- 05 нау. 2024 00:06
- 249
Ой толғаныс
Ой толғаныс[
Бұл сабақ туралы мен ерекше толғаныспен айтқым келеді. Себебі, бұл сабақ қазақтың біртуар ұлы, балуан Қажымұқан Мұңайтпасов туралы болатын. Алдымен сабақтың мақсатын айқындап алдым және тақырыпқа сай келетін стратегияларды іздестірдім. Маған мәтінді өз мәнінде оқушыға жеткізе алуым үшін «ББҮ», «Эссе», «Галереяға саяхат» және топта, жұпта талқылау әдістері көмектесті. Әсіресе, «Мағынаны тану» кезеңінде оқушылардан Қажымұқан туралы не білетіндері сұралғанда олардың тек Қажымұқанның атын естігендері мен балуан екендігін білетіндерінен басқа ақпараттары болмады. Бұл мені қатты ойландырды. Ал, керісінше, «Білгім келеді» бөлімінде оқушылардың көп білуге деген құштарлықтарын байқадым. Олар сан алуан сұрақтарын жаудырып, әрқайсысына жауап беруге тура келді. Сол мақсатта мен сыныпты топтарға бөліп, мәтінді жұпта, топта оқып, талдауды ұсындым. Оқушылар құлшыныспен талдап, бөлімдер бойынша мазмұнға сай тақырып қойды.
Дегенмен тақырып таңдау оңай болған жоқ, себебі, ұсынылған бірнеше тақырыптың ішінен бөлімге сай келетінін алу үшін оқушы берілген мәтін мазмұнын толық білуі және мәтіндегі негізгі ойды анықтай алуы керек еді. Мен осындай сәттерде оларға бағыттаушы, нұсқаушы сұрақтар қойып, негізгі тұжырымды өздеріне жасатуға тырыстым. Әр топ мазмұндап, тиісті сұрақтарға жауап берді. Бұдан басқа оқушылардың білімін кеңейту үшін Қажымұқан туралы фильм көрсетілді. Оқушылар фильмді зор ықыласпен тамашалап көрді. Фильмнен кейін оқушылар алған әсерлерін бөлісе отырып, «Үйрендім» бағанын толтырды. Осы арқылы оқушылардың бүгінгі сабақтан қаншалықты білім алғаны көрініп тұрды. «Ой толғаныс» кезеңінде сабақтан алған білімдері мен фильм бойынша алған әсерлерінен эссе жазды. Бүгінгі өмірмен байланыстыру мақсатында интерактивті тақтадан Астана қаласындағы спорт кешенін, Қажымұқан атамыздың ескерткішін, ол кісінің атындағы ауыл мен көше суреттерін көрсеттім.
Жалпы, бұл сабақта оқушылардың белсенділіктері басым болды, өз ойларын бүкпесіз айтып, сын айтқандарға өз пікірін дәлелдей алуы мені қуантты. Алдағы уақытта есте болатын нәрсе оқушыларды белгілі бір тапсырманы орындауға берілген уақытқа үлгеруге үйрету, сонымен қатар кейбір белсенді емес, топ атынан сөйлеуге тәуекел ете алмаған оқушыларға ерекше назар аудару қажет деп түйдім.