- 24 ақп. 2023 00:00
- 185
Патшаның екі қызы
Ертеде патшаның екі қызы болыпты. Патша екі қызын да жақсы көріпті. Қыздары не қаласа, соны беріп, бетінен қақпай өсіреді. Бірақ өсе келе қыздарының мінезі өзгере бастапты. Үлкен қызы үнемі мұңаюмен, ал кіші қызы жадырап жүреді екен. Патша бірде Ұлықпан хакімді шақырып:
— Хакім, менің екі қызым бар. Кіші қызым үнемі жадырап жүреді. Ал үлкен қызым күлмейді, дертін ешкім білмейді, — деді.
— Патшам, рұқсат етсеңіз, сарайыңызда бірнеше күн қонақ болайын. Қыздарыңыздың мінезін көрейін, жауабын содан кейін берейін, — деді Ұлықпан. Патша рұқсат етеді.
Ұлықпан екі қызбен күнде сұхбаттасып, сыр бөліседі. Байқаса, жайдары жүретін кіші қызы ұйықтар алдында үнемі тек жақсылықтар ойлайды екен. Таңертең ұйқыдан тұрғанда да тек жақсы адамдарды, жақсы істерді ойлап оянатын болыпты. Ал үлкен қызы күні бойы көрген қиыншылықтар мен жамандықтарды еске түсіріп ұйықтайды екен. Таңертең де төсектен тұрғанда кешегі көрген жағымсыз оқиғаларды есіне түсіретін болыпты.
Ұлықпан патшаға келіп:
— Патшам, өмір айна сияқты. Адам айнадан өзін қалай көргісі келсе, айна оны солай көрсетеді. Өмірдің жақсы жақтарын ойласақ, өмір бізге әдемі көрінеді. Сіздің үлкен қызыңыз өмірінің тек жаман жақтарын ойлап жүреді. Сондықтан оның ойын да жамандық билеп, ашу-ызаға тез бой алдырады. Қабағы ашылмайды. Бұдан былай ол жатар кезінде тек жақсы ой ойласын. Таңертең тұрғанда да жақсы тілекпен, жақсы ниетпен оянсын. Сонда көңілдің кірі тез кетеді, — депті.
Содан бастап үлкен қызы тек жақсылықтар ойлап жүретін болыпты.