Өткен күн елес емес
(Амангерей Орынбаев жөніндегі естеліктер дәптерінен)
— Мұнайшы дегенде менің көз алдыма бір ғана Адам келеді, - деді өзіме де, өзгелерге де аса сыйлы адам.
— Кім екенін айтыңызшы...
— Амангерей Орынбаев...
— Тағы да кімдерді атай алар едіңіз?
— Тауып аласыз ғой. Осы ел бәрін біледі...
— Өзім бір ғана мұнайшыны білемін, — деді отыз жылдан мұнайшылармен қатар еңбек етіп, ащы-тұщының дәмін солармен қатар татып келе жатқан, өз сөзіне жауап бере алатын белгілі маман геолог келіншек, — ол — Амангерей Орынбаев.
Бұл жөнінде мен естіп жүрмін, келіспеймін деп айтпаймын. Бірақ шынымен, өзге ешкімді атай алмайсыз ба! — деп, мен таңданып қалдым.
— Жоқ, тағы да үш адамды атай аламын. Олар — "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамының тұңғыш президенті Жақсылық Жанғазиев, қазіргі президенті Мұрат Құрбанбаев және Жауғашты Балабатыров деген жігіттер. Шын мәніндегі мұнайшылар деп мен осы төртеуін айтар едім...
Олардың бәрін бірден неге атамағанын өзімше жобалағанмын. Алғашқы екеуі басшы адамдар, басшыларды мақтамайтын кеңес өкіметі кезінен қалған әдетіміз бар. Басшылықтан Жауғашты да құралақан емес. Сондықтан ендігі сұрақты басқаша қойғанмын.
— Оларды өзгелерден ерекшелейтін қандай қасиеттері бар деп ойлайсыз?
— Олар осы Өзен кенішіндегі қай скважинаның қандай тарихы бар екенін, қай құбырдың қалай төселгенін, қай тұстан "ши шығуы" мүмкін екенін бес саусақтарындай біліп отырады. Ал Өзеннің ой-қырында қаншама скважина бар екенін, қай құбыр қалай төселіп жатқанын ойлап көріңіз...
— Оларға тән тағы да қандай қасиеттерді атай алар едіңіз?
— Мұнай төңірегіндегі бүкіл темір-терсектің жайын өте жетік білетіндіктен, олар ешуақытта көмекке өзге біреулерді шақырып жатпайды. Жарылған құбырдың, тұрып қалған качалканың тұсынан өтіп кетіп, өзге біреулерді жіберіп, уақыт өткізу деген оларға жат. Мысалы, Амангерей басшылық қызметте жүрген кездерінің өзінде, кез-келген аварияларға өзі тікелей араласып, жұмысшылармен бірге сол жұмыстың нүктесі қойылғанша жүретін. Үстім былғанады екен деп тұрып қалу, менің міндетіме жатпайды ғой деп, шеттеп қалу деген бұл адамдар үшін жат. Сұрай қалсаңыз бәрі де айтады...
Мен оның сөздеріне күмән келтірген жоқпын, кейіннен сөйлесуге ниет еткен адамдарымның барлығының да пікірлері бір жерден шыққан. Әрине, бұл осы кен орнында ащы терін төккен өзгелердің еңбегін жоққа шығару емес болатын. "Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз кірпіш қорған емес" дегендей, жекелеген адамдар қанша мықты болса да, өндірістің ісі көппен бітеді ғой. Ал бұл арадағы сөздің негізгі түйіні адамның өз ісін егжей-тегжейлі біліп, жетік меңгеруі, өз мамандығының шебері екендігі турасында екені түсінікті шығар.
Амангерей, шынымен де, ерекше жаратылған жан болса керек. Ол өзі бұл өңірге Өзен кен орны ашылғаннан кейін Түркменстан жақтан көшіп келген жесір әйелдің жалғыз ұлы болса да, өмірге еңсесін жоғары ұстап қараған, өз талабына тосқауыл жасамаған жігітке ұқсайды. Келе сала сегіз жылдық білімін Таушық училищесінде жалғастырып, орта білімі жөніндегі куәлікпен бірге шопырлық мамандық алып шықты. Қолына қараған жалғыз анасын асырап, осыны қанағат тұтып қалуы да мүмкін еді-ау, бірақ ол өйтпепті. Алла Тағала бойына бітірген дарын қуатын сезінді ме екен, әлде әуелден болмысына тән білуге деген құштарлықты, көкірегін кеңейтуге деген шексіз әуестікті жеңе алмады ма, жас қосылған, әлі бір мамандықтың басын ұстап үлгермеген жары Дәметкенді анасының жанында қалдырып, өзімен тұстас бір топ жастармен бірге Алматы политехника институтына тартып кетеді. Оны жақсы білетін жақын адамдарының, бірге оқыған жолдастарының айтуына қарағанда, Амангерей жас кезінен-ақ зерек те, ізденімпаз, еңбекқор болыпты. Сондығынан да шығар, сол жылдары бүкіл Советтік социалистік республикалар одағының туы болған ұлы Лениннің туғанына 100 жыл толуына арналған медальмен марапатталған бірден-бір студент осы Амангерей Орынбаев болады. Сол кездердің коммунистік партия бақылауындағы қатаң талаптарын жақсы білетіндер жас жігіт үшін мұның қаншалықты зор құрмет екенін қапысыз түсінері сөзсіз.
Иә, осылайша ол Алматы қаласында оқып жатты. Оны ерекшелеп тұрған тағы да бір сүйінерлік жай, студенттің жартымсыз стипендиясымен күн көріп жүргеніне қарамастан, бірінші курста оқып жүріп, келіншегін Алматыға алып кетеді. Күйеуі оқу іздеп алысқа аттанған кезде, құдайға күнәлі болса да, іштей, оның оқуға түсе алмай қалуын тілеген келіншек, енді қуанады. Сонымен қатар, қолынан келетін бар өнері, бізбен жаздық кеудешелер тоқып, оларың студент қыздарға сатып, там-тұмдап табыс та тауып, күйеуіне өз көмегін тигізеді. Алайда, тұңғыш перзенттері Раушанның дүниеге келуіне байланысты Дәметкен Жаңаөзенге қайта оралуға мәжбүр болады.
Уақыт қандай жылдам десеңізші... 1968 жылы дүниеге келген сол қызын өсірем деп жүргенінде үш-төрт жыл зулап өте шығыпты. Ал күйеуі оқу бітіретін жылы Райхандары дүниеге келіп, өзі жүйрік уақытты тіпті қамшылай түскендей көрінеді бүгінде Дәметкенге. Сөйтіп Қазақ политехника институтының мұнай және газ кен орындарын комплексті механикаландыру технологиясы факультетін екінші қызы туған жылы бітіріп шығады. Амангерейдің бір қасиеті, ешуақытта адам баласының жүзін жыртып, ауыр сөз айтуды білмейтін. Бұған қарап, оны бір аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен жуас деу де қиын. Өйткені көңіліне ұнамаған нәрсені сол бойда айтып, қатты ұрсып тастайтын мінезін көргендер көп. Бірақ та ешуақытта сол сәтті қайыра еске салып, сол үшін біреуді айыптап көрмепті. Ашуының арты шайдай ашылып, сол бойда түк қалмай тарап кетеді дейді білетіндер. Ал осындай адамның әйелге деген көзқарасы қандай екен десеңіз, ол ешуақытта өзге тұр ғой, өз әйеліне зекіп көрмепті ғой.
Әне-міне дегенше, Амангерейдің мұнайшылық ғұмыры да басталып жүре береді. Ол кездегі оқу бітіріп келгендердің бас тірейтін жері біреу, бұл да өзгелермен бірге Өзен мұнай газ өндіру басқармасына аға оператор болып жұмысқа орналасады. Бұл кезде отағасы ел қатарлы отанына оралып, екі баланың анасы болып, көңілі енді жайлана бастаған Дәметкен бірде үйлеріне қыдырып келіп отырған абысынына енесінің құпиялай түсіп, әлденені айтып отырғанын естіп қалғаны... Шала-пұла құлағына шалынған сол бір сөз өзіне ұнамай, оңаша қалған соң жанына барған.
— Әлгі кісіге не айтып отырсыз?
Енесі жасырған жоқ.
— Қарағым-ай, бастарың енді қосылғанда көлденең сөз айтып, сүйінші сұрағандай болмайын деп, үндеген жоқпын. Күнім жақын қалғанын біліп, балам келген соң көп қалмаспын деп жүр едім. Біраз бұрын түсіме еніп, аян берді ғой. Соны айтып едім. — Шынымен де, енесі көп ұзамай қайтыс болған. Алты жыл бір шаңырақтың астында тұрса да, алты ауыз артық сөз айтып көрмеген, қайта анасының орнына ана болып, ақылын қосқан, өзі шешуін таба алмаған сан сұрақты көлденең тартқанында жанында қылау қалдырмастан әңгіме-дүкен құрып, жанын жадыратып тастайтын сол бір жанды алғашқы жылдары қатты қинала іздеп жүрді. Байқаса, неше жыл бойы жолаушылап кетіп, білім қуған мұның күйеуін жоқтатпаған да сол енесі екен. Балаларын бағысып, бір жағынан қасында қара болып, бір үзім нанды бөліп жеген екеуінің де бар тілегі бір Амангерейдің үстінде еді. Оған бұл үйдегі екі әйел — анасы да, жары да тіршіліктерінің бір ғана тірегіңдей, ғұмырларының бір ғана мәнісіндей қарап, отбасы төңірегіндегі ешбір іске араластырмайтын. Алыста жүргенінде әрбір хабары келген сайын бірге қуанысатын, келер күнін де асыға күтіп, жолына бірге қарайтын. Енесі қайтыс болған соң да үй ішінің күйкі тірлігі мен қыздарының, одан кейін дүниеге келген ұлдарының да бүкіл тауқыметін Дәметкен өзі ғана көтерді. Терең зерделі, парасатты жігіт жарының тарапынан ұдайы көрініс беріп тұратын осы бір шексіз ілтипаттың таусылмайтын құрметтің құнын түсінбеуі, бағаламауы мүмкін емес еді. Сол себепті де оның өзіне біреулерше еркексініп қожаңдамағанын, қол жұмсап, қорламағанын Дәметкен де сезінетін және сол үшін де шексіз бақытты еді. Ешқашан да отбасының ойраны дегеннің не екенін білмей өскен балаларына қарап, Аллаға мың да бір алғысын білдіріп жүретіні де содан шығар. Бірге ғұмыр кешкен отыз екі жылдың ішінде, енді ойлап қараса, кикілжің күй кешкен бір де бір күні болмапты. Ойлай-ойлай есіне түсіргені мынау ғана:
Бірде жұмыстан келіп болмады. Бір күн, екі күн келмей қалу деген әдеттегі үйреншікті жай ғой. Бұл жолы тіпті үшінші күннен асып бара жатты. Шаршап келетін күйеуінің тамағын қай уақытта болса да дайын етуге қаншалықты машықтанып алдым дегенмен, үш тәуліктік күту әбден діңкесін құртқан әйел, оның кетерінде: "мен қажет болып қалсам, хабарласарсың", — деп, қалдырған нөмірі бойынша телефон шалмай ма.
— Тыңдап тұрмын, не шаруа еді? — дейді біреу.
— Не шаруа болсын, анау Амангерей үш күннен бері үйдің бетін көрген жоқ. Тамақ ішпейтін адам ба өзі?! Үйге келіп, шай ішіп кетсін де, ең болмаса? — дейді бұл өзінше ашуланып.
— Айтайын... Айтайын..., — дейді анау адам.
Жарты сағатқа жетер жетпесте Әбекең үйге жетіп келеді.
— Оу, ұят болды ғой, Батырбаевқа не айтып едің?! — дейді.
Сөйтсе, бұл телефон соққан кезде "Узеньнефть" мұнай газ өндіру басқармасының бастығы Махамбет Батырбаев сол арада жүр екен. Басшылардың желкесіне бюрократтық әлі міне қоймаған кезі болған соң ба, әлде болмысында бастықпын деп менменсуді білмейтін жан ба, әйтеуір шырылдап жатқан телефонды көтере қойған ғой. Артық сөз айтпастан, ауыр авария салдарынан әбден бүлінген құбырды қалпына келтіре алмай жатқан жұмыс адамын үйіне қайтарып, әйел адамның бір ауыз сөзін жерге тастамаған ол кісі де тегін болмас деп ойлайды қазір Дәметкен, сол бір оқиға есіне түскенде.
