Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Қара шаңырақ

Шөмішбай қарт орнынан тұрып, дәретін алды, намазын оқып болып, үйден қозы көш жердегі қауындыққа беттеді. Шелектей-шелектей ақ торламалар мәнтінен үзіліп, арық ішінде домаланып жатыр екен. Бес-алты басыпалдыны ит жеп, жегенімен қоймай пәйкелді шошқа аунағандай майқамдап тастапты. Қарт күйіп кетті.

— Ит жесін деп еккен екем ғой бұларды! Қап шошқаның иті-ай! Ана сүмелек Есіркепке мылтық әкеп бер деп құдайдың зарын қылғаным қашан! «Мәкүл көке» деп кетіп еді, мылтық әкелмек түгіл қарасын да көрсетпеді ғой. Обалдағы-ай, обалдағы-ай!

Ол майқамдалған пәлектерді жөндеп, ит жеп кеткен қауындарды анадайда ағып жатқан арыққа лақтырды. Домаланған ақ торламаларды бір жерге үйіп болып, қыр басынан қылтиып көрінген күнге қарап белбеуінің ұшымен бетінің терін сүртті. Тері басылып, денесі салқындаған соң құлақ арықтағы, сылдырап ағып жатқан мөп-мөлдір мұздай сумен бетін жуды. Сонан кейін қауындық басына кеше кешкілік арқандап кеткен көк есекке тоқым салып, айылын тартты да, қауын тола екі қапты қоржын етіп артып, иесінің тым ерте әбігерге салғанына наразылық білдіргендей басын төмен салбыратып әлі самарқау тұрған есекті «ықы, арам қатқыр!» деп су арқанның ұшымен тартып жіберді. Иесінің әлденеге ашулы екенін біле қалған әккі есек бірден сергіп, типыңдаған жорғасына басып үйренген жолдың шаңын будақтата үйге тартты.

Есік алдындағы үлкен шайла астында үш-төрт немересі пырылдап ұйықтап жатыр. Кең төсекте аунай-аунай әрқайсысы әр тұсқа шашылып қапты. Анау, басы төсектің аяқ жағына қарап қалғаны — үлкен баласы Жарылқаптың ортаншы ұлы, ала мысықты құшақтап ұйықтап жатқаны — Мүсіркептің кенже қызы, ал бергі шетте, жастығын аяғына жастап жатқаны — Ордабасыдағы жиен қыз. Үлкені алтыда, ең кішісі екіде, бұлардың арасында Арыстағы Есіркептің ғана баласы жоқ. Көктемде барып кішкентайларын алып қайтпақ болғанда баласы: «Әлі тым жас қой көке, сәл буыны қатайсын, сонан соң өзім апарып тастаймын» деп күмілжіген. Келін де пәлендей ниет білдіре қоймады. Шөмішбай қарт ызаға булығып, күйіп қайтты. «Ойбай-ау, бұ жамандарға бала не керек. Өздерінің жүрісі анау, аттың жемін жеп, тайдың тірлігін істейді. Күні бойы екеуі екі жақта. Сөйтіп жүріп балаларын қимайтынын қайтерсің! О, жамандар, күшіктер, кеше ғана еді ғой мұрындарыңның тыйылғаны, бүгін кеп бала керек боп қапты!..» Енді міне, осындағы үш немересін көңілге тоқ санамай екі пұт ұн мен екі қап қауынды есек арбасына тиеп ап, Шөмішбай қарт Арыстағы Есіркептің үйіне күн бақан бойы көтеріле бергенде шу деп жүріп кетті. Ауық-ауық «ықы» деп қойып, арба үстінде үнсіз келеді. «Осы иттер әке-шешеміз бар-ау деп ойламайды ғой деймін. Әйтпесе «қалайсыңдар?» деп сүт пісірімге келіп кетсе қайтеді шіркіндер. Бір-екі қадақ қанты мен үнді шайларының, тіпті мылтықтарының да керегі жоқ жүдә, өздері көрініп кетсе нетеді. Қауын-қарбыздың сас боп пісіп, ит жеп, ит жегенінен қалғаны шіріп жатысы анау. Осылар келеді, осылар жейді, осылар рахатын көреді деп көктемнің көк өзегінде бүгілген белді бір жазбай ертеден қара кешке дейін төккен терімнің бекер болғаны ма? Келеді деп күнде тосамыз, дарбазаны жел сықырлатса да сендердің біреулерің екен деп елең ете түсеміз...

Әрқайсысы әр жақта, сонда жұрттан асып, ел сұрап бара жатқандары да шамалы. Бірі Шымкентте, бірдеңе деген зауытта, бірі Сайрамда, қыз болса Ордабасыда, ал Есіркеп Арыста. Ай, осы Есіркеп адам болса да әупірім тәңіріммен әрең адам болды-ау. Бешірни оқып он класс бітіремін деп жүрісі анау. Ол иттің күшігіне «оқы, оқы» деп құдайдың зарын қылып ем, тыңдамады. Текнікүмге түсем деп қағаздарын алып, Шымкент тақиясына тар келгендей Алматы асып кетті. О жақ мұны қайтсін. «Әйда, жөндеп оқып кел» деп қайтарды да жіберді. Көңкүрс дей ме, бірдеңесінен өте алмадым деп жуып-шаяды тағы да. Енді әні, екі-үш жыл селтеңдеп жүріп-жүріп, ауылда төрт дөңгелек құрып қалғандай Арыста мәшине айдап жүр. Үлгіре алмай қалатындай үйленіп алғанын қайтерсің, о әжине! Енді кеп, келін екеуі қабаттасып он класс тауыспақ. Күндіз дарымаған оқу түнде дариды деп жүр ме екен түге?

Ал, ана қаршадай баланың тірі жетім боп жүрісі анау, әрбір қолы бос кемпірдің босағасын сағалап. О, Алла, өстіп те бала өсірмек пе олар. Алып кетем десең қимайды тағы. Ойбай, нақұрыстар- ау, сегіз ай толмаған баланың қарны ашпай ма, жаялығы былғанбай ма, жылай-жылай ішегі қатпай ма, қанша айтқанмен біреудің аты біреу ғой. Өздерінің қайтіп өскендерін ойласа қайтеді, осы күйі аспаннан салбырап түсе қалдық деп жүр ме екен?»

Арысқа түс ауа жетті. Күн жексенбі еді. Балалары үйде екен. Есік алдына тоқтаған арбаны көріп, Есіркеп майкасымен далаға жүгіре шықты.

— Зеркүл, көкем келді, көкем! — деп айғайлап жіберді де әкесін құшақтай алды.

— Аулақ, — деп Шөмішбай баласының қолын сілкіп тастады.

— Не- мене, жас бала құсап. Әлі есің кірмеген бе?

— Кө... көке-ау, не болды?..

— Не болғанын қайтесің. Сендер жатыңдар, қаннен-қаперсіз, мен жүрейін шілденің күнінде шырылдап. Бар, анау арбаны шығарып, есекті көлеңкеге байла да, үстіндегілерін түсіріп ал.

Есіркеп тілге келмей лып беріп далаға шығып кетті. Әкесінің ашулы екенін түсіне қойды. Осы кезде іштен келіні де шығып, атасының жүзіне қарай алмай күлімсіреп, ұяла сәлем берді.

— Бәрекелді, өмірлі бол, балам. Ана немелерің қайда?

— Үйде. Ұйықтап жатыр.

— Бесікте ме, жерде ме?

— Жо-жоқ, — деді келіні күлімсіреп.

— Бесік қайдан болсын, «детский кровать» сатып алғанбыз, сонда жатыр.

— Імм. Бесік неге алмайсыңдар? Келіні сөз таппағандай мүдіріп қалды да:

— Ата, үйге кірсеңізші, — деді.

— Кірем, кірем. Енді даладан қайтады ғой деп пе едіңдер.

Шөмішбай қарт етігін дәлізге шешіп тастап, Есіркептің жеңіл тапочкасын аяғына сұға салды да, ішке енді. Төрдегі салулы көрпеге жантая бергенде Есіркеп те кіріп келді.

— Көке, сіз демала беріңіз, біз тамақ дайындап жіберейік.

— Қазан-аяқта сенің жұмысың қанша, отыр шошаңдамай былай. Әңгіме айтпай ма екен адам деген. Есіркеп «болмас» дегендей бір күлімсіреп, әкесінің қасына отырды.

— Еттерің бар ма еді үйде? Әлде, ас-қатықсыз отырсыңдар ма?

— Бар... бар ғой. Зеркүддің танысы ет комбинатта істейді, содан ап тұрамыз.

— Еһе, — деді әкесі мырс етіп, — сүйтеміз де. Жөн-жөн. Үшеуіңе деп бір тоқты байлап отыр едім...

— Үйтіп әбіржіп қайтесіз, — деп баласы әкесінің сөзін бөліп жіберді, — онан да екеуіңізге жарата беріңіздер, біз өз күнімізді өзіміз көреміз ғой. «О, кеще, — деді ішінен Шөмішбай. — Кеще болмасаң осылай дер ме едің. «Өз күнімізді өзіміз көреміз ғой!» Мен сонда кім үшін тырбанып жүрмін? Жинаған дүниенің рахатын сендер көрмесеңдер, о дүниеге өзіммен бірге ала кетемін бе?! Мына малғұнның сөзін қарашы-ай бұл, о-о, әжине! Көсіліп жатсаң сирағың сыртқа шығатын құрқылтайдың ұясындай тамда отырып өз күндерін өздері көргіш-ақ. Қартайғанда оқып ояз бо- ламын деп жүр ме екен, одан да жұрт қатарлы баспана салып алмай ма түге, ауылдағы жесір кемпірдің Тұңғышбай тентегі құрлы жоқ па? Ертең күн суытса ана баланы ауыртып өлтіреді бұлар, айтпады деме. Е-е, бірақ бұл немелер жаз өтіп, қыс келерін ойлады дейсің бе, әлеулаймен жүре береміз деп отыр ғой өстіп».

— Қыста қайтесіңдер, осы тамда отыра бермексіңдер ме?

— Білмеймін. Баздың директоры екі бөлмелі үй салып беремін деп жүр ғой.

— Ал, ана баланы қайтпексіңдер? Өстіп, көрінген үйге тастап кете бермексіңдер ме?

— Жоқ,ә. Келесі жетіде бала бақшаға орналастырамыз...

— Не дейді?! Шөмішбайдың қолынан кесесі түсіп кетті. Үшеуі де үнсіз. Дастарқан үстіне төгілген күрең шай «сай-сайды» қуалай ағып, төменде отырған Есіркептің алдындағы бір үзім нанға жетті де, үйіріліп тоқтады. Маналы бері дастарқанды торуылдап жүрген үш-төрт қара шыбынның бірі Шөмішбайдың алдындағы төгілген шайға тұмсығын тигізіп сәл кідірді де, атқұмырсқадай жорғалап саусағына өрмеледі, одан да көңілі толмаған соң бір ұшы тістелген қантқа қонып, іздегенін енді тапқандай қадала қалды. Әлгі бір әңгіме кезінде мүлде естілмеген кішкене ақ самаурынның гүжілі күшейе түсіпті. Шөмішбай қарт орнынан тұрып, аспан айналып жерге түссе де тастамайтын тер сіңген күпәйкесін киді. Қалтасынан шақшасын алып, көк насыбайдың бір шымшымын тілінің астына ызалана тастап жіберді де ауызғы үйге шықты. Терісіне сыймай барады. Әкесінің шынымен кетуге жиналғанын сезген Есіркеп қалбалақтай шығып, оны тоқтатпақ ниетімен «көке» деп жасқана үн қатып көріп еді, «өшір үніңді!» деп Шөмекең ақырып қалды. Есіркеп әкесін тоқтатар ешқандай күш жоқ екенін білді. Ұзақ жолдан шаршап келіп, көлеңкеге жеттім бе, жетпедім бе деп құлағын салбыратып енді ғана мүлги бастаған көк есек иесінің «ықы, арам қатқыр» деген оқыс үнінен елең етіп, басын көтеріп алды. Денесін балбыратқан рахат бір тыныштық лезде ғайып болып, қас пен көздің арасында басына ноқта, мойнына қамыт түсіп, келесі бір сәтте өзіне әбден таныс болған, өзін әбден ығыр етіп, зықын шығарған шиқылдақ арбаны ыстық күнде еріне сүйретіп, қала сыртына қарай қиыршық жолмен аяңдап бара жатты.

Үйге екіндіде жетті. Дарбазаны ашып ішке кіре бергенде үш немересі мен кемпірі алдынан жүгіре шықты.

— Әй, тез қайтып қапсың ғой шал-ау. Күн салқындағанда шықсаң қайтетін еді, ана бала ыстықтан өлімші болды ғой.

— Жоғал әрман ербеңдемей. Балажанын қарай гөр мұның!

— Бірдеңенің салқыны тиген бе өзіңе. Тоқтат арбаңды. Баланы қаппен жауып қойған ба ей, мынау! Кемпірі арба үстіндегі қапшықтарды қолымен басып қалғанда есегіне деп ала шыққанмен желінбей қайтып келген бір бау жоңышқаны ұстай алып, ыршып түсті.

— Көтек, мынаусы несі құдай-ау, Қуатжан қайда?

— Қуатжан, Қуатжан! «Жан» деп қапты ғой маған барып. Қайда болушы еді, қалды сонда. Сені мен мені адам деп жүр дейсің бе олар! Самаурыныңа от сал, таңдайым кеуіп келді.

— Ата, маған палавоз әкелдің бе? — деді үлкен ұлының баласы мұрнын тартып қойып.

— Қайдағы паравоз саған! Өзім паравоз боп әрең жеттім. Сүрт ана мұрныңды, өй, әкесі оңбаған ынжық неме? Шөмішбайдың ашулы екенін біліп, кемпірі де, немерелері де жым болды. «Шіркіндер-ай, шынымен бермей қалғандары ма балаларын, — деді Салиха іштей самаурынға от жағып жүріп, — әлде мына шал «үйтпейсіңдер, бүйтпейсіңдер» деп таптай берген соң келін бірдеңе деп қалды ма екен? Есіркепжанның бөтен мінезі жоқ сияқты еді ғой. Қарғадай баланы анда- мұнда сүйрелеп жүріп ауруға шалдықтырады-ау... Үйбай, жамандар-ай, өздері келмек түгілі, бір жапырақ жаман немелеріне зар қылды-ау». Салиханың көзіне жас мөлтілдеп шыға келді де, онысын байқатпауға тырысып онсыз да жанып келе жатқан самаурынды үргілей берді.

Олар шай үстінде де тырс етіп сөйлескен жоқ. Күн батып, саңы сөне бастағанда-ақ бәрі төсек салып жатып қалды. Күндегідей далаға емес, үйге жатты. Кемпірі де, шалы да ұйқысыз.

— Балалар ұйықтап қалды ма? — деді әлден соң Шөмішбай.

— Иә.

— Иттің күшіктерін ертең үйді-үйіне апарып тастаймын. Барсын. Керегі болса неғыл деген екенсің солардың. Отырайық сонсоң қу бас боп. Қарай гөр бұларды, о, әжине, мұрнының боғын сүрте алмай жүріп...

— Не болды, шал-ау, айтсаңшы жөндеп. Саған бірдеңе деді ме олар?

— Деді. Демесе Жекенсаяқтың салқыны тиді дейсің бе? Өз күнімізді өзіміз көреміз дейді. Бірдеңе деген жерден ет алып тұратын көрінеді. Ол аз болса, Қуатты балабақшаға тапсырғалы жатыр. Әні. Енді сен екеуміздің оларға керегіміз жоқ. «Атам өлсе қойылар, атан өлсе сойылар», көңілі түссе келіп, көңілі түспесе жылына есігіңнен бір сығаламай жүре береді сөйтіп. О тоба, бәрі бет-бетімен. Жас болса кеп қалды, ауыр- маймыз ба, сырқамаймыз ба, сайтан емеспіз ғой түге. «Осы екеуі қалай» деп өздері хабар алуды да білмейді. Әсіресе мына Есіркеп, біздің өліп қалғанымызды бірақ есітеді. Бүгінгі қылығы мынау. Ойбай ақымақ-ау, бала бақшадан кем болғанымыз ба сонда. Түнеукүні барғанымда: «Бала бақшада бала таза болады, уақтылы ұйықтап, уақтылы тамақ ішеді» деп ыржаңдап отыр еді, бұл иттің сонысы ойыны екені десем шыны екен ғой. Ал екеуінің от басының қызығын көрмей жүрістері әлгі. Мұрындарына май құйсаң да адам болмас.

— Қойшы... Қайдағыны айтпай...

— Жылама, неменесіне жылайсың. «Қой, қой» деп араға түсіп, соларды бетімен жіберген өзіңнен көр. «Келін жүмсәим, аягімді жілі суға мале-ееп отиамын» деуші ең, отыр енді қарық боп!

— Қайт дейсің енді. Мейлі де, мына немелер өскен соң болмаса.

— Атаңның басы! Әкелері көрсетпеген жақсылықты осылар көрсетеді деп отырсың ба? Кетеді ертең-ақ тұс-тұсқа. «Шеуа!» деп тұрсын сонсоң.

Әтештер шақыра бастады. Шөмішбайдың есіне қауыны түсті. «Ит жеп жатыр-ау. Мейлі, ит жемесе шошқа жесін». Аударылып түсіп, теріс қарап жатты. Кемпірінің иығы бүлк-бүлк етеді. «Қой» деп зекіген жоқ. Қой дегенмен бәрібір қоймайды. Бір кезде сырттан машина дүр еткендей болды. Екеуі де демдерін ішіне тартып, тына қалды. Дүріл бұрынғысынан да күшейіп, ышқынып барып басылды да, есігінің сарт етіп жабылғаны естілді.

— Біреу келді ғой деймін, — деді Салиха басын көтеріп.

— Сөйтті-ау деймін. Ауызды жиғанша болған жоқ, терезенің тықылдағаны естілді.

— Көке, жатып қалғансыңдар ма?

— О, даусыңнан айналдым сенің саңқ ете түскен. Есіркепжан ғой мынау.

— Салиха әжей құстай ұшып барып, есікті ашты да баласының мойнынан құшақтай кетіп шаң-шаң бетінен алма кезек сүйе берді.

— Күнім-ау, түнделетіп қайдан жүрсің! Шешінші, шаршап келген шығарсың. Азып кетіпсің ғой жарығым-ау, денің сау ма әйтеуір?

— Сау, сау апа. Аздап шаршағандық шығар. Іштен кебісін сүйретіп әкесі шықты.

— Жеті түнде жау қуды ма, не боп қалды?

— Жай... Бағана сіз мылтықты алуды ұмытып кетіпсіз. Соны әкеп берейін деп... Оқ-дәрісін де ап қойып ем.

— Оны қайтпекпін? Қай малымды қасқыр шауып жатыр?

— Атпасаңыз үйде тұрар. Қос ауыз. Қазір әкелейін. Есіркеп сыртқа шығып кетті де, кабинадан мылтықты алып қайта келді.

— Міне, су жаңа. Мақта тығып қойсаңыз ұңғысының ішін тот баспайды. Есіркеп қос ауызды төрге апарып іліп қойды.

— Ал мен қайтайын енді. Азанда ерте тұрып Байырқұмға жүремін.

— Құлыным-ау... тым болмаса бір күн жатып кетсеңші, тірлік деген бітеді дейсің бе әдіре қалғыр.

— Болмайды апа. Өкіметтің жұмысы ғой. Ұят болады..

— Міне, өстеді, өстеді бұлар. Бүйтіп келгенше келмей-ақ қойсаңдар етті. Не тойған емес, не қойған емес. Бағана бір кемпірқауын әкеп қойып ем, соны өз қолыңмен жарып жеп кетші.

— Одан да ала кетейін апа. Мен Арысқа жеткенше таң сыз беріп те қалар. Тағы келемін ғой. Бүрсігүні осы колхозға жәрдемшілер әкелемін. Сонда бір күн жатып, пәйкел аралап, қалаған қауынымды өзім алып жеймін. Нұраш, Тұраш, Әппақтар ұйықтап жатыр екен ғой, ояна қоймайды-ау бұзықтар...

Есіркеп монтиып-монтиып ұйықтап жатқан үшеуінің бетінен кезек-кезек сүйді. «Ойбай жаман, — деді ішінен Шөмішбай, — саған бауыр не керек екен десеңші». Есіркеп соңынан әке-шешесін тізілтіп, кемпірқауынды қолтықтап сыртқа шықты. Сабырлы қалпынан тая қоймаған Шөмішбай галошын сүйретіп босағаны соң аттады. Есіркеп машинасына от алдырып болған соң:

— Қуатты бүрсігүні келгенімде ала келем, — деді екеуіне бірдей қарап.

— Мүмкін, Зеркүл де бірге келіп, екі-үш күн жатып кетер.

— Неғыл дейді, Қуатжанды ма, — деді екеуі де қосарланып.

— Иә-иә.

— Кабинаның есігі сарт жабылып машина орнынан қозғала берді.

— Мынау жынды ма-ей, не деп кетті өзі. Құлыным-ау, күн ыстықта шықпаңдар, күн ыстықта. Кешкі салқынмен шығыңдар, — деп айғайлады Салиха.

— Мақұл апа, мақұл! Екеуі қақпа аузында машинаның қызыл жарығы көрінбей кеткенше қарап тұрды.

— Күнім-ай, әшейін. Бір кесе айран да ішпеді-ау! Сен шал бүлдіріп келгенсің ғой, баланы түн ішінде әбігерге салып. Ертең ертемен сонау Байырқұмға жүреді екен тағы. Е, құдай, өзің жар бола көр әйтеуір. Жол- жөнекей бірдеңеге ұрынып қалмаса жарар еді.

— Өшір үніңді, — деді Шөмішбай үйге қарай қозғала беріп.

— Жақсы сөз — жарым ырыс, сұңқылдап қайдағыны айтып тұрғанын қарашы. Одан да, ана бесікті дайындап қой, келіп қалған кезде шала бүлінбексің бе тағы.

— Иә-иә, сөйтейін, сөйтейін. Сәлден соң таң да атады. Бүгінгі ұйқы бәрібір ұйқы болмас. Сол түнді екеуі де ұйқысыз өткізді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама