- 24 ақп. 2023 00:00
- 162
Айлалы қайыршы
Нишапур қаласына өз кәсібінің шебері, оның үстіне жаратылыс-табиғаты күлдіргі бір қайыршы келді дегенді бір қариядан естігенім бар. Ол бір оғаш қонақ үйге тоқтапты. Қала қайыршыларының бәрі сонда жиналыпты да, әлгі қайыршы солардың мейманы болыпты. Ол:
— Қайыр-садақа сұрағандағы менің қолданатыным — өз ісіміз шеберлерінің ойына да кіріп шықпаған әдіс, менің айла-тәсілім ешкімнің қаперінде де болған емес, — деп отырғандардың намысына тие бастайды.
Келесі күні жиын шақырады. Қонақ қайыршы биіктеу жерге шығады да, біраз уақыт сөйлейді, жұрттың бәрі ұйып тыңдап, қайран қалады. Ол:
— Заманымыздың игі жақсылары-ау, мейірімі мол адамдар! Мына мен мүсәпірге құлақ қойыңдаршы. Айтқан антын бұзуы себепті Израил әулетінің бірінің сын-сипаты өзгеріп, маймылға айналып кеткенін естіген боларсыздар. Міне, мен де солардың әулетінен тараппын, бойымда дәлелдемем де бар. Ол мынадай — маймылдың құйрығы тәрізді құйрығым бар. Қазіргідей масқарашылықты, бұл сырымды ешкімге айтпаушы едім, бірақ қазір өлшеусіз жоқшылық көріп, жағдайым жосықсыз ауыр күйге тап болғандықтан, басымды ұятсыздыққа байлап, кемшілік сырымды айтпасқа амалым жоқ. Сол құйрығымды өздеріңе көрсетейін, бірақ әрқайсың рақымшылық істеп, өзіме қайыр-садақа беріп, мейірімін білдірер деген үмітпен ғана көрсетем. Ондайлық оғаш сұмдыққа бір қарау деген — сендер үшін естеріңнен кетпес ерсі оқиға. Мұндай ғаламатты сендер енді қайтып ешқашан көрмейсіңдер де, естімейсіңдер. Сол жерде тұрғандар оның алақанына: біреу — алтын ұнтағын, біреу — сыңғырлаған алтын теңгелігін, біреу — күмісін салып, әжептәуір сома жиналыпты. Ақшаны санап алып, еңіреп қоя береді:
— Бауырлар, ұяттан өле жаздап отырғаным. Құйрығым арт жағымды болушы еді, енді қатты қысылғандығымнан болар, алдыңғы жағыма ауысыпты. Әйелдер де, ақсүйектер де жиналып тұрғандықтан, мені жалаңаштап олай масқаралауға жол бермейтіндеріңді білемін. Бұлардың көзінше абыройымды айрандай төге алмаймын.
Тұрғандардың бәрі шек-сілесі қата күліпті. Кейбіреулері тапқыр екен деп мұны мақтай бастап, өзгелері қарғысты жаудырыпты-ай келіп, бірақ бұл ақшасын алып қойған еді. Қайыршылар арасында осындай айлакерлері де болыпты.