Осы нүктелердің бәрі — Оңтүстік Маңқыстаудағы мұнай фонтанын береді деген жаңа алаңдар. Сейсмиктердің изогис картасына көз жүгіртсек, бұл алаңдардың қай-қайсысы да мұнайға бай. Қазір ол жерлерде қаншалық қор бар екендігін бұрғышылар зерттеуде. Маңқыстаудың атағын шартарапқа мәшһүр қылған Жетібай мен Өзен мұнай алаңдарының картасына барлай қараса, бұрын білмейтін адам таң-тамаша қалған болар еді. Әсіресе, тәулігіне миллиондаған тонна мұнай беріп тұрған Өзеннің орналасқан жері-ақ қызық: кәдімгі ұлтарақтан аумаған алаң. Алайда ғалымдар осынау алаңның байлық қоры талай ұрпақтарға жетеді деп тұжырымдауда. Ал геологтар мен бұрғышылардың назарын өзіне қадаған ондаған барлау алаңдары ше?! Онда Маңқыстау даласының әрбір атшаптырым жері қала болар еді-ау... Сол қалалардың тұрғындары бүгінгі мынау ат сабылтып алаң іздеп жүргендерді, алып мұнара астына алмас бұрғыны қадаған сайын маңдай терді қалай сыпырғандарын еске алар ма екен? Ал отыз бес жасқа иек артқалы отырғанына қарамастан, бұдан он шақты жыл бұрын Маңқыстау келгендегі ойыл қара шашына жапатармағай күміс сызаттар түсе бастаған мына жігітті ше?
Ол машина терезесінен тымық далада жапалақтап жауған қарға қарап келеді. Үлпа қар үсті-үстіне бастырмалатып, терезе әйнегіне қақтығысып тарамдана берген соң, тазартқыш тетігін бұрап қойды. Сонсоң «дұрыс па» дегендей шофер жігітке қарап күлімсіреді.
Дала балапан бауырындай үлпілдеп жатыр. Биылғы алғашқы қар. Өткен жылы да көпке дейін қара қатқақ болып, қаңтар туысымен қар дүрмек жауды да, арты Маңқыстау елі көрмеген қысқа айналды. Скважиналар тоқтап, әуе қатынасы да, жол қатынасы да бітеліп қалды. Екі жүз шақырым жердегі Үстірт түгілі, осы тұрған Асарға бұрғылау құралдарын жеткізудің өзі күшке түсті емес пе... Бірақ бұрғылау жұмысын қақаған қысың да, аптап ыстығың да тоқтатуға тиіс емес. Әсіресе, боран-аяздарда долотоны ауыстырудың қиындығын айтсаңшы! Ертіндіге малмандай болып, дәу темір трубаларды алып-салып жатқан бұрғышыларды көргенде, дүниедегі ең құдыретті адамдар осылар ма деп қаласың. Маңқыстаудың ең көрнекті жеріне ескерткіш орнатар болса, соларға — бұрғышыларға орнату керек дер еді. Геолог-бұрғышының көзі деседі. Рас, әрине. Геологсыз бұрғылау — «соқыр теке» ойнаған баланың ойынымен тең. Бірақ, бұрғылау жұмыстарының бейнетіне төзу — кез-келгеннің қолынан келе бермейді-ау. Ибрагимнің ойын шофер бөлді.
— Шынымен, жаңа жылды жол үстінде қарсылаймыз ба? — деп газды басыңқырап қойды.
— Е, бәсе, бағанадан бері осылай демейсің бе? — Ибрагим де риза пішінде еді. Тарихтың тағы бір парағы аударылды. Уақыт қалай тез өтеді, ә? Өткен жыл есте қалар не әкелді? Қандай іс тындырды ауызға алар? Маңқыстау бұрғылау жұмыстары тресінің өзі басқаратын геология бөлімінде біршама жұмыстар істелді. Осы түбекте ашылған алаңдар, өнім бере бастаған кәсіпшіліктер — бәрі де геологтардың таразысынан өткен істер. Бөлімге жас мамандар келді. Оқу бітірген жергілікті кадрлар. Осының өзі қаншама қуаныш! Бұрын маман кадрлардың көбі Азербайжаннан, Татариядан, Кавказдан келгендер болатын. Кадр тұрақтамаушылық, бірер жыл табыс тауып кетіп қалу дегендердің бәрі сол жергілікті кадрлардың жетіспеуінен еді ғой. Ең бастысы — сонау Түрікпенмен шектесіп жатқан Үстіртке бұрғы қадалды. Үстіртке алғашқылар болып аттанған бұрғышылар Жолдас, Виктор Борщ, Сүйеген Салманов, Николай Тарабриндердің келбеті елестеді... Өз өміріндегі бір қуаныш — аспирантураға сырттай оқуға түсті. Маңқыстауда бұрғылау-барлау жұмыстарының ерекшеліктерін зерттеп жазбақ. Партия қатарына өтті. Жастармен жұмыс — мұның партиялық тапсырмасы. Жетібайда жұмыс істеген төрт жылда қатарынан комитет мүшесі болып, кейін комсомол жұмысына атсалысқаны үшін ВЛКСМ Орталық Комитетінің құрмет грамотасымен наградталғаны бар.
Жолдың сол жақ қанатында самсаған газ шырақтарымен Теңге кәсіпшілігі көрінді. Бұл — Маңқыстаудағы екінші газ кәсіпшілігі. Бірі Жетібайда. Бұл түбек тек мұнайдың ғана емес, басқа да сан алуан байлық көзі болып отыр. Соның бірі — осы табиғи газ. Бұл маңның тұрғындары Өзен қаласын әлі күнге дейін «Газ-қала» деп атайды. Өйткені о баста бұл жерден үлкен газ кәсіпшілігі құрылады делінген екен. Бертін келе мұнайдың мол қоры табылған соң, мұнай кәсіпшілігі ашылды да, газ өндірісі соған қосылды. Желсіз тымық ауада газ шырақтары маздай алаулап тұр.
Сонсоң ол бүгінгі жаңа жыл кешіне әзірлік үстіндегі үй-ішін елестетті. Үй-іші болғанда Айнаш пен кішкене Әселі ғой. Айнаш ендігі шырша құрып үлгерген болар. Маңқыстауға шырша ағашының келе бастағаны да биыл ғана. Онда да таласып-тармасып кезекке тұрып алатын Айнаш.
— Жылда қонақтық дейміз, кеш дейміз, биыл бір өз үйімізде қарсыалайық та, — деп шырша құруға «бастама» көтеріп жүрген де сол. Өткенде Ибрагим өзі Гурьевке командировкаға барғанда, шыршаға ілетін түрлі ойыншықтар ала келген-ді... Сондағы Айнаштың қуанғанын көрсең! Өздері өз болып, семья құрғалы Әселді ортаға алып, жаңа жылды қарсы аламақ еді. Сағат тілі ілгері басқан сайын Айнаш іштей: «Бүгін келмейтін реті жоқ еді, сау болса жарар еді», — деп, сөйлеп қойып, былдырлаған Әселге: «Қазір папа келеді!»— деп мазасызданып жүрген шығар. Ол қолындағы сағатына үңілді. Сыртынан сабырлы болғанмен, геолог жігіт те, өзі сияқты, үйіне жетуге асығып келе жатқанын шофер де сезгендей еді.
— Мына факелдерді сөндіруге болмай ма осы? Қысы-жазы маздайды да тұрады ғой.
Шофер қалып бара жатқан газ шырақтарын меңзеді.
— Жоқ, оларды сөндіруге болмайды, — деп Ибрагим далаға қарап біраз отырды да: — Олар сөнбейді... өмір шырақтары ғой, — деп күбірледі.
Шофер шала естідім бе дегендей бірқырын отырган оған жалт қарады да, үндеген жоқ. Бағанағы үсті-үстіне жапалақтаған қар енді саябырлайын деді. Желтоқсанның соңғы түні майда, биязы еді. Бүлар асфальт жолдың бойымен шығысқа қарай сәл ойысқанда, алдыңғы жақтан Өзен қаласының оттары жымыңдай жарқырады.