Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ұлы дала ұланы

Орденді мұнайшы, іскер басшы Жақсылық Жанғазиев жайлы бір үзік сыр.

Жер ананың бауырында жанталаса тірлік кешкен, пенде атаулының арасында, бүкіл болмыс бітімі өзгеше жаратылған, дара тұлғалар, көш бастайтын кемеңгерлер мен сөз бастайтын шешендер, қол бастайтын батырлар мен ақыл-ойға өріс жасайтын ғұламалар жүрмесе қайтер едік...Елдің елдігін танытатын да солар емес пе...Бауырынан осы санаттағы талай дарабоздарды өрбіткен Маңғыстау өзінің құнарлы қойнауынан шыққан ұлы дала ұландар легі әлі де үзілмегендігін ұдайы дәлелдеп келеді.

Облыс жұртшылығы осы ақиқатқа жуырда және бір көз жеткізгендей болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің бір мың тоғыз жүз тоқсан сегізінші жылғы қазанның жиырма екісіндегі Жарлығымен, елімізге сіңірген еңбегі, қоғам өмірінің тиісті салаларындағы жемісті қызметтері үшін марапатталған бір топ қызметкермен бірге "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамының президенті Жақсылық Смағұлұлы Жанғазиев та Отанымыздың "Құрмет" орденімен марапатталып, оны елбасымыздың өз қолынан алу мәртебесіне ие болды.

Соның алдында ғана, "Астана" медалін жарқырата тағынған Жәкеңді, сол жылы күткен мерей тасқыны, мұнымен де толастамаған екен. Көп ұзамай ол бір мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылғы қаңтардың оны да өткен Президент сайлауында, қайта сайлануға түсіп, тұғырына қайта қонған Презитентіміздің сенімді өкілі болып, оған үлкен сенім көрсетілді.

Ал осы мәртебелі шағына ол қалай жетті...

Қолынан қандай істер келіп жүр еді, соншама...

Міне, біз тектес сұрақтар төңірегінде толғана отырып, Жақсылық Смағұлұлының болмыс бітімімен, ой парасатымен ғұмыр соқпақтарынан жұртшылықты, хал-қадырымызша, хабарлы етуді мақсат тұттық.

Оның болмысы, өзінің туған жерінің келбетіңдей, сан қырлы, алуан айшықты. Бір қарағанда, көп тыңдап, аз сөйлейтін, ауыр мінезді жанға ұқсағанымен, ауыздан шыққан әр сөзіңізді айна-қатесіз қабылдап, оның мән-мағынасын жан-жақты саралап, сол бойда-ақ тиісті бағасын беріп тастап отыратын тереңдігі бірден аңғарылмауы да мүмкін. Сырын білмейтін, адам оны бір қиқар, қай кезде және қандай мәселеге қатысты болса да, әйтеуір, айтылған сөзге қарсы шығып, өре түрегелуге құмар адам екен-ау деп, ойлап қалуы ғажап емес. Ол кісімен істес болған талай жанның, осындай пікірге келуі сөзсіз.

Алайда, оның келе-келе, бір ғана дұрыс шешім тауып, айта білетін және тез қорытынды жасап отыруға өресі жетіп жататын білікті маман екенідігіне көз жеткізері анық. Оны көпшіліктің бірден түсіне алмай қалатындығы ойлау қабілетінің тереңдігінен, қарапайым адамдардың оның ой желісіне ілесе алмай қалатындығынан.

Және бір ерекшелігі, ол кісі қай мәселені болсын шешкен уақытта, көзге көрініп тұрған, қазіргі пайданы емес, істің түбегейлі нәтижесін, оның халық мүддесіне сай немесе сай еместігін қатты ескеретін дейді, ол туралы сыр мінез әріптестері.

Бұл сөздерге, ол қандай істі қолға алса да, толыққанды деңгейіне жеткізіп, мүлтіксіз атқаруды мақсат тұтатын және ешуақытта ешқандай мәселеге жүрдім-бардым қарай алмайтын, жауапкершілік сезімі аса жоғары, парасатты азамат дегенді қосуға болар еді. Жаны дархан, жүрегі үлкен, пейілі кең және өте әділ де сезімтал. Соңдықтан да өте қарапайым. Мүмкін бұл оның Смағұл ақсақал мен Қансұлу ананың отбасынан өрбіген он баланың бірі болғандығынан да шығар. Әлде, ана сүтінен дарыған, әке өнегесінен сіңген қасиет пе екен. Әйтеуір, оның өзгеден ерек зейінділігі мен зерделілігі, рухани әлемінің кеңдігі, өресінің биіктігі бүгінде қалың жұртқа дәлелденіп болған жайлар.

Ата тегіне көз жүгіртсеңіз, бұл әулеттің тарихынан, қазақ елі бастан кешкен, талай хикметтер елес бергендей. Арғы атасы Қуан Кеңес үкіметінің қуғынына ұшырап, мал-мүлкі тәркіленгендердің бірі. Байығаны үшін, бас бостандығынан айырылып, Кетік түрмесінің босағасында жан тапсырыпты. Соңында қалған үлкен әкесі Жанғазы да тіршілік тепкісін аз көрмеген. Бір мың тоғыз жүз жиырма сегізінші жылғы қоян жылында жұтап, күнелтіс іздеп, жер ауып, ел кезіпті. Түркменстан құмын шиырлап, Иранға өтіпті. Туған жерге отызыншы жылдардың басында оралып, ұжымдық шаруашылыққа кіріп, сақтапты. Өз әкесі Смағұл Шахтыдағы көмір өндіру жұмыстарына қатысқан. Бұл Маңғыстаудағы жер асты байлықтарының алғаш игеріле бастаған кезі болса керек. Алайда, Смағұл Жанғазыұлы, кейіннен, есепшілер даярлайтын курсты бітіріп, ғұмыр бойы, аудандық оқу бөлімінде есепшілік қызмет атқарған.

Ал Жақсылық Смағұлұлының тағдыры, құдайға шүкір, қазақ елінің өркендеген кезеңімен тұспа-тұс келіп, тәуелсіздіктің даңғыл жолына ұласты. Заманы сыйлаған таңдау мен еркіндікке, шабыты мен талантына сай, жомарт жанның алдынан, асқақ армандарға бастайтын алып қақпалар, бірінен соң бірі, айқара ашылып жатқандай.

Иә, оның өмір жолы, тек қана, есею сатыларынан, биіктеу баспалдақтарынан тұрады. Қарай қойыңыз.

Бір мың тоғыз жүз жетпіс бірінші жылы Алматы политехникалық институтын мұнай және газ кен орындарын комплексті механикаландыру технологиясы мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, Өзендегі бірінші кәсіпшілікке мұнайшы шебер болып келген. Содан көп ұзамай-ақ аға инженер, смена бастығы, аймақтық технологиялық қызмет басқармасы бастығының орынбасары, орталық технологиялық қызметтің мұнай және газ өндіру жөніндегі дәрежелеріне сатылап өсе береді.

Сөйтіп, бір мың тоғыз жүз сексен екінші жылы осы басқарманың бас инженері дәрежесіне жетеді. Екі-үш жылдан соң "Маңғыстаумұнайгаз" өндірістік бірлестігіне орталық технологиялық қызмет бастығы болып, жоғарылатылады. Жетібай сияқты, ірі мұнай-газ өндіру басқармасын басқарады. Қазақстан Республикасы отын және энергетика министрлігінде басқарма бастығы қызметін атқарады.

Қарап тұрсаңыз, оның өткен мектебі, шын мәніндегі, шыңдалу мектебі. Ол мұнай және газ өнеркәсібінің, қатардағы жұмысшысы болудан бастап, барлық сатыдағы басшылық қызметтерді саралап шықты. Сөйтіп, тәжірибе жинақтады. Бұл оның басқару баспалдағындағы жаңа да жауапты үлкен істерге деген тәуекелін қамтамасыз етті.

...Сол бір жылдары, Өзен кен орнындағы өндіріс жағдайы тым күрделі күйге жеткен. Бір мың тоғыз жүз тоқсаныншы жылдан бастап, мұнай өндіру жыл сайын бір миллион тоннаға дейін кеми берген.

Міне, осы кезеңдерден бастап, Жәкеңнің көңілінде бір тың ойлар қозғалысқа түсіп, жаңа талаптарға бой ұру қажеттілігін терең сезіну басталды деуге болар еді. Іске жаңаша көзқарас жаңаша ұйымдастыру қажеттігін ол түйсінгені сөзсіз. Оның мазасын кетірген тың ойлардың өміршеңдігіне жол ашуға өмірдің өзі көмекке келді десек, қателесер ме екенбіз...

Сол кезеңде, Қазақ елінің өз тәуелсіздігіне қол жеткізуі оң талапқа даңғыл жол ашты. Егер бұлай болмағанда, Қазақстан үкіметі бір мың тоғыз жүз тоқсан үшінші жылы Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінен кен орнын қалпына келтіру үшін несие сұрауға тәуекел ете алар ма еді әлде ете алмас па еді...

Бұл банктің Қазақстанға көмек қолын соза қоймағаны да, рас. Бірақ бір талапты бір талап жалғап, тығырықтан шығуға деген талпыныс өз нәтижесін берген. Сол бір ауыр да қарбалас күндерді еске ала отырып, Жақсылық Смағұлұлы былай деген еді.

— Банк әлемінің белгілі фирмалары мен жекелеген сарапшыларды тарта отырып, кен қорының мөлшерін қайта анықтау, мұнай ұңғыларының, өндірістік құрал-жабдықтардың техникалық күйін тексеріп, өндірісті ұйымдастыру, қаржы, есеп-қисап қызметіне талдаулар жасап, есептеулерді тиянақтаймын дегенше өткен, үш жыл мерзім ішінде, біз де қол қусырып, қарап отырған жоқпыз. Іскерлік ынтымақтастыққа қол жеткен әуел бастан дүние жүзілік банк, Өзен кен орнын, мұнай өндірумен айналысатын басқарманы, "Маңғыстаумұнайгаз" өндірістік бірлестігінің құрамынан шығарып, дербес кәсіпорын етіп, құру талабын қойды. Бұл талапты орындау бізге өндірісті басқару, ұйымдастыру қызметін мұнай кәсіпшіліктеріне етене жақын апаруға мүмкіндіктер жасады. Сөйтіп, Өзен кен орнында өндірісті жаңаша ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды...

Бірінші кезекте, кен орнындағы өндіріс орнын тиімді пайдалану мақсатымен, мұнай мен газ салалары бойынша, екі үлкен басқарма құрылып, олардың аппараттары, кәсіпшіліктерді басқару үшін, ең қолайлы деген жерлерге орналастырылды. Сонымен қатар, басқару аппараттары өздерінің ең негізгі мақсаттары – өнім өндіруден өзге ешқандай қосалқы шаруаларға алаңдамауы үшін барлық жағдайлар жасалды.

Ал, қосымша уақыт пен жүйке қуатын қажет ететін, өндіріп берген өнімді өңдеу мен өндіруден бастап, барлық әлеуметтік жұмыстарымен орталық аппарат қызметкерлері шұғылданатын болды.

Әрине, осынау істердің негізгі дем берушісі, ұйымдастырушысы ретінде, оның бастауында тұрған, мұнай мен газ өнеркәсібінің, сол кездегі, білгір де, жігерлі, тәжірибелі де жаңашыл маманы, осынау жаңа идеялардың көзін ашқан, Жақсылық Жанғазиев болатын. Ол "Өзенмұнайгаз" өндірістік бірлестігінің Бас директорлығы қызметіне бір мың тоғыз жүз тоқсан төртінші жылғы желтоқсанда ауысқан.

Жаңадан құрылған "Өзенмұнайгаз" бірлестігінде орнатылған темірдей тәртіп, әрбір қызметкердің тапсырылған әрі тиянақты орындап, нәтижелі болуға ұмтылуын, өз ісінің жемісті болуын деген ынталылығы мен жауапкершілігін қамтамасыз етті.

Мұнай өндірумен тікелей шұғылданбайтын көлденең құрылымдар кәсіпорындар құрамынан шығарылды да, олар мұнайшылар тапсырмасымен жұмыс істейтін жағдайға көшірілді. Әлеуметтік мекемелер қала балансына берілді.

Сөйтіп, өндірістік емес шығындар кемітілді де, керісінше, өндірістің қажеті үшін шығындар молайтылды.

Осылайша, өндірісті қайтадан өркендетуге жол ашылды. Өйткені, мұнай мен газ, мейілінше, мол өндірілмейінше, экономикалық жағдайлардың жақсаруы мүмкін емес еді.

Ал, бірлестіктің экономикалық жоғары көрсеткіштерге жол ашуы, мұнайшылардың табыстарын да, қала тұрғындарының жағдайын да жақсартатыны түсінікті.

— Бүгінгі таңда, Өзен кен орнының Маңғыстау мұнайын игеруге қосып отырған үлес дәрежесін мына бір деректегі-ақ айқын көруге болады. Айталық кен орны өнім бере бастағаннан бері өндірілген мұнай екі жүз жетпіс миллион тоннадан асыпты. Бұл шамамен, Маңғыстау кеніштерінде өндірілген барлық мұнай мөлшерінің үштен екісін құрайды... — Бұл Жанғазиевтің сөзі.

Жәкеңнің ұйымдастыру ісіндегі іскерлігі бір ғана бұл ретте көрініп қойған жоқ. Ол заман берген мол мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, дүние жүзіндегі өзге мұнайшылар қауымының тұрмысына, олардың өндірісті ұйымдастырудағы озық өнегелеріне жіті назар аударумен келеді. Олардан нені үйренуге болар еді... Біздің жағдайымызда қандай тәсілдерді пайдаланған жөн... Кадрларды қалай даярлаймыз...Қандай мәселелерге баса мән беру керек... Ол осындай, толып жатқан сұрақтардың жауаптарын, талмастан, іздей біледі. Соның арқасында, ол бұрын тұрмыстық мақсаттарға қолданылып келген ғана сығымдалған газды өндірістік мақсаттарға, оның ішінде, автокөліктерге отын ретінде пайдалануға болатынына көз жеткізді.

Бұл қыруар қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді.

Қазір Жаңаөзенде ғана емес, Ақтау қаласында және басқа жерлерде, автокөліктер бензиннен төрт есе арзан газдың қуатын пайдаланып отыр. Бұл жағдай экологиялық сауықтыруға да оң ықпал жасайтыны өз алдына, өндірістік емес шығындарды кеміту есебінен, миллиондаған доллар көлемінде қосымша пайда табуға мүмкіндік берді...

 

Ойға келіп, түске енбеген сан алуан өзгерістер мен жаңалық естен тандыратын қазіргі заманда айналамыздағы талай құбылыстар мен замандастарымыздың таңдай қақтырарлық талай ізгі әрекеттері де жиі-жиі бой көрсетпей қалып жатқан жоқ. Бірақ ақпараттың көптігінен, талай жайларға баға беріп, көңілде екшеп үлгермей жатып, назарымызды өзгелеріне тез аударып кете беретініміз де құпия емес.

Алайда, солардың арасында сыналап шығып, еміс-еміс болса да қайталана беретін кейбір адамдардың іс-әрекеттері еріксіз құлаққа шалынып, көңілде қатталып, жатталып, тарих беттеріне де тізіліп қала береді екен. Маңғыстау облыстық мәслихаты сессияларында сөз болған алуан түрлі мәселелерге ден қойып, тыңдап жүретін адамдар болды. Олар бұл пікірмен бірден-ақ келісіп, сол жиындардың талайында-ақ белсене сөйледі.

Сонымен бірге, өз ойларының жүйріктігі мен қисындылығына жұртшылықты тәнті етіп жүретін, Жақсылық Смағұлұлы туралы да талай әңгіме айтары сөзсіз. Мысалы, сессияларда қаралатын ең негізгі мәселенің бірі, жергілікті бюджет жайы. Қаржы басқармасы сол бюджеттің қандай мақсаттарға, қалай жұмсалып жүргеніне мән бермейді. Бюджеттің лимитін пайдаланып, соның бүркеншігі арқасында, коммерциямен шұғылданатындар баршылық.

Осы жайларды неге қадағалап отырмасқа... Бізде мұндай жұмыстар жоқ. Біреулер осы сұраусыздықты пайдаланып, ойларына келгенін жасайды. Қажеттілігі болмаса да, машина сатып алушылар көп. Кеңсені орынсыз сәндейтіндер бар. Рас па...

Сондай-ақ оның, бюджет салықтан құралатындығы себепті халықтың еңбекақысын уақытында беруді қамтамасыз ету, пайдаға салық алу, салықтың қосымша көздерін табу жөнінде айтқан көптеген пікірлерінің қаншалықты маңызды екенін бүгінгі күн көрсетіп отыр. Бұл тұрғыдағы мысалдарды әлі де келтіре беруге болар еді...

