Оркиік
1
Онсыз да тоқ, көбең көңілдерді ауыздықпен алысқан сайгүліктер тіпті көптірді. Әрқайсысы-ақ күмпіп сөйлейді, кеңкілдеп күледі. Үзеңгіні аяқ ұшымен тірей, алыс-алыс көз жіберіседі. Бәріне осқырынып, үркіп қарасады. Елеуреген көкірек есірік көздерге иелік ете алмайды: көздің көргені миға жетіп үлгермей ғайып боп жатыр. Жаңағы боза қатып ішкен қымыздың қызуы енді-енді бетке тепкен. Топ біресе бөріктей дөңгеленіп, әңгіме, әзіл қағыстырады, біресе бұлың-бұлың сайды қуып, желіс, жорға салысады. Жастау жағы көлік үстінің байырғы желігіне де жіпсіп, болып келеді. Жүздері бал-бұл жанып, мына серуенге әлі де бірдеңе жетпейтіндей, әлі де айыздары қанбай сөйлейді. Бір жігіттің:
— Шіркін, ат бауырын созып алар тепсең жер-ай! — деп салып, ауыз жиғаны сол-ды, дала кенет жазылып жүре берген сықылданды. Әлгі төбе-сай, шоқал-шоқпыт та, тұқай қағар бұта да жоқ, тұсарлықтан келетін бір тегіс қырбық көк. Әй, кеп көсілт! Қырық аттылы ағытыла кетті. Үзік-созық, іркес-тіркес боп келе жатқан жұрт енді қатарласа қойды. Алға тек озып шығу шарт екенін бәрі бір мезетте ұғынды. Мына тегістіктің шет-шегі байқалар емес. Неткен рақат! Шапқан сайын жайылып, кеңіп барады.
Бұлар — ұлы ханның нөкерлері — шетінен дос, тату, жастары да шамалас жандар: әзірге ел, жер деген сөздердің сыртын қызықтап жүрген хан сарайының сый-сияпатына ғана батқан балпаң еркелер еді. Аң қағуға шыққан беттері-тін. Жарау жүйріктердің солығы басылғанша талай жерді жиырып салғанын ешқайсысы аңғармады. Жел гуілі мен тұяқ дүбірі делебе қоздырады. Әдейі еріктіріп көлеңкеде бақтырған жиырма-отыз ит шаңқ-шаңқ үріп алға түсті. Әне, шетінен жылтыр, жылмаң тазылар. Бірінің бірі басынан секіріп ойнайды. Тосын көзге аттылар осынша далбаңдап шапқанда алдарындағы бір қора итті қуып келе жатқанға ұқсар еді... Кенет егделеу бірі ат басын тежеп, серіктеріне түсініксіздеу бір ишаралар жасаған құсады. Қара мұрт астынан ақсаңдаған тісі оның әлдене нысанаға сілтегенін аңғартқан соң көпшілік солай жапырылған. Ең ілгергі тазыдан арқан бойы жерде мүйізі қылтыңдап Оркиік қашып бара жатты. Сол-ақ екен, бүйірі қызған жігіттер қиқулай жөнелді. Тұяқтар көсіп лақтырған топырақ төбеден жауады. Неткен рақат! Жел жаңағыдай құлаққа ұрмайды, сайгүліктердің жалында ғана суылдайды. Әлсін-әлсін «һай-һой, айтақ» деген ессіз шат дауыстар естіледі. Бірер қайың-қаптал ұли қыңсылап, ұмар-жұмар боп қалды. Оған көңіл бұрар уақыт болмады. Жұрт көзі алда, Оркиікте. Киік тура тартып отыр. Суырылып шыққан қызыл тазының бірден-ақ тілі көріне бастады. Бірақ маңайлар түрі жоқ, не қалып қоймайды, бір қалып. Киіктің құлағы селтең қағады, көсіліп шаппайды. Бұлт-бұлт орғиды.
Аң атаулыны қайырып ұстап әккіленген тазылардың бір тобы қабырғалай тиген — жуыса алмаған соң біртіндеп кеп дүрмекке қайта қосылып, жаңағы қызыл құмайдың соңынан шұбады.
Жігіттер мұнша ұзақ сайысты күтпеген-ді. Қырдың қай аңын да мынадай иттермен екі-үш қабақтан асырмайтын. Екі көрінімдей қуғасын әркім ерін, айылын тексеріп әбігерленіп қалысты. Ат сыр алдыртайын дегенде ердің мойынға кеткіш келетін әдеті ғой. Бүйтіп кете берсе тағы бір шәй пісірімде түгел шылбыр жетектеп қалатындарын жаңа сезінді. Семіз көкіректерге біртіндеп жүдеушілік кірді. Бұ жүгіріске иттер де төтей алмады. Әлгі бір әзірде екі-үшеуі ақсап шыққан, сол қатар енді бірте-бірте молайып барады. Салақтап кеткен тіл ұштарынан сілемей сорғалап шеттей береді, бұт көтеріп саритын бұта жоқ, қай-сылары жерді иіскеп-иіскеп ап ызалана қыңсылайды, тағы біреулері шоқиып отырған қалпы қалып барады, әлсін-әлсін ауыздарын ашып есінейтін сияқты — ұлығандары шығар. Киік соңында манағы қызыл құмай. Жұрттың ендігі үміт артары да жалғыз сол еді.
2
Күн екіндіге таянғанда қырық еркек киік етін жеп отырды. Жарты күнге созылған қан-сорпа шабыс, шөл, күдік, үміт азабы аң бауыздалғанда-ақ ұмытылған-ды. Қазір бәрінің жүзі жарқын, сөздері екпінді. Сақал-мұртының ағын санаса — бір қолдың саусағы жетердей біреуді ақ сақал атап, жабыла қошаметтейді. Анау қызарақтап дембіл-дембіл маңдайын, мойынын сүрткілейді. Серіктері одан сайын қусыра түседі:
— Қосағасы, сенің қызыл құмайыңның арқасында ауызы-мыз асқа тиді. Рәбім мұндай итті де ырысты жанға сыйлар болар. Аллаға шүкір.
— Жөн айтасың, Бибатыр! Оркиік талайдың таңын жыртты ғой. Аталы ердің аруағын Алла сыйласын! Мал да кірлі қолға бітеді. Осы қызылдың бесінші атасының бір сарығаны қырық жылқы болды деседі.
— Паһ, болған-ақ екен бәтшағар!
— Итте ата жоқ дегенмен...
— Ата қайда кетсін, жеті қазынаның бірі де жарықтық!
— Жөн айтасың, Бибатыр. Нұқ пайғамбардың өзі етегінде жатқан тазының ұйқысын қимай, шапанының шалғайын кесіп қалдырған екен.
— Аталы әңгіме. Топан суында Нұқтың кемесін тышқан теседі. Жыртық кеме бүйірлеп батуға айналғанда Хақтағала мысық жұмсапты. Сол хайуанның ұйқысына бола пайғамбардың етегін қиғаны рас, тауарықта бар сөз.
— Білмесе Бибатыр Бекей биден туа ма! Жәкемнің қызыл құмайы он қыздың құны да. Заты хайуан демесең салқы төс саңлағыңның нағыз өзі. Садақ оғындай ағады екен сабазың!
— Жігіттер, бір күшіктің мақтауы жетті білем. Сендердей серік барда менің бағым ортаймас. Алла разы болсын пейілдеріңе, — деді қызыл иттің иесі ыңғайсызданып, әрі ырзалығын жасыра алмай.
— Сау бол, Жәке. Жағың түспей жамандық көрме.
— Қызыққанның құмай екен, алдыңда болсын, азамат! Бір сөзіңнен садаға. Мына отырған отыз сегізің — Алаша мен Адай, бірің өз жұртым, бірің қайын жұртым ең, қарыма тартсам, қарым сынар, Бибатыр, сен Беріш Бекей сойысың, қидым саған құмайды!
— Құлдық, Жәкем, сөзіңе.
— Құлдық, құлдық!
— Әй, тусаң ту, ерім!
Бибатыр аталған сұлу, қара сұр жігіт көзіне жас алып, үнсіз қалған, отырған орынында бірер ырғалып барып тілге келді:
— Құлдық, Жәке, сен бердің, мен алдым. Топқа кірер күнің бір бүгін емес, алда ұлы ғұмыр бар, хан сыйласын сені! Қызмет етсем — кішілігім, кебісіңді салған екем деп көз-құртыңды алып қайтейін! Бірге қызықтайық Қызыл құмайды! Дәйім серік бола берейік саған!
— Әй, ерім-ай!
— Сенің сөзіңе де құлдық. — Жігіттер өстіп, дуылдасып жатты. Қошамет сөздер бірінен-бірі асады. Сөз білмейтіндер көңілшек қой, мына кісілікке сүйсінген қайсыбіреулері жанарларына жас алысты.
Оркиіктің еті де тауысыла келген-ді.
3
Ұзақ-ұзақ бата айтылып, қолдар жайыла берген, әлдекім айқай салды:
— Қайдасың, Қанне-еес! — Дауыс әрі алыс, әрі жақын және бір түрлі өктем, жат естілді. Қырық кісінің іші жамырай жауап қатты:
— Ау-ау-у-уу! Мұндамын! — Сол-ақ екен, қабақтар кіржіңдеп, езулер қисайып жүре берді. Қайдағы үн, кім? Бөгде дауысқа жауап қайырған қай көргенсіз? Иланым бойынша, өзі, тұлғасы көрін-беген тіршілік иесі сауалын үш қайталамайынша құлақ асу — жақсылыққа апармайды.
Сонша болмады, әлгі дауыс:
— Сен іштен, мен сырттан! — деді. Қырық кісінің іші тағы шу етті. Бірақ бұ кезде бұлар бірін-бірі кінәлап, езеуресіп өңмеңдесіп кеткен, сондықтан соңғы сөзді ажыратқан ешқайсысы болмады. Шатақты қызыл құмайдың иесі бастады. Ол:
— Қане, Қаннес қайсың? — деп түйілді.
— Мее-еен! — деді қырқы бірдей.
— Мен деген кім?
— Ме-еен!
— Бибатыр, сенбісің?
— Жоқ, сен!
— Жоқ, мен емес.
— Сен, сен!
— Қосағасы, сен алдап отырсың!
— Атаң басқа екенін көрсеттің, Бибатыр!
— Жоқ, мен емес, сен басқа.
— Әй, қасқа!
— Өй, жауыз!
— Ит, доңыз! — Әп-сәтте бәрі шетінен хайуан боп шыға келді. Керіс, жанжал осыдан сүт пісірім уақыт бұрынғы достардың көздерін ашты. Сөйтсе, иттіктің , доңыздықтың үстіне бұлардың бірі — ақсақ, бірі — қыли, бірі — таз, бірі — шолақ; ішінде іске татыры жоқ, өңшең албасты екен. Ет деп жегендері қи мен тезек, қолдарында адамның бір-бір қу жілігі, көк шалғын деп отыр-ғандары — күл төгілген ескі жұрт. Шулап ұлыған иттері мен шұрқырай кісінеген аттарының үні қаперлеріне сонда жетті.
Көздеріне қызыл жүгірді. Бір-бірінің жағасы, құлақ-шекесінен өзге ешқайсысы ештеңе көре алмады.
Ертесіне сиыр сәске кезінде Ұлы Ханның ордасына жаға-жеңдері алу-далу боп қырық қарақшы кірді. Бұлар кеше осы уақытта аттанған қырық жайсаң жігіттен мүлде басқа-тын. Көздері қисайып, жүздері түнерген, бір-біріне қас аңсап, қара тілеген өңкей бір қараңғы адамдар содан пайда болды. Содан бастап, «балық басынан» дегендей, алдымен, хан ордасының берекесі ұшты. Артынша әлдекім Қызыл құмайға күшәла тастап өлтірді.
Біз қайдан білейік, бүгіндер ауыл қарты туыс-тұстасының ұсақ мінез-қылығына реніш білдірерде: «ағайын арасындағы алауыздықтың басы — сол жұрттың өзі қуып ұстаған өз қырсығы — Оркиік екен» деп аңыз шертеді...