- 06 ақп. 2019 00:00
- 273
Орақ мұрынның алмасы
Алматыдан келген өкіл Н. облысының бір түкпіріндегі «Авангард» колхозының магазинінің алдына келгенде басында қаракөлден тігілген кавказдық бөркі бар, үңірейген ұзын бойлы, орақ мұрын біреуді көрді. Оның айналасында аузы буулы бірнеше қап жатыр да, аузы ашылған екі үлкен қаптан алма көрініп тұр. Келушілер көп.
Анадай жерде бүйрек бет қара бала шешесінің етегіне оралып дамылсыз ызыңдап тұр:—Aпa, е-е-е, апа, алма-а-а! Әке-шешесіне тілін алғызған балалар алманы құшырлана шайнап барады. Олар алма жемей тұрғандарға, «е-е-ей» деп «сенде жоқ, менде бар» дегендей жылтылдатып алмасын домалаң-домалаң еткізіп көрсетеді. Балалардың «апалаған» қыңқылы одан сайын көбейе, үдей түседі.
«Құртты көрсе күр ауыздан су ағар» дегендей өкілдің де алма жегісі келіп, сілекейі шұбырып жүріп берді. Оның көз алдынан осыдан он шақты күн бұрын ғана Алматыда тұтынушылар одағында отырып, күртілдете алма шайнаған кезі елестеп кетті. Шіркін, сол алма осындай алыс ауданда командировкада шөлдеп жүргенде кездесер ме еді! Ол алма жанында отырған орақ мұрынның жанына жақындады. Баласы маза бермеген біреу оның сөзін аузынан қағып әкетті.
— Алмаңыз қаншадан?
— Екі сом.
— Килосы ма?
— Жоқ, біреуі.
— Ойбай-ау, мынауың қырады ғой.
— Қымбатқа сататыныңыз, ашуланатыныңыз бар метр жол жүріп, екі тонна алманы Алатаудан, алыстағы жырақ «Авангард» колхозына азабын тартып алып келгенде бекер бергелі отыр деп пе едің.— Орақ мұрын бұл сөзді шамданып, зікінеп, зіркілдеп айтты. Тұтынушылар одағының Н. облысына келген өкілі саудаға тікелей қатысы барын аңғартты:
— Қымбатқа сататыныңыз, ашуланатыныңыз бар мұнда неге келдіңіз?— деді? Орақ мұрын да тартынған жоқ:
— Егер біз болмасақ алыстағы ағайындарды алмамен кім қамтамасыз етеді?— деп шімірікпестен айтып салды. Өкіл не айтарын білмей аңырып тұрып қалды.