Батырбаев Махамбет жасы жөнінен со Амангерейлерден көп үлкен емес, бірер жас қана ересек, Атырау өңірінің азаматы. Кезінде Атырау мұнай техникумын, кейіннен Бүкілодақтық политехника институтын сырттай бітірген. Қазақстан Республикасы өнеркәсібінің еңбек сіңірген қызметкері. Маңғыстау өңіріне еңбегі сіңген жан. 1962-63 жылдары Маңғышлақ геофизикалық партиясында жұмысшы болған. 1966-68 жылдары кәсіпшілік геофизикалық партияның инженері, 1968-78 жылдары Қазақтың ғылыми мұнай зерттеу институтында істеген. 1978-91 жылдары "Узеньнефть" мұнай газ өндіру басқармасында алғашында бас геолог, кейіннен басқарма бастығы қызметін атқарған. 1991-92 жылдары Махамбет Батырбаев "Мангышлакнефть" өндірістік бірлестігінде жауапты қызметтерде болды...
Иә, одан бері де көп жылдар өтіпті. Міне, әйтсе де сол бір жан мұнайшы Амангерейдің отбасында әлі күнге дейін сол бір телефондағы әңгімемен еске алынып қояды...
"Біздің үйдің отбасында "қара май" туралы көп айтылмайтын. Өйткені отағасы бала-шағаның алдында жұмыс туралы сөз айтуға жоқ еді. Бірақ "қара май" біздің үйдің бір мүшесі секілді, ешқашан есімізден шықпайтын. Өйтетін себебі ол біздің үйімізге мұнай болып емес, шын мәніндегі қап-қара май күйінде келіп енетін. Сауыс-сауыс май киімді көбінесе жууға да келмейтіндіктен, орап-орап лақтыруға тура келетін. Мұнай байлығымыз ғой, сонымен қатар жеп отырған нанымыз, қожайынымның жанын беріп жасаған жұмысы да сол болды. Сондықтан шығар, тіпті бүгін киіп кеткен киімі де ертеңіне киюге жарамай жатса да, ол үшін қабақ шытуды білмеппін. Оның үстіне, сол қара майдың нанын жеп жүрген, сол қара майға былғанып отырған тек қана мен емеспін ғой деп те ойлайтынмын. Шынында да солай екен. Қара майдың қасиетімен бүгінде бүкіл ел күн көріп отыр ғой, ең бастысы, қаншама жыл соның бейнетін көргендер оның межелі тойларын тойлай берсе екен, еңбектерінің жемісін көрсе екен", — деп еді Дәметкен.
Өзен өңірінде жер байлығын тауып, оны ел игілігіне жарату үшін қаншама адам тер төгіп келеді десеңізші. Осы жолда жан қиғандарды есептегендер бар ма екен, сірә. Ал рахатын көріп жүргендер қанша? Мұнайшының ауыр еңбегінің өтеуі қайда дейтін замандастар сұрағына жауап табылды ма? "Қара май" сырын біліп болдық па? Өткеніміз не дейді өзі? Оның сөздері мені осы тектес ойларға жетелеген.
Осы мезет менің көз алдыма қалтасына тұңғыш рет өзінің қолы жеткен жеке құжаты, Таушық училищесі берген жүргізуші куәлігін салып, өз жауапкершілігіне берілген қорапты жүк машинасымен желдей есіп, өзі отырған Бегдаштың мектебіне асыға жеткен жас Амангерей елестей берді. Ол өзі сегіз жыл бірге оқыған достарына-ақ жүрегін жайып тастап, ең алғашқы азаматтық қуанышымен ортақтасу үшін барған шығар-ау... Мүмкін бұл оның өміріндегі тұңғыш рет өз бетімен қол жеткізген жеңісі шығар. Ал сәл нәрсеге дүрліге қуанатын достары машинасын көрсеткелі ертіп шыққанда қорабының бір қапталы жоқ екенін көріп, ду күлгенде ол қандай сезімде болды екен.?! Бірақ қиналмастан: "Е, жолда түсіп қалған ғой, қайтарда тауып алармын", — деп, жауап бергенін қалай түсінер едіңіз? Оның жасымай, кідірмей берген жауабы бейне өзі өмірден жүріп өткен жолындағы бірбеткейлікті еске салғандай. Біздің әр біріміз де ондай сәттерді бастан кешкен шығармыз. Бірақ жасып қалған кездеріміз арқылы ес кіріп, қуанған сәттеріміз арқылы марқайып, шынығып отырған шығармыз. Өйткені өткеннің бәрі елес емес, пенде біткеннің бәрі де сүріне-қабына жүріп ержетеді. Тек қана барар жерің неғұрлым ұзақ болғай, жүрген жеріңде із қалған...