Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақ поэзиясының Құлагері!

ХХ-ғасырда поэзия өнеріне үлкен серпіліс берген тұлғалардың бірі, ақиық ақын - Мұқағали Мақатаев. Қазақ поэзиясының Хантәңірі өзінің барлық ғұмырын поэзия дейтін құдіретті жолға арнады. Оның поэзиясы өзіндік ерекшеліктермен ерекшеленетіні бәріне мәлім. Мұқағали поэзияның жаңаша дамуына жол ашып, жаңаша серпін берді. Шынайы талантымен, сырға толы мөлдір өлең жолдарымен жұртшылықтың жүрегіне жол тапты. Адамның ішкі жан-дүниесіне үңіле отырып, ондағы барлық сезімдерді өз поэзиясына арқау етті. Ақын 1931 жылы ақпанның 9-жұлдызында Алматы облысы, Нарынқол ауданында дүние есігін ашқан. Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келгендіктен, отбасын соғыс тауқыметі айналып өтпеген. Әкесі соғысқа аттанғандықтан, бала-ақын әке махаббатын сезіне алмай өседі. Анасы мен әжесінің берген тәрбиесі мен тәлімі оның жеке тұлға болып қалыптасуына үлкен көмегін көрсетті. Жастайынан ақындық қабілетке ие, дарынды Мұқағали өз өмірін өлеңмен байланыстырды. Жасөспірім кезінен түрлі шумақтарды ұйқастыра отырып поэзиялық өміріндегі алғашқы қадамдарды аттаған. Оның түрлі тақырыптағы алғашқы өлеңдері аудандық газет беттерінен орын табады. Кітапқа деген шексіз құмарлығы ақынды шыңдай отырып, ақындық өнерін одан әрі жетілдіруге күш берді. Соның арқасында ол дүйім жұртты аузына қаратқан, күллі қазаққа аты мәшһүр алып поэзия өкіліне айналды.

Ақын үлкен өмірге жас шағынан бастап араласа бастаған. Орта мектепті тәмәмдай салысымен, жан қалауы арқылы мәдени-ағарту саласында қызмет атқарып, көп еңбек сіңірген. Тіпті, ұстаз болып қызмет етіп, шәкірттерін білім нәрімен сусындатады. Асқақ армандары Мұқағалиды талай биіктерге жетеледі. Үлкен білім ордаларында білім алып, өзінің рухани дамуына бар күшін салған. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі факультетінде, ҚазМҰУ-дың филология факультетінде, Мәскеуде Максим Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында білімін жетілдірген. Сонымен қатар ақын баспасөз арқылы халықтың санасын оятып, ұлтты ілім мен білімге шақырған. Осы мақсатта ақын қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті, «Парасат», «Жұлдыз» журналдарында қызмет еткен. Бұл кезеңдер Мұқағалидың ақындық өнер жолындағы дамуымен тұспа-тұс келеді.

Ақын түрлі қызметтерде қызмет істеп жүрсе де,ешқашан поэзиядан қол үзбеген. Дәл осы уақыттарда өзін ақындық кейіпте күллі жұртқа танытқан кең көлемді шығармалары дүниеге келген. Оның поэзиясының негізгі тақырыптары - отан, туған жер, тарих, махаббатқа арналды. Сондай бір көлемді туындыларының бірі - «Райымбек, Райымбек» атты поэмасы. Поэма қазақ халқы тарихынан сыр шертеді. Қазақ ұлтына қатер төнген қасіретті, ауыр күндері қолына ту көтеріп, жоңғарларға қарсы аттанған Райымбек Хангелдіұлының ерлігін құдіретті өлең жолдарымен суреттейді. Ақынның «Аққулар ұйықтағанда» деп аталатын тағы бір көлемді шығармасы бар. Оқыған адамның жанын тебірентер бұл шығарма, ел наным-сенімдерінің құдіреттілігін, қасиеттілігін суреттейді. Және де қазақ поэзия өнерінің әнұранына айналған «Қара өлең» атты туындысында қазақтың өлең өнерінің мәртебесін асқақтата тербейді. Мұнан өзге ақынның соңында баллада, новелла, ішінара прозалық шығармалары қалды. Күнделіктері мен жазылған хаттары да соңында қалған жас ұрпақ үшін үлкен жәдігер, мол мұра. Ақиық ақынның көзі тірісінде сегіз жыр кітабы оқырман назарына ұсынылған: «Аппасионата», «Армысыңдар достар», «Шуағым менің», «Аққулар ұйықтағанда», «Мавр», «Ильич», «Қарлығашым келдің бе?» және т.б. Сонымен қатар ақын шығармашылығынан аудармалар да орын тепкен. Данте «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімі, Шекспирдің «Сонеттері», Уолт Уитменнің шығармалары ақынның қызығушылығын оятып, қазақ тілінде жарық көрген.

Бүгінде ақиық ақынның шығармашылығы кітап болып басылып, жер-жерде оқырман назарына ұсынылып жүр. Қазіргі уақытта күн сайын оқырмандардың ақын шығармашылығына қызуғышылықтары артпаса, кеміген емес. Поэзия шеберінің шығармаларын құлшына оқи отырып, одан ләззат табатын оқырмандардың барлығы бірдей Мұқағали Мақатаевты «ғасырда бір туатын тұлға» деп біледі. Сонымен қатар ақыннан үлгі алып, ер жетіп келе жатқан жас ұрпақтың әрбірі ақындықтың шыңына шыққысы келетіні мәлім. Бұл жолда жас ұрпаққа тек қана қолдау көрсетіп, талантын әрі жетілдіріп, бағыт беру арқылы Мұқағалидың ізін жалғар жас өрендердің жұлдызын жаға аламыз. Ақынның өзі өлгенімен, оның рухани мұрасы-өлеңдері ешқашан өлмек емес. Оған дәлел поэзия шеберінің мына өлең жолдары:

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім- ақиық ақын бұл тіркесте өлеңнің ешқашан өлмейтіндігін, мәңгі жасайтынын айтқан. Әрине ол үшін келер ұрпақ тер төгуі тиіс. Ақын өнерін ұлықтап, насихаттауы қажет.

Ақын туралы өз қорытынды ойымды кішігірім шығармашылық шумақпен жеткізуді жөн көрдім:

Шебер ақын,дара тұлға,өнегелі,

Жас ұрпаққа берері мол, өнегесі,

Қаламымен тербеткен бар дүниені

Ақындыққа жаралғандай жеребесі!

Өнегелі тұлғалардың өнегелі өмірін ұмытпайтын, ұлықтайтын жас ұрпақтарымыз көбейе берсін! Ұлы тұлғаларды ұлықтау кез-келгеніміздің міндетіміз, ата-баба алдындағы парызымыз!

Мұрат Наржан Дәулетұлы
Қостанай облысы, Аманкелді ауданы
Амантоғай жалпы білім беретін орта мектебі 11-сынып оқушысы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама