Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 49 минут бұрын)
Қаңғыбастың өкініші

Анашым! Мені адамдар үнемі  «Қаңғыбас» деп мүсіркейді.   Мына бір қараң қалған өкініштерден ғана тұратын өмірім маған ұнамайды. Қызық, ә? Ешкімнен де төмен тұрғым келмейтін еді ғой. Ал мына жүрісім не? Неге тұйыққа тірелдім? Неге тығырықтан шығар өзге жол іздемедім екен?  

Апталдай азаматтың бір шиша шөлмектің алдында соншалық төмендегені не деген аянышты еді...Сол бір құрығыр шөлмекті қолыма алған күнімді қарғыс атсын. Иә, расымен ол менің бар қайғымды, бар қиындығымлы ұмыттырды. Таңертең тіптен өз үйіме қалай келгенімді білмейтіндей жағдайға да жеттім. Сіз де, Балым да, бар жанашырым да маған бар ақылдарын үйіп – төкті.  Сонда да мені  шайтанның суынан өзге ештеңе қызықтыра қоймады. Қаншама жақындарыма айтқан сөздерім есіме түсе қалса, кірерге тесік таппаймын. Ал он жыл отассақ та, бірде – бір рет шәй десіп көрмеген жан жарым Балымға қол көтергенім тіптен иттік қой. 
Байғұс анам... Қолынан түк келмейтін, жігерсіз ұлыңды кеше гөр. Мен сізді ең бақытты ана етемін деп жүріп, ең сорлы ана еттім-ау. Сізге көрінуге бетім де жоқ. Есіңізде ме? Сіз кезінде «жас болса да  бас болып, әкесінің жоқтығын білдіртпей, мені алақанына салып бағып отыр» деп көрші әйелдерге жер-көкке сыйғызбай мақтаушы едіңіз ғой мені. Соны есіме алсам, өзегім өртенеді. Сіз сеніп едіңіз ғой маған. Ал мен не істедім? 

Тентек ініммен бір көрісіп сізді тапсырғым келеді. Менің орныма ең бақытты ана ет, сенің қолыңнан келеді дегім келеді. Бірақ мына түріммен ініме қалай көрінемін. Мені көрсе шошынатын шығар. Айтпақшы, өткен жолы оны базардың маңына көрдім. Баяғы тентекті емес, ересек азаматты көргендей болдым. Есейіп кеткендей ме өзі?  

Кішкентай жүгірмегімнің халы қалай? Кішкентай деп қоямын. Ол әлдеқашан өсіп кеткен болар. Көрмегеніме екі жылдан асып барады. Оны да құшағыма алып, кешір дегім келеді. Дегенмен, кешпейтініне сенімдімін. Қайтіп кешірсін? Мен оны тірілей жетім етіп, әкесіз өсуге мәжбүр еттім ғой. Өзім әкесіз өскендіктен, ұлымның әкесіз өскенін мүлде қаламаған едім. Қайтейін енді? Сорлы ұлыңыздың қолынан ол да келмеді.   Білесіз бе? Ол кішкентай болғанына қарамастан сондай өжет еді. Мен оған еркектерге жылауға болмайды дегенмін. Оның содан кейін көзіне жас алғанын көрген емеспін. Ұлымды осы бір қайсарлығы  үшін мақтан етемін. Мен оны жақсы түсінемін. Оның маған деген өкпесі ішінде. Сондықтан мені көрсе жаныма жоламастан өте шығатынына сенімдімін. Мені көрмесе екен деп күні-түні тілеймін.  Оның да, өзімнің де жүрегімді ауыртқым келмейді. 

Бірнеше күн бұрын, Балым мені тауып алды. Неге іздедің? – деп едім. Ол іздемегенін, кездейсоқ кездестіріп қалғанын айтты. Жүзі солып, жүдеп қалыпты.  Мен одан ендігәрі мені көре қалса бұрылып та қарамауын өтіндім. Бұл ісім қатігездік  болар, бірақ ол үшін де, мен үшін де осы дұрыс емес пе, апа? Келініңізге ақылыңызды айтыңызшы! Ары қарайғы өмірін мені күтіп қор қылмасын....

Анашым! Кездейсоқ кездестіріп қалғандары болмаса, екі жылдан бері ешкім де мені  іздемеді.  Менің мына түріммен ешкімге көрінгім келмейді. Айтшы оларға, ешқайсысы да мені іздемесін, есіне де алмасын, көрсе де көрмегендей өте шықсын. Уәде етейін, мен ешқайсысына да ренжімеймін.  Өз қателігімнің азабын өзім ғана тартқым келеді... Жалғыз... Тек өзім ғана...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама