Қайсар қаламгер, мұқалмас талант
Қазақ мәдениетінің сонау көне заманнан бері жасап келе жатқан халықтық туындылары аз емес . Сан – салалы өлең – жыр , асыл сөз үлгілері – әдебиет саласындағы халық мұрасының куәсі. Дәуірлік мәні бар поэзия туындылары, әдеби шығармалар – халқымыздың рухани байлығы.Осынау асыл туындыларымен танымал болған ақын – жазушыларымыз қаншама ? Міне , солардың бірі – Хамза Есенжанов. Бұл есімді ойға алған кезде, талай адамның тағдырын талқандаған келеңсіз оқиғалар ойға оралады. Ол табиғаттың берген ақыл – ойымен талантының арқасында ажалға қарсы тұрып, өмірге деген құштарлығын жоғалтпай , адамдар мінезіндегі аярлыққа кешіріммен қарап , қуғын – сүргіннен құтылған уақытта ғана қаламын қолға алып, аз уақытта қазақ әдебиетіне көптеген өзінің үлесін қоса бастады. Жерлес жазушымыз Хамза Есенжанов өз шығармаларында Ақ Жайық атырабында болған алуан оқиғаларды сипаттады. Жазушы Хамза Есенжанов сол кезеңдегі жағдайларды шеберлікпен анықтап көрсете алды. Х.Есенжанов негізінен қазақ прозасында сирек кездесетін образдар жинағын жасады. Оның кейіпкерлерлерінің көбі қайсар мінезді , қиын тағдырмен күресе алатындай, алғыр болатын. Х .Есенжановтың кейіпкер жасаудағы тәжіребиесі, оның « типтік жағдай », « типтік орта », « типтік мінез» деген ұғымдарға мейлінше салмақ салғанын аңғартады. Негізінен менің ойымша, қазақтың тарихында Хамза Есенжановтың « Ақ жайық» эпопеясындай басқа шығарма болған емес. Хамзаның өз туған жері туралы көлемді шығарма жазуы – бұл өзінің патриоттық сезімі мен ұлттық намысының жоғары деңгейде қалыптасуының көрсеткіші болса керек Жазушы Хамза Есенжанов осы туындысы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. « Ақ Жайық » эпопеясының өмірге келуіне себепші болған бірден – бір адам София Жақияқызы Тастемірова болатын.
Хамза Ықсанұлы туралы әңгіме еткенде, оның өмірлік серігі София Жақияқызына тоқталмай өтуге болмайды . Ол айдаудағы жарының артынан еріп, қуғын - сүргіннің ауыр тауқыметін бірдей көрді . Хамза ағаны тікелей мағынасында ажал аузынан аман алып қалды . Хамза Есенжанов романдары - қазақ прозасында бұдан бұрын жасалған тұлғалы туындылардың ешқайсысын қайталамай, тарихи шындықтың панаромасына өз картинкаларын қосып , типтік образдар галериясына өз кейіпкерлерін қосқан кесек туындылар. Октябрь революциясы мен азамат соғысының дауылды жылдарының Батыс Қазақстанда өріс алған оқиғаларын әр қырынан суреттеп берген бұл туындыларда оның кейіпкерлері сол оқиғаларға қатысқан әлеуметтік топтардың сырын ашып, ролін анықтаған жинақты да нақты образдарға айналған . Олардың даралық қасиеттері өзді – өзіне тән айқын да айрықша ерекшеліктерімен көрінуі әрқайсысын айнытпай танытады .
Мысалы, «Ақ Жайық » трилогиясының негізгі кейіпкері Хакім Жүнісовті басқа ешкіммен шатастырмайсыз. Өйткені оның кемелденген сипаты «Ботакөздегі »Асқар Досановқа ұқсағанымен , характерінің даму жолында өзіндік өзгешеліктер бар. Ол Асқар сықылды кедей семьяда өсіп, революцияға түзу келген кісі емес, оның жолы – ауқатты қажы баласынан көп қайшылықтарды бастан кешіріп, революцияны қиындықтар арқылы қабылдаған жастың диалектикалық жолы. Хакім характерінің даралық сипаты оның Әлібек сықылды бауырларымен салыстырғанда да айқын көрінеді. Бұл образдың иландырғыш күшінің өзі оның осы шытырман жолын бірте – бірте өрмелеп, қияға шыққан қиындығымен көрсете білуінде . Жазушының реалисттік шеберлігіде осында . Жалпы эпикалық, көп салалық, кең құлаштылық, өмір материалын көбірек қамтитын қасиет тек қана Хамза ағамызға тән деп ойлаймын. 1920-1930 жылдар аралығында тағдырдың азабын көрген жазушылар қаншама, соның ішінде көңіл бөліп қарайтын бірден – бір адам - қазақтың талантты жазушысы Хамза Есенжанов.Әке-шешесінен сегіз жасында жетім қалған баланың жеті жылдық совет мектебінде оқып, санасының оянуы, алдағы үлкен өмірге алғаш қадам жасауы азамат соғысы мен Совет үкіметі орнаған жылдар екен. Бұл бүкіл қазақ жастарының революциядан рух алған, халық өкіметінен қуат алған ортақ тағдыр еді. Қараңғы ауыл баласының бой түзеп, білім жолына түсуі қанша қиын болса да Х.Есенжанов өзінің талпынған талабымен, тегеурінді талантымен мақсат межесіне қанат қақты.Мақсаты білім алу болды Х.Есенжановтың ғылым мен әдебиеттегі алғашқы қадамы сәтті басталғанымен көп ұзамай кесіліп қалды. Қадыр Мырза Әли ағамыз айтпақшы , «... Оны отызына толар – толмаста « халық жауы » деп айдап әкеткен. Түрменің аты – түрме, айдаудың аты – айдау ! Көрместі көріп, татпасты татып , бүкіл жастығын, қызулы – қуатты кезін жат жерде өткізіп, бүкіл денсаулығын құртып, елуінші жылдардың екінші жартысында үйге аман есен оралады. Өйткені, бұрынғы 1937 жылы кеңестік идеология жүргізген теріс саясаттың зардабын бір адамдай тартқан, және де өмірінің жарты жылын түрмеде өткізген қайраткер жазушы .Шын мәнінде Хамза Есенжанов жазушы ретінде керемет тұлға. Хамза ағамыз түрмеден шыққанмен , айдаудан қайтқанмен , тіпті ақталғанмен , барынша өкпелі және ашулы еді . Ал осынша обал жасаған Кеңестік қоғам әлі де болса кешірімсіз қатал күйінде біраз өмір сүрді . Ол кездерде түгелдей шындықты айтатын , ақиқатты ақтарып жазатын иманы бар қаламгерлерге ресми баспасөз үлкен күдікпен қарайтын . Саптыаяққа сыра құйып, сабынан қарауыл қарап , көркем шығарманың өзін сенімсіздіктің сүзгісінен бір емес, бірнеше мәрте өткізіп барып , көркем дүниелер әрең дегенде жарық көретін. Ал біздің Хамза ағамыз өте парасатты , өте төзімді қаламгер болатын .Ол өмірде айтыс –тартысты ұнатпайтын . Ел ішінен жау іздеп , дұшпан іздеп , кек алумен , өш алумен шұғылдануды жөн деп таппады. Еліне аман – есен оралғанын олжа деп ұқты. Сағынған өнеріне , жазу үстеліне арқа сүйеп шығермашылыққа алаңсыз берілді. Сонымен қатар осындай қиын қыстау кезінде де ол шығармашылыққа деген көз қарасын өзгертпеді .Сөйтіп « Ақ жайық » эпопеясының бір томынан кейін бір томын жазды . Жазушы « Ақ Жайық » кітабын 1957 жылы , ал екінші кітабын 1959 жылы ,үшінші кітабын «Тар кезең » деген атпен 1965 жылы жариялайды . Содан соң «Көп жылдар өткен соң » романын жазды. Хамза Есенжанов ,біздіңше ,көркем әдебиеттің , жалпы өнер атаулының міндетін анық ұғып , шығармаға шын суреткер боп ой жіберіп , толғана білген . Өзін түптің түбінде оқушы алдында жауапкер , міндеткер санаған қаламгер . Әрбір ақын – жазушының шығармашылық өмір жолына қарайтын болсақ , оның бір өнімді жұмыс жасайтын жемісті жылдары болды . Елдің есіне Хамза Есенжанов десе « Ақ Жайық » түседі ал Ақ Жайық десе Хамза Есенжанов еске түседі . Бұлар бірін – бірі толықтырып тұратын ұғымдар . Романның оқырман көкірегіне әбден ұялағанын , оның әбден танымал болғанын , қалың жұрт қолынан тастамайтын кітапқа айналғанын дәлелдейтін сыр. « Елдің атын ері шығарады , ерінің атын елі шығарады » мақаланың мәні осында болса керек .
Жалпы « Ақ Жайық » трилогиясындағы әр оқиға деректі шындықтан туған , әр қаһарман өмірде болған тарихи тұлғадан жинақталған . Ал осы қасіреті көп кейіпкерлермен оқырман ды жүздестіре алсақ , жасттарымыздың саналы да салиқалы , білімді де білікті , елін сүйетін , халыққа риясыз қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеп шығарсақ еліміздің өркендеуіне , рухани дамуына қосқан үлесіміз болар еді .Хамза ағамыз 1908 жылы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында дүниеге келген. Алдымен жеті жылдық, кейін ауылшаруашылық техникумында оқыған. 1933 жыл қазақтың Абай атындағы педагогика институтының тіл – әдебиет факультетін бірітіп, 1934 жылы Ленинградтық мемлекеттік өнер – білім институтында асперант болып оқуын жалғастырды. 1938 жылға дейін республиканың мәдени-ғылыми мекемелерінде, жлоғарғы оқу орындарында жауапты қызметтер атқарады. Орта мектеп, бастауыш мектептер үшін оқулықтар жазады, көркем аудармалармен шұғылданады. И.С.Тургеневтің «Рудин», Иван Шуховтың «Өшпенділік» романдарын қазақшалайды. Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» ипопеясының бірінші және төртінші томдарын аударады.
Аз деуде, көп деуде қиын...Алпыс алты жыл өмір сүрді. Орта есеппен алғанда, бұл өзі ақылға сиятын, шүкіршілік қылатын ғұмыр. Бірақ оның он бес – жиырма жылын бақытты һәм тып-тыныш өткен жемісті жылдар деп айта алмайсын. Хамаза ағамыз ол жылдары еркінен айырылып, «Халық жауы» деген атпен айдауда жүрді. Айдауда болу, лагерде өмір сүру – курортта жүру емес. Шектеулі территорияларда тұсаулы тұлпар, байлаулы бұзаудай тірлік кешу. Саяси тұтқындардың жазу – сызуына мүмкіндік, тіпті құқығыда жоқ. Бұл – азап, бұл – қорлық. Жалындаған жастығын Кеңес өкіметінің алғашқы қиын жылдарына жұмсап, ақыр түбінде сол Кеңестік қоғамның құрбандығына берген Хамза ағамыз таза жазушылыққа ғұмырының соңғы кезеңінде ғана он-он бес жыл ішінде классикалық дүниелер жызды. Жазып үлгерді әйтеуір. Оғанда шүкір! Соның арқасында Хамза ағамыздың екінші ғұмыры, өлмес ғұмыры басталды. Ол енді жеке бастың бақытты емес, қазақ әдебиетінің, халқының бақыты...
Эпопея авторының тағы бір ерекшелігі – кейіпкерлерінің өмірде прототипі бар нақты дәйектиілігі. Бұл жөнінде аталмыш романдар кей ретте «Тар жол, тайғақ кешудің», кей ретте «Тынық Дон» мен «Көтерілген тыңның» дәстүрлерін еске салады. Бұған қарағанда, Сәкеннің Хамзаға әдеби ұстаз болғандығы Хамзаның «Тынық Дон» романын аударғандығы іссіз – ұшарсыз кетпей, творчествосына игі әсер еткені аңғарылады. Өзіне деген реализмнің дарқан туындыларынан үлгі алу, жақсы дәстүрлерін қабылдау Хамзаның жаңалықты қадамына жол ашқандай. Осындан келіп оның романдарының дүние танымдық, реалистік және тәрбиелік қуаты мен мәні көп ұтқан. Бұл романдар қазақ прозасының әлеуметтік эпопея жанрын бір салада өрбіте дамыта түскен келелі туынды. Хамза талантты кешуілдеп қанат қаққанмен, қазақ әдебиеті көгінде өзінің межелі биігіне тез шырқаған тегеурінді талант еді. Оны кең тынысты үлкен реалист суреткер дәрежесіне көтерген талантымен бірге, көп қасиеттерінің бірі шыншылдығы, турашылдығы еді. Осындай адамгершілік қасиеттерімен қоса, жазушылық ерекшеліктері де айқын көрініп тұратын. Оның болмыс шындығын тұтас қабылдаумен қатар, зерттеушілігі басыи болатын. Өмір құбылысын қашанда кең айдында, мол ауқымда алып зерттейтін. Жеке адамның психологиялық мінез-құлқынан бастап қоғамдық,тарихи-әлеуметтік ауқымға дейін жүйелі, тұтастықты зерттеу Хамза көз қарасының көк жиегін кеңейте түсетін. Сондықтан ол өзінің суреткерлік жанрына көп дүние сыйғызатын қарымды қаламгер еді. Ендеше оның творчествосы эпикалық алқаптылығымен, терең ойлылығымен кең өріске қанат жайып, ұзақ сақталары хақ. Қазақ совет әдебиетінің дамуына сіңірген үлкен еңбегі биік бағаланып, Х.Есенжанов «Еңбек Қызыл Ту» , «Құрмет Белгісі» ордендерімен наградталды.
Өкінішке орай, Х.Есенжанов арамыздан ерте кетті. Ол тағдырдың талай сынақтарында құрыштай шыныққан төзімді ер, қайыспас қайсар қаламгер еді.
Қазақ әдебиеті тарихындағы Хамза Есенжанов қазақ халқының ой санасында, эстетикалық танымында алар орнын, көркем туындылар бүгінде оқырмандардың сүйікті шығармасына айналып келе жатқаны бұған дәлел бола алады. Осы себептенде Хамза ағамыздың шығармашылығы туралы сөз қозғау, пікір көтеру барлық қазақ әдебиеті жайлы ой толғаныстарына ұштаспай тұра алмайтын рухани байланыстылықты танытса керек. Мұндай мұраны әр қырынан танып білу ұрпақтар буыны алмасқан сайын жаңғырып, сонылық танытатын жасампаз құбылысқа айналмай тұра алмайды. Мұндай шығармалар туралы уақыт, заман талабына орай дүркін – дүркін библиографиялық құралдар жасап отыру талабы, насихаттау жұмыстары алға қойылу керек. Сонда ғана Хамза Есенжановтың шығармалары жыл өткен сайын танылып, толысып, жетіле түсері сөзсіз.
Ия, артына өлмей тұғын сөз қалдырғандықтан Хамза ағаның мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін жас буын – жас өркен барда Қазақстанның болашағы нұрлы болмақ.