Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Міржақып Дулатұлының «Абай» атты мақаласы туралы...

2020 жыл көптеген ардақты тарландарымыздың мерейтойларымен тұспа-тұс келді. Ең бастысы – бұл әрине, кемеңгер ақын, ағартушы, Ұлы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуы. Сонымен бірге, 2020 жыл тағы бір артынан өшпес мұра қалдырған қоғам қайраткері – Міржақып Дулатұлының 135 жылдығын тойлануымен сабақтас. Кезінде екі дарабоз тұлғамыздың аты бір баспа газетінде екі рет шыққан еді. Солардың бірі, «Қазақ» газетіндегі Міржақып Дулатұлының Ұлы ақынның қайтыс болғанына он жыл өткеннен кейін жариялаған «Абай» атты мақаласы әлі күнге дейін өз өзектілігін жойған жоқ. 

Міржақып Дулатұлы басқа елдерде Абай секілді бірегей ақын туылса, ол жайлы сегіздегі баладан сексендегі ақсақалына дейін біліп, аты барша халыққа танылар еді дей келе, «опатына он, жиырма бес, елу, жүз жыл толған сайын бүтін жұрт ескеріп, мәтбуғаты кайнап, есімін мәңгіге шейін қалдыруға өшпес белгілер орнатып, құрметіне неше түрлі ізгі жайлар ашар еді», - деп, өзінің іштей күйінішін білдірген еді. Міржақып Дулатұлының бұл өкініші қазіргі тәуелсіз Қазақстанда толығымен сейілгеніне, тілегі мен ұмтылысының барынша орындалып жатқанына бүгінгі ұрпақ қынжылмаса болатынына үлкен қанағат етеміз.

Публицист-ақын Абай Құнанбайұлының қаламгерлік даналығы қайтыс болғаннан кейін бірнеше жылдар өте белгілі болып, көзі тірісінде ол туралы ең алғаш Алихан Бөкейханұлы жазған еді. Ал, Міржақып Дулатұлы болса, өзі тек 1904 жылы Ахмет Байтұрсынұлының көрсетуімен, Ұлы ақынның өлеңдерімен таныс болғанын еске алады. Сол кезде, қазақ әдебиеттануын жетік меңгеріп, қазақ тілі білімінің негізін қалаушы Ахмет атамыз, Абай Құнанбайұлына барып кездесемін деп жоспарлап еді, өкінішке орай, ақын күзге жетпей өмірден озды деп жазады Міржақып Дулатұлы. Және де Міржақып атамыз да Ұлы ақынның шығармашылын жария етуде Абай Құнанбайұлы туыстарының ризашылығымен Алихан Бөкейханұлының да қосқан үлесін айтып кетеді. 

Міржақып атамыз мақаласында әдебиет пен тарихқа да ерекше назар аударып, Ұлы ақынның шығармашылығының тек өз туған өлкесінде ғана белгілі болуы, ертең еліміздің басқа елдермен қатар дамуына бөгет болуына әкелу мүмкіндігін пайымдайды. Бұл тұста, автор әсіресе халықтың тарихи әдебиетінсіз, еліміз жат мемлекеттерге әбден сіңісіп, кейін мүлдеп «жұтылып» кету қатері ықтимал дей келе, «қайдан өрбігенін, қайда өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ», - деп, отансүйгіштіке шақыру секілді тағы бір маңызды үндеуін жасайды. Бұның барлығы не үшін керек десеңіздер, бұған Міржақып Дулатұлы ертең Абай Құнанбайұлы секілді кейін қазақтан шығатын талантты да, көзі ашық азаматтарымыздың ұмытылып кетпеуі үшін қажет деп жазып қалдырған өсиетінен түсіне аламыз.

Аталмыш мақалада Міржақып Дулатұлы Абай Құнанбайұлының арқасында ХХ ғасырда жас қазақ әдебиеті жанданып өсті, сол себепті, Ұлы ақынды қазақ әдебиетінің «бірінші кірпіші» деп атады. Одан бөлек, Міржақып атамыз орыс елінің тұңғыш жазушысы, асқақтаған биігі – Михаил Ломоносов болса, біздің жүйрігіміз – Абай деген тұжырым жасайды. Бұл тұста, Міржақып Дулатұлы орыстардың Михаил Ломоносовты жылдан жылға, ғасырдан ғасырларға шексіз құрметтеп, ғалымның өмірі мен қызметіне бастарын иетіндігін айтып кетеді. Барша қазаққа Абай Құнанбайұлы жайлы еске салу әрі жариялап айту сол кездегі Міржақып Дулатұлының бірінші парызы болса, оны халық жадында сақтап қалу, Міржақып атамыздың жазғанындай «мәңгі ұмытылмастай болуы» бүгінгі біздің борышымыз. Біз де өз Ломоносовымызды құрметтеп, айтар ізгіліктерден шаршамауымыз керек. Сонда ғана өзіміздің ардақты азаматтарымыз халық жүрегінде мәңгі қалары анық.

Сонымен бірге, Міржақып Дулатұлы Семей қаласында 1914 жылы әзірленіп жатқан іс-шаралармен бөлісіп, өңірде алғашқы рет Абай өлеңдерін оқу кеші ұйымдастырылғанын мәлімдейді. Автордың сөзінен бұның барлығы Ұлы ақынның рухына тағзып болып, ақыл-насихаты ұрпақтан ұрпаққа жетіп, сақталуын тілегенін байқаймыз. Тілі өткір автордың халық даналығын қастерлеуде бұрыс пен дұрысты бөле тұра, келешекке үміттенетінін түсіне аламыз. Сондықтан, оймызды түйіндемесін құрметті Міржақып атамыздың сөзімен аяқтаған жөн болар: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар, бірінші ақынымыз деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...». Қазіргі таңда, Міржақып Дулатұлының арман-тілегі орныдалды деп сеніммен айта аламыз.

Ахметжанова Ажар. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ.

Тарих, археология және этнология факультеті


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама