- 08 қаз. 2021 00:00
- 331
Қарахан кесенесі
Сәулет өнерінің тамаша туындыларының бірі — Қарахан кесенесі. Ол Тараз қаласындағы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-мұражайында орналасқан. Кесене Қарахан әулетінен шыққан хан Ша-Махмұд Бұғра Қарахан қабірінің басына орнатылған.
Аңыз бойынша, Қарахан Айша деген қызға ғашық болыпты. Бірақ жаугершілік заман екеуінің қосылуына кедергі болған көрінеді. Ақыры, екеуі қосылуға серттесіп, қыз Қараханның ауылына қарай жол тартады. Жолда Айша бибі суға шомылып шығып, киімін киіп жатқанда сәукеле ішіне кіріп кеткен жылан қызды шағады. Қарахан есінен танып, әлсірей бастаған Айшаны молдаға апарып, некесін қидырады. Айша бибі осы жерде батырдың қолында көз жұмады. Сөйтіп, Айша бибінің қайтыс болған жеріне мазар тұрғызады. Қасынан Қарахан өзіне де мазар салғызады.
Қарахан есімі ел арасында беделді, әулие кісі ретінде танылған. Содан оның мазары ел ішінде «Әулие ата күмбезі» аталған және шамамен XIX ғасырдың ортасынан XX ғасырдың басына дейін қазіргі Тараз қаласы Әулиеата атанған.
XI ғасырда салынған «Әулие ата күмбезі» XX ғасырдың басына дейін сақталған. 1906 жылы көне күмбездің орнына жаңа кесене тұрғызылды. Күмбездің ұшар басына оюлы ағаш діңгек қойылып, бөлменің ішіне бесік тәрізді сағана орнатылған. Ғимараттың солтүстік-шығыс бұрышынан төбесіне шығатын баспалдағы бар. Кіреберіс тепкішектің үстінде төрт аласа шырақасты бағандары болған. 1979 жылы Қарахан кесенесіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Оқуға кеңес береміз: