«Өзін – өзі тану» пәнін оқыту арқылы тұлғаның дүниетанымын қалыптастыру
Бүгінгі заман жаңа технологиялар дәуірі, жаңа үрдіс, жаңа түсінік пен мінез – құлықтың заманы. Заманына сай мұғалім де, жаңашыл, жан – жақты ұшқыр ойлы оқушымен жұмыс жасауға ерік – жігері, қабілеті бар болуы қажет. Әрбір мұғалім оқушының ішкі жан дүниесін жазбай танитын сарапшы, олардың мүмкіндіктерін байқайтын психолог, жақсы іс- әрекетке бағыттайтын әдіскер болып табылады. «Өзін – өзі тану» пәнінің ерекшелігі оқушы бойына ізгілік пен адамгершілік шуағын шашу, балалар өмірді танып үйренумен қатар, олардың ойларын тыңдай келе, олардың адами ақиқатты ұғына алатындығына сенімдіміз. Ең бастысы олардың тіпті ең кішкентайларының өзі де сөзіне және істеріне жауаптылық сезімдеріне ие. Бұған куә өзім өткізген «Отанымды сүйемін», «Қазақстан – ынтымақ ордас», «Сенім – менің серігім» атты сабақтарым барысында оқушылардың ойлау қабілеттерімен дүниетанымдылық қызығушылықтары басым екенін байқадым. Сабақ барысында «Иә, жоқ, өз түсінігінді дәлелде» секілді тіркестерді қолдану барысында , балалар өз ойларын өмірмен байланыстырып, дәлелдеуге талпынып жатады. Бұл оқушыларымыздың тереңнен ойлау мүмкіндіктері зор деген сөз. Балалардың өмірден өз орнын табу үшін, өз бойындағы табиғи дарыны мен қабілетінің ашыла түсуіне көмектеседі. Себебі білім берудің шынайы мақсаты – адамға белгілоі бір білімді жеткізу ғана емес , сондай ақ оның дүниетанымдылық тұрғыдағы мәнін дамыту болып табылады. Әрбір балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның өзіне тән санасы, еркі, өзіндік әрекет жасай алатын ортасы бар екенін ескере отырып, оқушының білімге, ғылымға деген ынтасын арттыру, олардың ақыл-ой қабілетін, диалектикалық дүниетанымын, өмірлік мақсат-мүддесін айқындауға, жеке басының қасиеттерін дамытып оны қоғам талабына сай іске асыруға көмектесу мектеп өміріндегі үздіксіз оқу-тәрбие процесінің ғана жемісі болып табылады.
Осы орайда «Өзін-өзі тану» пәнінің басты ерекшелігі өскелең ұрпақтың тұлғалық потенциалының дамуына, өзіндік қасиетінің ашылуына, шығармашылық және танымдық белсенділігін ынталандыруға, балаларға сүйіспеншілік, мейірімділік, ақиқат, адалдық, шыншылдық, сұлулық, рақымдылық, мінез-кұлық дұрыстығы арқылы үйлесімді жан-жақты дамыған адам қалыптастыруға бағдарланған.
«Өзін-өзі тану» пәні басқа пәндерден алған білім мазмұнын толықтырып, адам баласын адамгершілікке, мейірімділікке, кішіпейілділікке баулитын пән. Бұл пәннің әрбір сабағы балаларды достыққа, сыйластыққа, әсемдікке, әдептілікке шақырады. Себебі: күнделікті сабақ шаттық шеңберінде бір-біріне деген сезімдерін білдіріп, қуанышпен басталса, жүректен жүрекке әдісі арқылы алдағы күндеріне сәттілік тілеу арқылы аяқталады. Мінекей, ал осы екі әдіс-тәсіл арасында оқушыларға қаншама жақсы игі тілектер мен өмірдің әсем де керемет және ол қайталанбайтындығын мұғалім мейірімділікпен жеткізеді. Әрбір сабақта адам баласына қуаныш сыйлау, мейіріммен қарау, кішіпейіл болу, үлкенді құрметтеу туралы бойына сіңіріп өскен жас ұрпақ міндетті түрде солай болуға тырысады. Қоршаған ортаның әсемдігін көріп, оның сұлулығын сезе білген адамзат баласы жақсылыққа ұмтылады. Атам қазақ қашанда ар-ұжданды, намысты дүние-мүліктен жоғары қойған. Дос үшін өзінің күш-жігерін аямаған, бауырына, досына, жақындарына көмекке қай кезде де дайын тұрған. «Өзін-өзі тану» пәні біздің бойымызға осындай қасиеттерді ұялатып, жан-жағындағыларға тек жақсылық тілеп, жанашырлық танытатын, кез-келген ортада өзін жақсы ұстай алатын, өмір сүруге құштар тұлға қалыптастырады.
Өзін-өзі тану арқылы жеке тұлғаның бойында рухани-адамгершілік қасиеттердің қалыптасып, дамуын қамтамасыз етуімен, адамзаттың табиғатпен үйлесімділікке дамуын сезіндірумен айқындалады. Өзін-өзі тану бастауыш буында оқитын жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамытуда, оның бойында жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыруда ең маңызды орын алады, адамгершілікке тәрбиелеудің негізі, қарым-қатынас жасау мен дүниетанудың құралы, баланың зердесі мен шығармашылығын дамытудың арнасы. Ол арқылы оқушы қоршаған ортаны таниды, ұлттық мәдениетті, дүниетанымды сезіне бастайды, өзіндік пікірі қалыптасады, өзін-өзі танудың қарапайым қадамдарын жасай алады.
Өзін-өзі тану әңгімелесуге, шындықты бірлесе іздестіруге, білімді бірге игеруге, өздік шығармашылықты, ішкі белсенділікті оятуға бағытталған. Жеке тұлғаның бойында жақсы көру, бейбітшілік, әдептілік, шыншылдық, аяушылық, адалдық, имандылық, сыйластық, достық, сүйіспеншілік, кішіпейілділік, жанашырлық, жақсылық жасау, әділеттілік, елжандылық, ізеттілік, сенім, махаббат, қайырымдылық, қамқорлық жасау сияқты құндылықтарды қалыптастыру көзделген.
«Өзін-өзі тану» сабақтарының өзіндік ерекшелігін байқататын «Шаттық шеңбері», «Армандайық», «Өзіммен-өзім», «Әңгімелесейік», «Сергіту сәті», «Сахналау», «Ойын-Жаттығу», Жүректен –жүрекке шеңбері» балалардың дамытушы ортасын құруға ықпал етеді.
«Өзін-өзі тану» сабақтарында ұсынылып отырған ойындардың басым көпшілігі балаларды мейірімділікке, достыққа, сүйіспеншілікке, сыйластыққа үйретуді көздейді, яғни сабақтардағы ойындардың өздері бала бойына жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіруді көздейді.
Рухани-адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа-қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата-ананың да болашағы зор болмақ. «Мен үш қасиеттімді мақтан тұтам», — депті Ақан сері. Олар: жалған айтпадым, жақсылықты сатпадым һәм ешкімнен ештеңені қызғанбадым.
Жеке тұлғаны қалыптастыруда, олардың жан дүниесіне сезіммен қарап, әрбір іс-әрекетіне мақсат қоюға, жоспарлауға, оны орындауға, өзіне-өзі талап қоя білуге тәрбиелеу — адамгершілік тәрбиенің басты мақсаты. Мақсатқа жету үшін сан алуан кедергілер болуы мүмкін. Ондай қасиеттерді бала бойына жас кезінен бастап қалыптастыру жеке тұлғаны қалыптастырудың негізін қалайды.
Рухани адамгершілік тәрбиенің қайнар көзі саналатын «Өзін-өзі тану» пәні баланы жастайынан отаншылдыққа, әдептілікке, достыққа, тазалыққа, ұқыптылыққа, мейірімділікке, табиғатты сүюге, отбасын сыйлауға, ұйымшылдыққа үйретуге, ұрпақ бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Осы пән арқылы оқушы бойына мейірім мен рахымшылдықтың, адамгершіліктің, әділдіктің, шынайылықтың дәнін себуге болады. Болашақ ұрпақтың бойына рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез-құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Жас ұрпақтың қабілеті мен мүмкіншілігін жан-жақты ашып, адамгершіліктің биігіне көтеретін, ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге жетелейді.
Әр баланы керемет рухани күш иесі деп қарап, оның шетсіз шексіздікті үйренсем деген ұмтылысына уақытында көңіл бөліп, демеу жасасақ, қуаттандырсақ жүрегі нұрға толы, жан-жағына шуағын шашып тұрған мейірімді, адамгершілігі мол, үнемі талпынып тұратын, өз елін, жерін, тілін. отбасын сүйетін, еңбекқор, адал адам тәрбиелеп шығарымыз сөзсіз.
ШҚО, Абай ауданы, М.Әуезов атындағы
орта мектеп, Зиятова Маржан Жумагадиловна