tengrinews.kz
- 03 нау. 2026 08:00
- 19
«Ақылына ақы төле» дейтін жаңа қызмет: Қазақстандықтарға не ұсынылады?
Telegram мессенджерінде ақшаға «өшін алуға» болатын жарнама тарауда. Бұл қызметтердің тізімінде телефон арқылы қорқытудан бастап, мүлікті өртеу, адамды соққыға жығу сияқты әрекеттер бар. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қауіпті ұсыныстар
Желіде белгісіз тұлғалар «мәселелерді стандартты емес жолдармен шешуді» ұсынатын хабарламалар пайда болды. Олар клиенттерге «әдеттегі сөздер жұмыс істемейтін жағдайларда қолдау көрсетеміз» деп уәде береді.
Жарнама авторлары құпиялылық пен әр клиентке жеке қарым-қатынас жасайтындарын айтады.
Ұсынылатын «қызметтер» қатарында телефон арқылы қорқыту, адамды соққыға жығу, пәтер есігін өртеу, автокөлікті өртеу, сондай-ақ қала сыртына шығарып, зорлық-зомбылық көрсету бар. Қосымша ақы төлесе, бұл әрекеттерді видеоға түсіріп беретінін де айтқан.
Ішкі істер министрлігінің жауабы
Tengrinews.kz агенттігі жарнама скриншоттарымен бірге ресми сауалды Ішкі істер министрлігіне жолдады. Ведомство өкілдері құқық қорғау органдарының интернетті бақылап отырғанын және тиісті шаралар қабылдап жатқанын хабарлады.
«Өз құзыреті шеңберінде ішкі істер органдары интернетті мониторингілеп, заңсыз және қоғамға қауіпті қызметтерді ұсыну туралы жарнамаларды анықтап, оларды бұғаттауға бастама жасайды.
Жекелеген жағдайларда жинақталған материалдар мен мәліметтер заңнамада белгіленген тәртіппен құқықтық бағалау және процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарының мүдделі бөлімшелеріне беріледі», — деп жауап берді министрлік.
ІІМ киберқылмысқа қарсы жүйелі жұмысты жалғастыратынын және азаматтарды сақ болуға, сондай-ақ құқыққа қарсы әрекеттер туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақыратынын атап өтті.