Бір мың тоғыз жүз тоқсан сегізінші жылдағы облыс бюджеті қаралып жатқан сессияда, облыс әкімінің орынбасары, қаржы басқармасының бастығы, марқұм, Светлана Борисовна Шаметова, Жаңаөзен қаласының әкімі Машинист Абылханов пен оның салық төлеушісі Жақсылық Жанғазиевқа тиісінше баға беруіміз керек дегім келеді. Олар көп нәрсе істеп отыр. Олар, іс жүзінде, барлық мәселені шешіп отыр, — депті.

Осы сөздің өзі-ақ көп нәрсені аңғартқандай. Өйткені, қаланың барлық мәселесі шешіліп жатса, халықтың барлық мәселесінің шешіліп жатқаны емес пе...

Сөзіміз дәлелді болу үшін, осы арада М. Абылхановтың өз сөзін келтіре кетейік.

— Бір мың тоғыз жүз тоқсан төртінші жылдың күзінде «Маңғыстаумұнайгаздан» бөлінген "Өзенмұнайгаз" өз алдына дербес кәсіпорын болып құрылды. Оның басшылығына осы өңірдің перзенті, іскер де талапты азамат Жақсылық Жанғазиев тағайындалды. Жасыратыны жоқ алғашқы кездері арамызда түсініспеушіліктер де болды. Өндірісті нарықтық қатынастарға көшіріп, әкімшілік тарапынан араласуға шектеу қойыла бастаған. Жергілікті атқарушы билік орнының құзырлы қызметін заңдастыру жетілмей жатқан кезең болатын. Абырой болғанда, алпыс мың қала тұрғынының тағдыры, жас мемлекеттің өндіріс саласы үшін жауапкершілікті жауапты өндіріс салысы үшін жауапкершілікті сезіну бізді билік таластырудың батпағына ұрындырмай, бұл кезеңнен тез алып шықты. Өз басым, Жақсылық Смағұлұлының шаруашылықты ұйымдастыру шеберлігіне, қаржы, экономика істеріндегі сауаттылығына, шетелдік инвесторлармен мәміле жасасқанда елінің есесін жібермейтін қайырымдылығына аса тәнті болдым, — дейді. Бұл ретте көңілге бір жай оралады...

Өзен кен орнын қайта жарақтандыруға бір жүз тоғыз миллион доллар инвестиция берген Дүниежүзілік даму банкі әрі салық төлеп, әрі қаланы ұстай алмаймыз. Акционерлік қоғам құрамындағы барлық әлеуметтік нысандар мен қаланы қаржыландыру тоқтатылсын деген талап қойды. Қала мен акционерлік қоғам басшылары бірлесе отырып, мәселенің бұлай қойылуы, әлеуметтік қайшылықтарды шиеленістіріп, қоғамдық-саяси тұрақсыздыққа апарып соқтыратындығын ескертті. Оны болдырмау үшін мұнайшыларға төленетін еңбекақыны олардың барлық әлеуметтік-тұрмыстық сұраныстарын өтерліктей деңгейге жеткізу жөнінде, қарсы талаптарын қойды.

Нәтижесінде, Дүниежүзілік даму банкімен тиімді мәмлеге келіп, қала шаруашылығын қаржыландыру мақсатына он бес миллион АҚШ долларын бөлдіруге қол жеткен.

Осы жайларды сараптағанда, бұдан жарты ғасыр бұрын болған бір жәйт еріксіз ойға оралады...

...Маңғыстау қысы, жалпы, қытымыр, қатал деп есептеледі ғой. Соғыстан кейінгі сол бір жылдарда, күйсіз ел үшін, оның қытымырлығы бұрынғыдан да тереңірек сезілуге тиіс еді. Бірақ үлкендердің айтуынша, ондай күй есте қалмапты. Қайта, соғыс жылдары енгізілген карточка жүйесі жойылып, елдің тынысы кеңіді деген хабар желтоқсанның сол бір суық күндерінде келіп жетіпті.

Таушық жұртының жақсы хабарға жаны семіріп, сол күні дүниеге келген ұлдарына Жақсылық деп, ат қойыпты. Жақсы хабармен бірге туған сәбилері жақсы күндерді жалғастырсын деп тілепті.

Сөйтіп, қытымыр қыс күндерінің ызғарын жаңа леп, жақсы тілектер жеңілдетіпті. Сол тілекпен, аппақ ниетпен бірге, әлгі сәби де күн санап өсіп, елдің хал-ахуалы да, біртіндеп, жақсара түсіпті. Міне, сол Жақсылық бүгінде ел азаматы. Туған елінің қамын жеген қамқоршысы, елі сүйген еркесі, жол бастаған серкесі де.

* * *

...Жұмағайша айтады...

...Сол күні, Баян деген құрбым екеуміз, кітапханада отырғанбыз. Бір кезде өзіме біреудің көз алмай, қарап отырғанын аңғардым да, бұрылып едім, бір жігіт екен. Көзіне көзім түсіп кетті де, кенет менде бір мазасыздық пайда болды...

Мұның тегіннен тегін еместігін кейіннен барып бір-ақ білдім...

Алматы политехникалық институтында оқып жүріп, осылайша танысқан жан жары Жұмағайша отау тігіп, ұрпақ өсіре бастағандарына да ширек ғасырдан баяғыда асып кеткен. Жұмағайша да, олардың тәрбиелеп өсірген ұлдары — Қайрат пен Қанат та мұнайшылар.

Мұнайшылар отбасына келін де түскен. Абай есімді аппақ ұл да өсіп келеді.

Мұнайшылық мамандықтың ерекшелігі ме, әлде өздерінің ұйымшылдығынан ба, Ақтау мен Жаңаөзен қалаларынан бір-біріне қонаққа шұбырып жүретін кездері жиі ұшырасады. Студенттік шақтарын бірге өткізіп, еңбек майданы қызықтары мен қиыншылықтарын да қатар көріп, біте қайнасқан олардың арасынан Жұмағайша мен Жақсылықты да жиі көруге болады. Әсіресе, елудің ар жақ бер жағына жиналып, ұлдары ержетіп, қыздары бойжеткен, осылайша жас отаулар көбейе бастаған қазіргі шақтарының қызығына тойым жоқтай.

Міне, бүгін де бір құрдастың туған күні еді. Жарты ғасырлығын тойлап жатқан. Әрқашан да бір нәрсені ойлап тауып жүретін, сөйтіп жұртты қыран-топан күлкіге батыруға құмар Жәкең ортаға шыға келгенде, тойшы қауым да, әлдебір, тосын шаттыққа кенелуге дайындалғандай, жүздері нұрланып сала берген.

— Ал, тойшылар, — деген Жәкең, айналасына сабырмен, асықпай бір алып, — қазір ән сайысын өткіземіз. Сайысты келіншектер бастайды. Шарты — бұл сайыстан ешкім де қалыс қалмайды. Кәне, кезекке тұрыңдар...

Тойшы қауым ду етіп, дүрлігіп, жапырыла орындарынан тұрған. Жәкең де әлдеқайдан бір жалпақ орындықты алдырып, ортаға қойғызып жатты.

Сөйтсе, ол "сахна" екен. Сайысқа қатысушылар бір-бірлеп осы "сахнаға" шығып, өнер көрсетуге тиіс. Мұндайда саудаласу деген жоқ.

Көп ұзамай, денелі Жәкең алдыңғы лекте тұрған бір келіншекті "сахнаға" қоя салған...

Үлкенді-кішілі, ұзынды-қысқалы, жуанды-жіңішкелі талай лекке әлгі жерде өнер көрсетуге тура келген... Жұрт қыран-топан...

Оның әдебиетке құмарлығы да ерекше. Орта мектепті бітіргеннен кейін, журналистикаға да көңілі кетіп, сәті түспеген екен. Ал қазақ сөзінің дәмін ауызға түскен тағамның дәмінен кем сезінбейді. Сәтсіз жазылған ән мәтіндерін қолынан келеді-ау деген достарына апарып беріп, жөндетіп алып, айтқызатын кездері болып тұрады.

Үйінің қақ төрінде қалың кілем емес, қазақ жерінің ғажайып сұлу табиғаты бейнеленген алып картиналардың ілулі тұрғаны да жарасымды-ақ.

Ең бастысы, соның бәрі жан қалауымен, жүрегіндегі үлкен сүйіспеншілікпен, таза ниетімен, биік талғамымен тамаша үйлесім тауып жатады. Онда жасандылық жоқ. Еліктеуге жаны қас. Ұраны – өзгенің ісін қайталағанша, қателессең де өзің талаптан...

Меніңше, оны жан-жақты жетілдіріп, туған дала төсінде қыранша қалықтатып алып келе жатқан да, осы түсінігі, осы ұғым, талғамы.

Бірақ осындай ізгі қасиеттің бәрі осынау бір ғажайып жанның кеудесіне қайдан, қалай келіп ұя салғанына таңданбау қиын дер едім...

Ешқандай қосымша қаржы, көмексіз-ақ Өзен кен орнында зор жетістіктерге қол жеткізіп, тығырықтан алып шығып қана қоймай, алдыңғы қатарлы орынға көтерген, Жақсылық Смағұлұлының жүзеге асырып келе жатқан жаңашыл идеяларын, нәтижелі істерін бастан аяқ санап шығу қиын. Ал оны шет жағалай ғана айтар болсақ қазір "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамына қарайтын асханалардың бәрі компьютермен басқарылады.

Бұл ретте, қоғам жұмысшылары аймақта елден бұрын дамыған елдердегідей дәрежеге жетуі де осы басшының арқасы.

Алайда, Жәкеңнің ойлары, тың идеялары, армандары бүгінгіден әлдеқайда алыста жүр. "Біздің келіншектеріміз бір-бірінен тәтті тағамдар жасау рецептерін модем байланысы арқылы алып отыратын күнге жетсек қой... — дегені бар бірде.

Ол тек қана Жәкеңнің қай жерде жүрсе де, басында сол жердегі жағдайға сәйкес, тың ойлар өрби бастайтындығының дәлелі. Ол той жасағанда, бүкіл әндердің мазмұны қайтадан екшеліп, сол күнгі дәрежеге сәйкестендіріліп, қайта "жазылып" жататындығы да сол себепті.

Ал оның өндіріске қатысты жоспарлары өз алдына. Олар қат-қабат және ілгерілеген сайын қанат жайып, өрісі кеңи беретіндей.

Қазіргі жағдайда, мұнай мен газ өнеркәсібіне ғана қатысты көптеген экономикалық және әлеуметтік мәселелер төңірегінде олардың кез-келген саласына байланысты тың пікір, жаңаша көзқарас білдіріп жатса, ойларының нақтылығы мен нанымдылығына ден қоймашылар сирек болар еді.

Оның ойлары былайша өрбиді.

— Өз кәсіпорындарымызда өңдейміз деп, Өзеннің өңдеуі күрделі, ерекше технологияны қажетсінетін парафинді мұнайын Атырау, Шымкент зауыттарына айдадық. "Жібекті түте алмаған жүн етедінің'' кері еді бұл. Өйткені Атырау зауытының технологиясы біздің бензинді қымбат бензинге емес, арзан мазутқа айналдыратын. Шымкент зауытына жөнелтілген әр тонна мұнайдан жиырма бес доллар жоғалтатынбыз... Осылайша, жылап кеткен мұнайды, алыс шетелдерге сатқаннан түскен пайда, мемлекет қазынасын толықтырып, отандық зауыттарды жаңартуға, мұнайшылардың адал ақысын уақтылы төлеп, өндірісті жарақтандыруға да жетер ме еді, кім білсін... Оны есептеген ешкім жоқ. Жыл сайын жұмыстарының ауыр шаруашылығы жұмыстарына несиеге берілетін миллиондаған теңгенің жанармай қайтарымы, мұнайшының ауыр еңбегінің өтеуі қайда... Оған ешкім жауап бермейді. Жүз процент сатылып кеткен мұнайдың қаржы қайтарымы алпыс проценттен аспай отырғаны, ал акционерлік қоғамның кассаға түспеген, қағаз бетіндегі табысқа, ауыл шаруашылығының, үкімет шығыс таған қарыз үшін тағы салық төлеп, қосалқы шығынға шығарылатындығын қандай нарық заңдылығына сыйдырамыз...Өнім өндіруші тарапынан қойылған сұрақтарға бұрын ешкім жауап бермейтін. Президенттің жолдауында, мұндай өндіріс саласының жаңа жағдайдағы жұмыс принциптері бойынша айқын, артынан сұрақ тумайтындай қағидалармен шегенделген, — деп, болашаққа үміт артады...

2000 жыл.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама