Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қабақтағы әңгіме

— Сәлеметсіз бе, әпенді?

— ..?

— Әпенді, сәлеметсіз бе?

— Қайырлы кеш!

— Мазаңызды алмаймын ба?

— Жо-ға... Тек... сізбен қайда жолыққаным есіме түспей тұр.

— Біз жолыққан емеспіз... Ха-ха! Бүгінге дейін...

— Ә, солай де...

— Қарасам: бір кісі шошайып жалғыз ішіп отыр, қой, серік болайын, танысайын деп ойладым.

— Ә-ә-ә...

— Қалай, танысқанымыз үшін ішеміз ғой?!

— Ішпегенде ше?..

— Мен жалғыз отырып ішкенді ұнатпаймын. Жолдас-жораларыңмен немесе досыңмен бірге ішу керек.

— Ал мен ырду-дырдуды ұнатпаймын, жалғыз отырғанды қалаймын...

— Жалғыздың құдайға ғана жарасады дейді...

— Маған да жарасады. Тек: оның жалғыздығы — бәрімізге керек, ал менің жалғыздығым — өзіме ғана керек...

— Әдемі айттыңыз! Келіңіз, сіздің өзіңізге ғана керек жалғыздығыңыз үшін ішелік!

— Рақмет сізге!

— Менің жаныма келіп отырмайсыз ба?

— Рақмет, сізді мазалағым келмейді...

— Онда мен сіздің жаныңызға барсам ше?

— Мейліңіз!

— Қуана-қуана барамын. Ал, халіңіз қалай, әпендім?

— Халім бе? Оның несін сұрайсың?! Бүйтіп жүргенше өлген артық.

— О не дегеніңіз... Сарыуайымға салынбаңыз! Қане, сіздің денсаулығыңыз үшін!

— Сіздің де!.. Ал өзіңіздің халіңіз қалай?

— Менің бе? Тамаша! Өте жақсы!

— Бақытты екенсіз... Әрқашан осылай шат-шадыман жүруіңізге тілектеспін!

— Енді осы үшін алып қоялық! Мен осы қабақты ұнатамын.

— Ал маған мүлде ұнамайды...

— Сізге казино, үлкен ресторан керек қой?

— Жо-ға.

— Су жағасындағы кафелер керек пе?

— Қажеті беш-ақ тиын.

— Ендеше неге отырсыз?

— Білмеймін... Ішіп қана шығайын дедім... Келіңіз, енді бір-бір рюмкадан!

— Сіздің көңіл-күйіңіз көтерілуі үшін! Сіздің өңіңіз қашып отыр... Қайғылы ештеңе болған жоқ па?

— Болғанда қандай! Өмірім толған қайғы-қасірет!.. Мен шешемнен айырылдым...

— Қайғыңызға ортақпын. Берік болыңыз... Сол кісінің иманды болуы үшін!.. Қашан қайтыс болды?

— Қырық бес жыл толды... Мен онда он үште едім...

— Сабырлы болыңыз' Жазылмайтын жара жоқ...

— Маған әлі де кеше ғана болғандай...

— Иә, қолымыздан келер жоқ... Көнбегенде қайтеміз! Менің шешем өлгелі де қырық бес жыл болды, мен де он үш жасымда қалдым. Кел, ішіп қояйық!

— Шешеңнің өлгеніне қайғырмайтын сияқтысың ғой?

— Қойыңызшы!.. Мен де зарлап қалдым... Бірақ, амал не? Ажал мейірімсіз. Қайғымды ұмытуға тырысамын... Тірі тірлігін істеуге тиіс!

— Ал мен ұмытпауға тырысамын!..

— Өмір сүру керек қой!

— Өмірде не қызық бар?

— Ал өлімде не қызық бар? Әрине, бәріміз де кетеміз! Бірақ асығудың қажеті не?!

— Сіз оптимист екенсіз!

— Әрине! Өмір қымбат!.. Ал сіз пессимист екенсіз!

— Әрине... Төңірегің толы қоқыс...

— Сіз қоқысқа қарамаңыз, байқамай жүре беріңіз.

— Мен керең де, соқыр да емеспін ғой... Келіңіз, енді бірден...

— Өте жақсы! Сіздің уайым-қайғыдан арылуыңыз үшін!

— Сізге өте ризамын... Келіңізші, «сен» деп сөйлесейікші, «сен» деген әлдеқайда жақсы!

— Қуана құптаймын!

— Екеуіміздің достығымыз үшін!

— Кел!.. Тұнжырағанды қой, бауырым! Көңілденіп отыр!

— Болмайды... Көргенім қайғы-қасірет қана... Әкем де өлді...

— Неткен бақытсыздық... Ол қашан кетті?

— Осы жақында ғана, екі-ай болды... Рактан кетті.

— Жылама, бауырым... Менің де әкем өлді, оған да екі-ақ ай болды, ол да рактан кетті.

— Ендеше неге қайғырмайсың?

— Қайғырғанмен не табам? Әкемді бәрібір тірілте алмаймын.

— Саған қараймын да, қайран қаламын...

— Неменеге таңданасың? Ол қыршын кеткен жоқ, екеуміздің жасымызды жасап, сексен беске келіп кетті...

— Не дейді-ау! Менің әкем де сексен беске келген...

— Әкемде арман жоқ деп ойлаймын, ол барлық тауқыметтен құтылып тыныш тапты... Сол кісінің иманды болуы үшін!

— Кел ... Қалай десең де, өлім қорқынышты... Өлімді ойлағанда дүние тарылып кеткендей болады...

— Ал мен өлімді ойласам, өмір қымбаттай түседі!

— Менің әйелім кетіп қалды... Әйелім... Ол қорлыққа қалай шыдамақпын?

— Ішіп қоялық, бәрі де ұмытылады... Кетсе, барсын, менің де әйелім кетіп қалды...

— Оның несіне қуанасың? Сен оны сүймегенсің ғой, ал мен онсыз өмір сүре алмаймын...

— Е, неге?.. Мен де жанымдай сүйгенмін, бірақ күштеп сүйікті бола аласың ба? Қашып кетті,— жолы болсын!

— Ал мен қайтуім керек?

— Тәйір-ай! Онымен айырылыс та, тағы үйлен! Бітті! Кел, сол үшін алып қоялық... Махаббат үшін!

— Тұра тұршы... Менің тағы бір қасіретім бар: ашынам екі аптаға жол жүріп кетті...

— Қасіретті тапқан екенсің! Менікі де жол жүріп кетті. Мен де сағынып жүрмін, тағатсыз тосып жүрмін... Кел, сенің ашынаң үшін!

— Саған қарап отырып жынданып кететін шығармын... Мен сырқатпын! Ұқтың ба? Сырқатпын мен...

— Шынымды айтсам, саған жаным ашиды. Кел, сенің денсаулығың үшін! Тартып жіберсең, ауруыңды да ұмытып кетесің...

— Ұмытыла қойса...

— Сенікі асқазан жарасы ма?

— Оны қайдан білдің?

— Менің де ауруым сол.

— Ойыңда дәнеңе жоқ қой?

— Отқа түсіп өлейін бе? Рак болса, қайтер едің? Бұған да шүкіршілік... Кел, ракпен ауырмағанымыз үшін алып қоялық!

— О, құдай, менің қыр соңымнан неге қалмайсың сен?!

— Тағы не боп қалды?

— Жұмыста көзтүрткі ете береді, жарты жыл болды жоғарылатпай жүр... Бастықтардың ішінде жақын-жақпайым жоқ, мені ешкім сүйемейді...

— Ха-ха-ха! Күлейін-ай, бауырым, күлейін-ай! Келші, тартып жіберейік!

— Сен күлетіндей не айттым?

— Жо-ға... Ха-ха-ха!.. Тура менің жағдайым! Менің де қызметім оңып тұрған жоқ...

— Ендеше неменеге мәз боласың?

— Ал жылағанда не табам? Қызметімді дұрыс істеп жүрмін, ешқандай сүйеу-қолдаусыз-ақ жан сақтаймын! Кел, аздап алып қояйық!

— Тоқтай тұр, бәлем, пәтерақыңды төлей алмай бір күні үйшігіңнен қуыларсың, сонда көрермін қалай жүргеніңді.

— Ах-ха-ха-ха!.. Түһ, өңешіме кетіп қалды-ау!.. Ішегім түйілетін болды-ау!..

— Солай де?!

— Мені үйден қуып шығып, дүние мүлкімді қаттап жазып тастағалы қашан!..

— Рас па? Мені де сөйтті: радиоқабылдағышымнан, кілемімнен айрылдым...

— Менің ескі-құсқымды да есепке алып қарық болды...

— Соған риза екенсің ғой?

— Қабылдағышым қараң қалған бірдеңе болатын, ал кілемімнің қызығын қандала мен қаракүйе көріп жүрген... Е, мейлі, ақша тапқан соң жаңаларын аламын!

— Сенің үмітің бар екен, менде ештеңе жоқ...

— Сенде неге жоқ?

— Әй, қойшы енді... Осы айтқаным да жетіп жатыр...

— Соған соншама күйреп... Құй, қане!

— Күйремегенде ше... Сайлаудың қорытындысы да масқара болды! Біздің аяулы партиямыз қаншама дауыстан айырылды...

— Оған сен де мүшесің бе? Сол керек бәлемге!

— Немене деп көкіп отырсың?!

— Сезбейсің, ә? Омақасып бір құлаған соң екіншіде дұрыстап ойланып-толғанатын болады... Қазіргі қалпында өкімет басына келсе, масқараның көкесі сонда болатын еді.

— Қойшы, кел, ішіп жіберелік...

— Ішпегенде ше!

— Бір айналдырғанды шыр айналдырады ғой...

— Тағы да жылауға кірістің бе?

— Енді қайтейін... Кеше «Қорылдақтар» тағы ұтылып қалды... Біз биыл чемпион бола алмаймыз...

— Әй, оның несіне күйесің? Біздің «Қорылдақтар» ұйқысынан енді оянатын болады, оның жаттықтырушысын сойылдап қуып тастайтын уақыт жетті! Тоқтай тұр, олар келесі жылы қатырады әлі!

— Кел, достым, кел!

— Егер мойнымда қарыз болмаса...

— Тағы бастадың ба? Сонда қарызың қанша?

— Тура төрт мың лир...

— Сол-ақ па? Менде де соншасы сіресіп тұр...

— Оған несіне қуанасың?

— Асылып өлейін бе?! Атты қамшы өрге ұмтылдырады, жігітті қарыз жұмысқа құлшындырады...

— Алдымызда апат тұр!

— Тағы не деп кеттің? Ол не апат?

— Сен газет оқисың ба?

— Оқымағанда ше!

— Біздің планетаға қауіп төніп тұр! Комета мен Жер соғылысады...

— Заманақыр ғой? Қызық болады десеңші! Ха-ха-ха!

— Бәріміз де құримыз!

— Сол керек! Ха-ха-ха! Бұйырса рақаттанып бір күлетін болдық-ау! Ал қағып салайық!

— Өмір әбден тойдырды.

— Әй, сен неге осынша мылжыңдай бересің?

— Жай...

— Жай болса,— мылжыңдама!

— Е, мен ішуге сылтау табу үшін мылжыңдаймын ғой...

— Ә, бәсе! Жарайсың!.. Ха-ха-ха!

— Неменеге күлесің?

— Көңілді болсын деймін... Көңілсіз күйде ішуге болмайды!

— Ох-хо-хо!..

— Ха-ха-ха!..

Шағын кабакта ине шаншар жер жоқ еді. Сатушыға қарсы қабырғада үлкен айна ілулі тұрған. Айна алдындағы шағын стол басында кеш бойы бір кісі отырған. Ол өзі мен өзі сөйлесіп, біресе жылады, біресе күлді...

Кенет шалдыр-гүлдір етті! Әлгі кісі айнаны әуелі рюмкамен, сонсоң графинмен періп жіберген-ді. Айнаның күлпаршасы шықты, әлгі кісінің сөйлесіп отырған серігі қазаға ұшырады.

Сонда қазаға ұшыраған қайсысы: оптимист пе, пессимист пе?

Орысшадан аударған Ғаббас Қабышев


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама