Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Оқушылардың каллиграфиялық дағдысын қалыптастыру

Тіл адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Осы дүниедегі адамдар тілінен айырылып, сөйлеуден қалса, қандай күйге түсер еді?! Осы күнгі адамдар жазудан айырылып, жаза алмайтын күйге ұшыраса, ондағы күйі де тілінен айырылғаннан жеңіл болмас еді. Тіл деп сөз алсақ, сөзсіз жазу еске түсері ақиқат. Бүгінгі күні жазу мәселесі қандай деңгейде? Қаншалықты көркем жазуға, сауатты жазуға оқушыларымызды дайындап жатырмыз? Міне, осы секілді сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Балаларға білім берудің бірінші басқышы – бастауыш мектеп десек, барлық істің бастауы баспалдақта. Мектеп табалдырығын жаңа ашқан бүлдіршіндерге оқу мен жазу дағдысын үйрететін, әрине, ол бастауыш сынып. Ал, мектептегі оқыту процесі сауат ашудан басталатыны анық.  Сондықтан оның балаға ана тілін оқытып үйретуде алатын орны ерекше. Сауатты жазуға үйрету жұмысы грамматикаға сүйенеді. Олай болса белгілі бір жазу ережесіне негіз болатын грамматикалық құбылыстар сапалы түрде ұғындырылып, содан кейін қорытынды шығарылуы керек. 

Дұрыс сауатты жазуға үйрену үшін сөздерді дыбыс құрамына, буын жігіне ажырату жұмысы әріп қалдырып кетпеуге, әріп алмастырып алмауға, бірсыпыра көмектеседі. Жазу, таза жазу, дұрыс жазу, сауатты жазу – қай тілдің болмасын басты ұстанымы. Сауатты жазудың алғышарты бастауышта қаланады. Сондықтан да баланың оқу мен жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында жүргізілген жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі керек. «Әдемі жазу – әдеміліктің белгісі» демекші біз ұстаздар қауымы көбіне оқушының оқуына, сөйлеу дағдысына жіті мән береміз де, каллиграфиялық дағдысына көңіл бөле бермейміз. Осы ретте Елбасымыз Н.Назарбаевтың  «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемге жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғаны қашан. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды», - деген сөзі еске түседі.

Мектептегі оқыту үрдісін сауат ашу пәнінен бастап жүргізу аса маңызды да күрделі жұмыс. Өйткені, сауат ашу кезеңінде оқушылар дыбысты әріппен таңбалай білуге (фонетика – графикалық жазуға) үйретіліп қоймайды, сонымен бірге каллиграфиялық талапқа сай жазуға дағдылану тиіс. Демек, сауат ашудың міндеті әріпті жаза білуге үйрету емес, оның әрбір элементін дұрыс сақтауға, дәптерге қалай болса, солай жазбай, оңға қарай біркелкі көлбеу, таза, анық жазуға машықтандыру міндеті де тұр.  Осы талаптарды орындау негізінде көркем жазу дағдысы (каллиграфия) қалыптасады.

Оқушылар жазу ережесін сақтап отырғанда ғана дұрыс жазуға үйрене алады. Жазуға кірісерде алғашқы күннен бастап

орындалуға тиісті гигиеналық талаптар мыналар:

а) дәптер партаның үстіне, баланың кеудесінің қақ ортасына тура келетіндей болып сәл көлбетіле (оңға 65 º ) қойылады;

ә) бала басын оңға не солға, иықтарын кеудесін алға не артқа қисайтпай, аяқтарын қатар қойып, алдына түзу қарап отырады. Бұл олардың омыртқалары, көкірегі дұрыс жетілу үшін қажет;

б) балалар табандарын еденге еркін басып отырады. Тізені қатты бүкпей, бір аяқты  екінші аяқтың үстіне қоймай, аяқтарын я алға, я артқа сілтемей отырғаны дұрыс;

в) партаға көкіректі тіремеу керек. Өйткені бұл жағдайда тыныс тарылады, жаңа өсіп келе жатқан кеудені бұзады;

г) қаламды ұстағанда саусақ қаламұштан 3 см-дей жоғары тұратындай болып және қаламның жоғарғы жақ ұшы оң иықтың тұсына дәл келетіндей жағдайда болғаны жөн;

д) жазғанда баланың көзі мен дәптер аралығындағы қашықтық 25-30 см сақталуға тиіс.

Жазуға негізінен мынадай талаптар қойылады:

  1. әріптерді дұрыс жазу, дәптердің көлденең сызығынан ауытқымау;
  2. әріптердің элементтерін жазғанда ұзынды-қысқалы етпей, тегіс, бірдей жазу;
  3. әріптердің бірін оңға, бірін солға қисайтпай, барлық әріпті бірдей, оңға қарай, сәл көлбете (45 º) жазу
  4. әріптердің, сондай-ақ сөздердің арасындағы қашықтықта бір қалыпты сақтап (сөздер бір-бірінен м әрпінің көлеміндей қашықтықта болуға тиіс) отыру;
  5. бірте-бірте жазу қарқынын тездете түсу.

Сауат ашу кезінде жазу сабақтарында балалар әріп элементтерін немесе жекелеген әріптерді жазғанда ұзақ уақыт жазып отырмауын қадағалау керек. Өйткені ұзақ уақыт бір-екі элементті немесе бір әріпті жаза берсе, бала шаршайды да, сабаққа зейін қоюдан қалады. Сондықтан 3-5 минут жазғаннан кейін қолдарына демалыс беріп, сонан соң құрамында үйреніп отырған әрпі бар сөздерді жазуға көшкені дұрыс. Жұмыс түрі өзгергенде балалар да оған зейін қоя бастайды. Сауат ашу барысында балалар сөздер мен сөйлемдерді естерінде ұстап жазуға үйренулері қажет. Ол үшін айтылуы мен жазылуының арасында ешбір айырмашылық жоқ сөздер алынады және бұл кезде әріптердің таңбасы арқылы (жазба таңбасы) берілген. Сөздер мен сөйлемдерді көшіріп жазу ұсынылады, ал сауат ашу аяқталғаннан кейін, баспа таңбалы әріптер жазылған текстер көшіртіледі. Осы жұмыстардың бәрінде де оқушылар жазуға кіріспес бұрын сөздер дыбысқа, буынға талданады.

Сауат ашу жұмысының мақсатын бағдарлама белгілейді. Бағдарлама бойынша, сауат ашудың мақсаты оқушыларды дұрыс оқи, дұрыс жаза білуге үйрету және оқу мен жазуға үйрете отырып, тілін, ойын дамыту. Сауат ашу жұмысының басты шарты  - әріпті таныту. Әріпті танып, оқып, оны жазып үйренбейінше, сауатты азамат болып өсу мүмкін емес. Алайда сауат ашу жұмысы бірден әріп танудан басталмайды.

Өйткені әріптер тілдегі дыбыстардың шартты белгілері ғана. Демек, әріптерді дыбыстармен ұштастыра білсе ғана, сауат ашу сабағы саналы өтпек. Ал тіліміздегі дыбыстардың әрқайсысы жеке күйінде кездеспейді, олар сөз ішінде бір-бірімен тіркесіп келеді. Осыдан барып, тіл дыбыстарын білдіру үшін сөйлеуді сөйлемдерге, сөйлемді сөздерге, сөздерді буындарға, буындарды дыбыстарға талдау қажеттігі туады. Осындай жұмыстар нәтижесінде оқушылар іс жүзінде сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс деген ұғымдарды меңгеруі керек.  Тіл дыбыстары біркелкі болмайды (дауысты, дауыссыз, жуан, жіңішке, қатаң, үнді, ұяң т.б.) сауат ашу кезеңінде оқушылар тіл дыбыстарының әрқайсысының жеке ерекшеліктерін біліп, тәжірибе арқылы меңгеруі қажет. Дыбысты естіп, ажыратқаннан кейін, сол бөліп алған дыбысты дұрыс дыбыстай білуі қажет, тек содан кейін ғана әріп таңбалары таныстырылады.

Оқушыларды көркем жазуға үйретуде үш нәрсені басшылыққа алу керек:

біріншісі - әріптерді мәнерлі жазуға және жеке әріптерді өзара құрастыра білу;

екіншісі – әріп элементін дұрыс жазуға дағдыландыру;

үшіншісі – жазу жұмысына өте ұқыпты, мұқият болуды қалыптастыру.      

Жас жеткіншектің көркем жазу дағдысы біртіндеп қалыптасады. Осы орайда оқытудың әдіс-тәсілдерін тиімді пайдалана білу керек. Түрлендірілген жұмыстар оқушыларды қызықтырып қана қоймай, логикалық ойлауын арттырады. Сауат ашудың дайындық кезеңінде оқушының икемділігі мен көз мөлшерлеу қабілетін жетілдіру, графикалық дағдыларды қалыптастыру үшін суретті және сызықты жаттығуларды орындатады. Сонымен бірге бұл кезде штрихтау жаттығуларын орындатудың мәні зор. Мектепке алғаш келген баланың жетекші әрекеті – ойын, ал штрихтау ойын түрінде жүргізіледі. Әр түрлі зат бейнесін, геометриялық фигураларды штрихтау баланың  қолын жаттықтырмайды, оның сөйлеуі мен ойлауын жетілдіреді. Штрихтау арқылы сурет салу жаттығуларын сурет альбомына орындатқан жөн. Сурет альбомы беттеріне жазу сызықтары сызылады да, жаттығулар жазу дәптеріндегі үлгідей орындалады.

Оқушылар заттардың пішінін, құрылысын жазықтықта орналасу қалпын еркін қабылдап, оң, сол, жоғары, төмен, түзу, қисық, дөңгелек ұғымдарын меңгереді. Ал, сауат ашу кезеңінде әріптерді жазып үйренеді. Демек, әрбір әріпті жазып шығу дегеніміз – көп қырлы таңдау процесін атқару деген сөз. Ал, мұның өзі мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала үшін аса күрделі іс-әрекет. Әр әріп элементтерін жазып үйрену ең алдымен, оның неше элементтен тұратынын, екіншіден, ол әріпті қай жерде қалай бағыттап жазуды меңгеруіне септігін тигізеді. Жазуға үйретудің алғашқы күнінен бастап, оқушыларды үзбей жазуға дағдыландыру қажет.

Сауат ашу кезеңінде оқушы сөйлем, сөз, буын, дыбыс ұғымдарын дұрыс меңгеругенде ғана сауатты жазу орын алады. Сауатты жазу дегеніміз – әріптерді тастамай, шатастырмай жазу. Оқушыға буындап оқыту, сөздерді буынға дұрыс бөлгізу керек. Буынды дұрыс меңгерген оқушы сауатты жазады.

Жазуға үйрету жүйесінде әр түрлі әдістер ХІХ-ХХ ғасырдың бас  кезінде-ақ мектептерге енгізіліп, қазіргі кезде кеңінен қолданылады. Бұл әдістерге: көшіре жазу әдісі, сызықтық әдіс, ритмикалық әдіс, генетикалық әдіс, Карстер әдісі жатады.

Көшіріп жазу әдісі бойынша мұғалім дәптерге қарындашпен жазады немесе әріп таңбаларын нүктемен белгілейді. Ал, оқушылар оның үстінен басып жазады. ХІХ ғасырда бұл әдіс мектептерге енгізілді. Алайда, бұл әдісті пайдалану барысында кемшіліктерді ескере отырып, оны қолдануға шек қойыла бастады.

Сызықтық әдіс арқылы оқушы әріптің көлемін, пішінін, арақашықтығын, көлбеулігін дұрыс жазуды үйренеді. Әріптің біркелкілігін сақтау үшін арнайы торкөздер пайдаланған екен. Кейіннен бұл торкөздерді көздің жанарына және оқушылардың өздігінен жұмыс істей алмауына байланысты алып тастады.

Генетикалық әдіс көркем жазуда әріп элементтерін жазып үйренуді талап етеді. Балалар әріп таңбаларын алфавит ретімен жазып үйренбейді, алдымен оңай әріптерді жазып үйренеді, соңынан біртіндеп жазылуы күрделі әріптерді таңбалауға үйретеді.

Тактикалық немесе ритмикалық әдіс. Ритм – бүкіл жазу элементтерінің лайықты үйлесімін табуға көмектесетін амал. Тактылау (санау) – қозғалысты бір қалыпты жетілдіріп, оқушылардың жазу қарқының жеделдетуге әсер етеді, жазу процесінде жасалатын қол қимылдарының дұрыс та айқын болуын дамытады, сыныптың бір мезгілде жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Алайда, бұл әдістің бірнеше кемшіктері бар екендігі дәлелденді.

Карстер әдісі қолдың қозғалысын дамыту үшін жасалынатын жаттығулар жүйесі. ХІХ ғасырдың басында ағылшын Карстер енгізген бұл әдіс ең алдымен 19 элементті, одан кейін жазылуы қиын штрихтары бар әріптерді, сөздерді жазуға үйретеді. Бұл әдісті ересектерге каллиграфиясын түзеу үшін пайдаланған тиімді.

Оқушының көркем және сауатты жазуы үшін бірнеше жаттығулардың түрлерін ұсынамын. Бұл жаттығулар балалардың көркем жазу дағдысын қалыптастырады.

«Орнын белгіле» жаттығуы. Дәптерге алдын ала сөздер жазылады. Оқушылар әріп элементтерінің және әріптердің байланысу орнын белгілейді.

«Әріпті тап» жаттығуы. Әріптің бір немесе екі элементі жазылады да, оқушылар қалаған элементін тауып жазып көрсетеді.

«Ғажайып алаң» ойыны. Тақтаға сөз жасырылады. Мұғалім жасырылған сөздің әрбір әрпін элементтері бойынша сипаттап айтады да, ал оқушылар қандай әріп екенін айтады.

Сауат ашу кезеңінде жоғарыдағы жұмыс түрлерін жүргізу арқылы, оқушылардың дыбыстарды бұзып айту тәрізді кемшіліктері түзетіліп, оқығанын, естігенін екінші адамға айтып беруге машықтанатын болады, баланың ойы дамып – жетіледі.

Қорыта айтқанда, сауатты болудың алғы шарты әріптерді үйретуден басталады. Әріп элементтерін дұрыс бір-бірінен ажыратып жазу ережелерін сақтағанда ғана бала сауатты жаза алады. Оқушыларды сауаттылыққа үйрету – әр мұғалімнің шығармашылық еңбегіне байланысты.  

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Л.Я.Желтовская, Е.Н.Соколова. Формеравания каллиграфических навыков у младших школьников. Москва, 1987. 3-8 стр. Аударған: Г.Мырзадәулет.
  2. Г.Граник, С.М.Бондаренко, А.Консевая. Секреты орфографии. Москва, 1991. 18-23 стр. Аударған: Г.Мырзадәулет

 

Бекетова Айгүл Маратқызы, бастауыш сынып мұғалімі, 

Қызылорда қаласы, "Мұрагер" мектебі


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама