Қасым ханның қасқа жолы
Қазақ хандығында "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы", Тәуке ханның "Жеті жарғысы" деп аталатын заңдар болды. Бұл заңдар сол заманда ислам дінін тұтынатын Күншығыс пен Орта Азияның бірсыпыра елдеріндегі феодалдық мемлекеттер мен хандықтарда жаппай қолданылып отырған ислам дінінің "шариғат" заңынан мүлдем басқаша болатын. Бұл қазақ хандығының ерекше тарихи әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайының туындысы еді.
Қазақ хандығының заңдары "жарғы" деп аталады. "Негізгі орта ғасырларда қыпшақ, шағатай ұлыстарында қолданған ярғұ заңынан алынған. Қазақша "жарғы" әділдік деген ұғымды білдіреді. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудырмай, дәл, әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық бұқарасы ардақтап "қара қылды қақ жарған" деп мадақтаған. Оның екі жағының біреуіне артық жібермей, дәл айыруы әділдіктің мезгеуі болған. Жарғы заңының негізі, міне, осында. Өзінің мазмұны бойынша бұл заңның түбегейлі идеясы ежелгі әскери демократия арнасына барып тіреледі".
Қазақ хандығы заңдарының түп төркіні қазақ халқында ұрпақтан -ұрпаққа жалғасып келген әдет-ғұрыптық ережелерден шықты. Бұл ғұрып -әдеттік ережелер ежелден ел салтына сіңген. Халық бұқарасына түсінікті заң болды.
Қазақ хандығының іргесін қалаушы хандардың бірі Қасым хан (билік құрған жылдары 1511 — 1523) жоғарыдағы саяси жағдайға және халық бұқарасы мен билер тобының тілегіне негізделіп, қазақ халқының ежелгі әдет-ғұрыптық ереже-тәртіптеріне мәнді өзгерістер енгізіп, дамытып билер кеңесінде ақылдаса отырып, "жарғы" заңын жасады.
Халық бұқарасы Қасымның шариғатты алмай, ежелден қалыптаскан билер заңы - жарғыны жаңадан көтергенін қатты ұнатып, оны "Қасым ханның қасқа жолы" деп атап кетті. Бұл заңға кірген ережелер мынадай:
1. Мүлік заңы ( мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері). Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза).
2. Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат).
3. Елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық, әдептілік).
4. Жұртшылық заңы (шүлен тарату, ас, той, мереке үстіндегі ережелер, жасауыл, бөкеуіл, тұтқауылдардың міндеті). "Қасым ханның қасқа жолы" бір ғасырдай атқарылған соң, тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, Есім ханның (1598-1645) тұсында "Есім ханның ескі жолы" деп аталған.
Ел аузында сакталған деректерге қарағанда, Есім хан тұсында "қасқа жолға" қосылған жаңалық: "хан болсын, ханға лайық заң болсын; абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын, би болсын, би түсетін үй болсын" деген ережелер екен. Бұл қазақ хандығы құрылысының саяси-әкімшілік, әскери, рухани және сот істері жөніндегі негізгі заң сипатындағы төрт тұғыр екені байқалады. "Ескі заң" деп аталуына қарағанда, сірә, бұл ережелер бұрыннан келе жаткан дәстүрлі бір жүлгемен жасалған болуы да ықтимал.
"Қасқа жол" мен "Ескі жол" заңдары XVII ғасырдың аяқ кезі мен XVIII -ғасырдың басында қайта толықтырылып, елеулі өзгерістер енгізіліп дамытылады. Тәуке хан (1680-1718) тұсында "Күл төбенің басында күнде кеңес" өткізіліп, "Қасқа жолдың" бұрынғы бес тарауына тағы да екі тарау қосылып, "жеті жарғы" ("жеті заң") деп аталды. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының шығыс жағындағы жайылымдарды ойрат-жоңғар феодалдарының басып алуына байланысты жердің таралуы, мал жайылымдарына таласқан жанжалдардан адам өлімінің жиі болуы себепті жер дауын мүлік заңынан, құн дауын жалпы қылмыс заңынан бөліп алып, жеке-жеке тарау енгізуге тура келді. "Жеті жарғы" заңы Үш жүздің ойшыл саңлақ билері — Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің қатысуымен, хан қасындағы билер кеңесінен өтті.
"Орыс деректемелерінде" бұл заңдар "Тәуке ханның заңдары" деп аталды. Мұның өзі бұрыннан болған заңдық нормаларды жинактау ғана емес, сонымен қатар оларға мәнді өзгеріс кіргізіп толықтау болды. "Кеңінен алғанда Тәуке хан заңдарының құрамына: 1) байырғы әдет-ғұрып нормаларынын, Тәуке хан тұсында "жаңартылған" феодалдық кодексі — "жеті жарғы"; 2) билер сотының тәжірибесі, түйінді биліктер, шежірелер; 3) ұсақ хандықтардың өзара бірлігін, ынтымақтастығын нығайтып, сыртқы жауларға қарсы тұруға жұмылдыруға, ру-тайпа басшыларының (би-батырлардың) саяси-экономикалық рөлін арттыруға, көршілес елдермен дипломатиялық және сауда қатынасын нығайтуға арналған заңдары мен жазба актілері жатады. Тәуке хан кезіндегі құқ ережелерінің жеке салаларына (қылмыстық заң, отбасы, неке) шариғат ережелері ықпалын тигізді".
"Жеті жарғы" заңындағы: "бір еркектің төрт әйел алуына болады", "ұрғашының жарым басы кем, екі әйелдің куәлігі бір еркекке тең", "еркекке толық құн, әйелге жарты құн" дейтіндер Тәуке хан тұсында ислам шариғатынан қазақ заңына енген ережелер. Осы сияқты жекелеген қағидалардың әсерінен басқа қазақ заңы Тәуке хан тұсында да ежелгі ерекшелігін сақтап калды.
Қазақ хандығы заңдары тілі тұжырымды, есте сақтауға ыңғайлы, ұйқасты, өршімді, шешен сөздермен құрастырылды. Мысалы, "әділ билік — алтын таразы", "қара қылды қақ жару", "тура биде туған жоқ", "жетпеген билік жеті ұлықтың есігін ашады", "батыр айғақ, балуан куә", "сорғалаған қан, сойдақтаған із", "ер өлтіріп, өріс бұзу", "ел шауып, мал талау", "табандап ұрып, тап шығу", "бата тимесе, қата тию", "қысасқа қан, оқысқа құн", "жазыққа жаза, айыпқа әнжі", "ханға хандық, биге билік", "мойнына қосақ, артына тіркеу", "семсер астында серт жүрмейді", "иілген басты қылыш кеспейді", "алдыңа келсе атаңның құнын кеш", "жан алып жат болма", "ашыққан ұры — ашынған долы", "мал ашуы, жан ашуы", "алдырған албырт, анасының қойнын ашады", "қойманы не көрген алады, не көмген алады", "ердің құны екі жүз жылқы", "ат тұяғын тай басады", "иттелеуі бір күшік", "әке өлсе, мүлкі мұра", "аға өлсе, жеңге мұра", "ерден кетсе де, елден кетпейді", "дау-айтыс, барымта-қайтыс", "судың түбін шым бөгейді, даудың түбін қыз бөгейді", т.б. Бұлар мақал-мәтел түрінде ел арасында сақталып келді.
Бұл заңдар толық күйінде біздің заманымызға жеткен жоқ, Халиолла Өскенбайұлы, А.И.Левшин қатарлы зерттеушілер жариялаған үзінділер ғана сақталған. Қазақ заңдарының ертеректе жазылған бір нұскасы "Қазақ хандарының рәсмилері" деген атпен Стамбулдағы Сүлеймен Қанұнидің кітапханасында сақталып тұрғандығы байқалды, бірақ мұны зерттеген ешкім жоқ. Сол сияқты "Қазақтың ережелері" деп аталған бір қолжазба 1950 жылдарда Толы аудандық сақшы мекемесінің қолына түскен екен. Мұның қазір қайда екені белгісіз, оның көшірмесі Бежіндегі ұлт зерттеу институтында болса керек.
Зерттеушілердің кейбіреулері: "Қазақ хандығы заңдарының түп төркіні Шыңғысханның "жасақ" заңынан алынған деген пікір айтады, енді біреулері: қазақ хандығы Шыңғыс ханның "жасақ" заңынан мүлде дербес заң дейді. Бірақ бұл екеуінің арасындағы байланыстың бар-жоқтығын дәлелдейтін тарихи дерек әзірге дейін табылған жоқ.
Қазақ хандығы зандарының негізі — феодалдық базис пен патриархалдық-феодалдық өндірістік қатынас болды. Онын міндеті: феодалдық базиске қызмет ету, феодалдық меншікті қорғау және нығайту, феодалдық үстем таптың еңбекші халықтың феодалдық қанауға қарсы күресін басып-жаншып тұншықтыру еді. Бұл заңдарда феодалдық меншікті қорғауға және меншік жөніндегі дау-шарларды шешуге баса мән берілді. Феодалдық құққа қайшы келгендер қатал жазаланып отырды.
"Жеті жарғы" заңы жарыққа шыққаннан кейін еңбекші халықка түсетін салық ауыртпалықтары бұрынғыдан да бетер күшейе түсті. Бұрынғы салықтар көбейтіліп, жаңадан түрліше алымдар енгізілді; сұлтан мен хандардың аманат ретінде көршілес мемлекеттерге баратын бадаларын асырауға, сұлтандардың ірі билердің тағы басқалардың борыштарын өтеуге жана алымдар енгізілді.
Қазақ хандығы заңдарының қылмыс заңынан оның таптық мәні айқын көрінеді: "Жеті жарғы" заңында қысаспен әдейілеп кісі өлтірушілерге бұрынғыдай "қанға қан, жанға жан алу" ережесі сақталды. Алайда, бұл көбінесе күн тарттырумен алмастырылып отырылды. Құнның мөлшері мынадай болды: еркекті өлтіргені үшін толық құн — "ердін құны екі жүз жылқы" (жүз түйе, немесе мың қой), ал әйелді өлтіргені үшін жарты құн - "жүз жылқы" (елу түйе, бес жүз қой); кісінің бір көзін шығарса — жарты құн, екі көзін бірдей шығарса — толық құн тартатын болды; бір қолынан немесе бір аяғынан айырса жарты құн, екі қолынан немесе екі аяғынан бірдей айырса толық құн тартатын болды.
Феодалдарға қарсы бас көтергендік үшін жауапкершілік неғұрлым айқын, берілетін жаза неғұрлым қатаң болды. Сұлтан мен қожаны өлтіргені үшін төленетін құн жай адамды өлтіргенде алынатын құннан жеті есе көп болып белгіленді. Құныкердің өзі ғана емес, оның руы бөліп төлейді. Ал алынған құнды да өлген кісінің туыстары мен руластары бөліп алатын болды.
Біреудің әйелін зорлау, алып қашып кету, отбасы мен бүкіл рудың намысына тиетін ауыр қылмыс деп есептеледі. Мұндай қылмыстары үшін айыптылар өлім жазасына тартылуға тиіс болған. Алайда төлем (айып) төлеумен ауыстыруға да болатын болған. Мал мен мүлікті ұрлау да аса елеулі қылмыс болып есептелген. Егер ұрыны ұрлық үстінде өлтірсе, онда құн төленбейтін болған. Ұстап алған ұрыны 25-тен 60-қа дейін қамшымен дүре соғып жазалауға сотсыз-ақ рұқсат етілген. "Егер осы дүреден өліп кетсе, онда бұған да құн төленбейді" дейді. Ұры қатаң қылмыс жазасына тартылды, ұрлап алынғанын қайтаруға және "тоғыз" айыбын тартуға міндетті болды. "Тоғыз" айыбы мына түрде белгіленген: бас тоғыз немесе түйе бастатқан тоғыз: бір түйе, құлынымен екі бие, құнан-дөнен, төрт жылқы; орта тоғыз немесе ат бастатқан тоғыз; бесті ат, екі құнан, екі тайынша, төрт қой; аяқтоғыз немесе өгіз бастатқан тоғыз: бесті өгіз, екі тайынша, үш қой, үш қозы. "Жеті жарғыда" құдайға тіл тигізгендігі жеті адамның куәлігі арқылы анықталғандар таспен атып өлтірілсін, христиан дініне кіргендердің барлық мал-мүлкі тартып алынсын деп белгіленген
Мыңжан Н.
Оқуға кеңес береміз: