Қазақ-қырғыз шабысы
...Қалмақтар сүріліп кеткеннен кейін көп жер босайды. Оны бұрынғы меже бойынша жайма-жай бөлістіре алмай, қазақ пен қырғыздың ортасында шатақ шығады. Қырғыздар қалмақтар сүргініне дейінгі заманда жайлап жүрген Іленің басын, Үшаралды бер десе, қазақтар көнбейді. Таластан Шымкентке дейін бұрын қырғыз жайлап жүрген жер десе де, қазақтар болмайды. Бұл уакытта Жетісудағы қырғыздарды Сарыбағыш руындағы Маматқұлдың ұлы Болаттан туған Есенқұл билеп тұрған. Оны «Шоң батыр» деп қойысқан. Солтыны Бөлекбай аталып кеткен Қарақшының ұлы Бәйсейіттен туған Кебекбай билеп тұрған. Ол Қошайдың Момақан деген ұлына ақыл салып тұрған. Момақанның Жамансарт деген бір туғанының Төлепберді деген ұлы пысық шығып, сөзге араласа бастаған. Ол кезде Сарыбағыш, Солтылар Кетментөбе, Таластың басында Шудың аяғында тұрысқан екен. Қазақтармен соғысу үшін Таластың аяғындағы Қапқа деген жерде жинала бастайды. Саяқтың Қаба ұрығынан шыққан Садыр батыр, Түнқатар ұрығынан Арзымат, Шағыр ұрығынан Қашыке келеді. Есенқұл Садырға: «Кетментөбеден Қатпаға көшіп келіп орнық, қазаққа Таласты бермейміз», — дейді. Садыр қол құрып, Таластың аяғындағы қазақтарды шауып, Шымкентке ысырады. Қапқаға қорған салдырып, «Хан Садырдың ордасы» дейді, Іленің басындағы қазақтарды да қырғыздар сүре бастайды. Олар арызданып Абылай ханға барысады. Абылай: «Қырғыздарға тиіспеңдер, қойыңдар», — дейді. Оған болмай, үйсін қазақтарынан шыққан Бердіқожа қырғыздарға шабуыл жасап, жылқыға тие береді. Жыны келген Садыр менен Момақан оны Шымкентке дейін сүріп шабады. Осы шабыста үйсін қазағы Жәпектің Қаумен деген ұлы өледі. Бердіқожа осыдан жиырма-жиырма бес жыл ілгеріде Ташкен шаһарындағы Таласта өлтірілген Шүңгінің Қарабәйтігінің құнын даулап жүрген болса, енді оған жаңа құн қуған Жәпек қосылады. Екінші жолғы шабыстан кейін Бердіқожа Абылайға қадірі бар деп Төле биді салады. Сондада Абылай: «Кінә өздерінде, Бердіқожа, қой десе болмадың, пәлеге ұшырайсың ғой», — дейді. Абылайдан сусыған Бердіқожа ұлы жүздің басшысы, Арғындардың төресі Көкжарлы Барақ ханға барады. Ол Бердіқожаға төрт мың қол береді.
Бұл хабарды шолғыншы арқылы біліп тұрған Есенқұл, Қашыке, Бөлекбай, Кебек биді шақырып, қазақтардың қол кұрап жатканын айтып, даяр тұралық дейді. Олар елді Боралдайдан ылди, ысық-атадан жоғары шоғырлап, жеңіле қалса, Бауамды өрлеп қашпақ болады. Бұл уақытта Көкжарлы Барақ бас болған үйсін-арғындар Қастектен асып, Боралдайдағы Қашыке батырдың ауылына қол түсіреді. Даяр тұрған Солты, Сарыбағыш атқа мініп, қатты соғыс басталады. Қырғыздар жеңіп, қазақтар қашады. Қазақтардың Барағы өледі, Жәпек ауыр жарадар болады. Осыдан кейін Жәпектің руы Іледен кетеді. Сол жортуылда қазақтарды қуалап баратып қырғыздан Теміржан деген манап Іледен өтіп кеткен қазақтардың артынан түседі. Қашып бара жатқан қазақтар қырғыздардың аз екенін біліп, қайырылып, ит соғысын салады. Теміржан Сіргелі Жұрынбай батырды шанышпақ болғанда, Қанжығалы Нәйет батыр Теміржанды шанышып жығады. Қазақтың Томаш батыры баса қалып, ішін жара тартады. Сол уақытта арттағы қырғыздар келіп қалып, Жұлынбай, Үсет, Алтай, Байғозы батырларды қолға түсіреді. Теміржан үшін төртеуінің бірін өлтірмек болғанда, Байғозы көзге түсіп қалады. Оны атамыз деп шөкелетіп отырғызып қояды. Байғозыны шығысқа қаратып, артынан қырық қадам өлшеп ататын болады. Сол уақытта Теміржанның бір туғаны келіп: «Менің бауырым шәйіт болды, ешкімнің қанын көтергім келмейді, кете бер, қазағым», — дейді. Байғозы тұрам деп тұра алмай, өне бойынан тер саулап, отырып қалады. Бұл соғыста қырғыздан Есенқұл, Жайылдың ұлдары Үсет, Теке, Қосайдың Жамансартының ұлы Төлеберді Бөрібай көзге көрінеді. Осыдан соң Үсет, Теке, Төлеберді, Бөрібай — Солтының төрт батыры аталады.
Осыдан кейін қазақтың Бердіқожасы Таластың аяғынан шабуыл бастайды. Оған қарсы Садыр, Момақан аттанады. Олар қазақтарды Шымкентке дейін шауып, көп олжаменен қайтады. Бұл шабуылды Есенқұл мен Кебек би қолдаған емес. Осы уақытта қазақтың Төлебай (Төле би болар) деген биі қазақтың үш жүзінің билерін шақырып, Бұқар жырау деген Абылайдың уәзіріне Абылайды сөзге көндір дейді. Бұқар жырау жырменен:
Е-ей, Абылай ханым!
Қырғыз Көкжарлы Барақты алды,
Сарт бек қазақты алды,
Шолаққорған, Созақты алды.
Абылай хан, Садырдың енді
Сені алмағына аз-ақ қалды! —
деген екен. Абылай бір жеңін кимей есіктен атқып шыққан. Сыртта топтанып үш жүздің билермендері тұрған. Сонда ашуына булыққан Абылай мынадай дейді:
— Бір жағымда қоқандық сарт, бір жағымда қытай, бір жағымда орыс тұрғанда, азғантай қырғызға қызықпай жөн тұрсақ деп едім, болмадындар. Шүңгінің Бәйтігі қастық қылып қырғыздың Көкіміне у берді. Содан ортамыз бұзылды. Ташкенді бүтін иеленгенде Бәйтік кім болмақ еді?!» Қырғыз-қазақтың бұзылғанын пайдаланып қалмақ болып қайта келген. Қазақ Бұқар кіріп, қырғыз ысар кіріп, ел тентіреген. Сол естеріңнен шықты ма? Тентіреп жүріп табандарың тесіліп, «Ақтабан шұбырынды...» атандыңдар. Соны ұмыттындар ма? Қалмақтан жаңа құтылып отырсақ, қырғыздың жеріне қызығып мынаны бастадындар. Қоқан, қытай, орыс үшеуінің біреуі қол салса, ежелден бір тұқым, бір боз үйлі, кейде қағысып, кейде табысып жүрген қырғыздардың пайдасы тиеді ғой деп едім, болмадыңдар. Рас, сендер айтқан Садырдың қылығы айып, тыныш жатқан елге бүлік салған... Біздің Барақтікі айып, жортуыл жасап өзі барған... Мен қырғыз деп аттанбаймын, Садыр деп аттанам! Аттанғанда үш үйден бір адам, екі адамға үш ат алыңдар. Екі адамың бір бие сүтін ішесің. Ат басына бір шідер, бір арқан алыңдар.
Өстіп үш жүздің қазағы қозғалады. Абылай жолда келе жатып Ташкенді алады. Қырғыздарға елші жіберіп, ортадағы шатақты тыныштық жолымен шешпек болады. Есенқұл Көбек бименен кеңесіп отырып, Жамансарттың Төлебердісін бас қылып, сөз білген, іс білген төрт ақсақалды жібереді. Қырғыздардың басқа руларынан да елшілер қосылып отырып, Ташкенге қырық елші барады. Ол заманда әрбір рудың өз басшылары болған. Есенқұл Сарбағыштан шыққаныменен, жалпы түндік қырғыздарды билеген. Сарыбағыштың биі Әтеке жырық болған. Саяқты жалпы Садыр билегенімен, биі Ғадай болған. Көкшүнді ибалы би, бостұмақты Тәшібек би, моңғолдарды Бірназар би, желдеңді Шапақ би, бұғыны Бірназар би, қытайды Мұса би, сарыны Садық батыр билеп тұрған.
Сөйтіп, қырғыздан барған қырық елші Абылай ханға кіріп, өздерін таныстырған. Шежірелерде Абылай хан елшілерді дереу қабыл алмай күттіріп, сыртынан сынатқаны, сыр тартқаны айтылады. Қырғыз-қазақтың байырғы дипломатиясындағы: тамақ беріп сынау, жеген-ішкенін байқауменен үш күн өтеді. Абылайдың тыңшылары қырғыздардың негізгі елшілерін Төлеберді деген жиырма бір жастағы жігіт бастап келгенін және төрт ақсақал барын айтады. Содан кейін қырғыздың елшілерінен Садырдың елшісін қабыл алады. Елші:
— Садыр хан мені хан деп танысын деп айтты, — дейді. Абылай үндемей қояды. Садырдың елшісіне жауап бермей жөнелтеді де, Төлеберділерді ордада қабыл алды. Елшілер қол қусырып, сәлем айтып кіріседі. Абылайдан басқа қазақтар қозғалып, ақсақалдарды даярлаған орындарына отырғызады. Абылай оларды көрмеген болып, төмен қарап отырады. Бір ауқымда басын көтеріп қараса, босағада қол қусырып Төлеберді тұрған екен. Абылай:
— Жігіт неге отырмайсың? — дейді. Сонда Төлеберді:
— Мен хан отыр деген жерге отырам, — дейді. Абылай жүзі жылып:
— Кел, қарағым, — деп оң жағындағы орынды көрсетеді. Төлеберді отырғаннан кейін қазақ-қырғыздың шатағы жөніндегі сөз қозғалып, қырғыз-қазақтың үлкендері шатақтың басы сендерден басталды деп, бір-бірінің айыбын тізбелеп, ұзақ сөзге кіріседі. Таласты тыңдап отырған Абылай үндемейді. Ақсақалдар айыпты бір-біріне мойындата алмай кеш батады. Қырғыздан барған төрт шешен сөйлейді. Қазақтан шыққан сөзге жүйріктер сөйлейді. Естіген адамға әрбірінікі тура. Сен айыпты деп ешкім айтатындай емес. Бір ауқымда Абылай Төлебердіге қарап:
— Сен неге үндемейсің? — дейді. Төлеберді:
— Мен хан сөйле дегенде сөйлеймін, — дейді. Абылай жымиып:
— Сөйле, қарағым, — дейді. Төлеберді шатақтың басын Шүңгілдің Қара Бәйтігі Көкімге у беріп өлтіргеннен бастап, аяғын Бердіқожа мен Садырға алып келіп тірейді. Оған шейін қырғыз бенен қазақтың қойы қоралас, бауырлас ел екенін айтып, қалмақты шапса, бір шауып, қашса, бір қашқанын айтады. Қыз беріп, ұл үйлендіріп, боз үймен жайлауда бірге көшіп жүргенін айтады. Тілі мен ділі жақындығын айтады.
— Құдайдың жеріне таласып елімізді қырамыз ба? Басқа елге жем боламыз ба? — дейді. Төлебердінің сөзіне Абылай разы болады. Екеуінің ойы бір жерден шыққанына бір жағы таң қалады. Абылай бір тынымнан кейін:
— Есенқұлға айта бар, Садырын қойдырсын, біз Бердіқожаны қойдыралық, — дейді.
Он күн мұрсат беріп, елшілерді жөнелтеді. Ол уақта Солтының талқа елі қазіргі луговой тұрған жерде екен. Бөлекбай елі Қарабалта, Ақсуда екен. Сарыбағыш Есенқұлға хабар беріп, болған істерді, айтылған кептерді баяндайды. Есенқұл Төлебердінің сөзін еп көріп, Кебек биді Садырға жібереді. Садыр өзін ханмын деп қоқырайып тұрған екен:
— Мені хан деп танымаған сарт құлға көрсетем! — дейді. Ол сарт деп Абылайды айтқан. Абылайдың түпкі тегі өзбек деген кеп бар екен. Сонда Кебек би:
— Іші аланы сырты бүтін алады, жоны бұзылған елді жоны бүтін ел алады, күшті хан күшсіз ханға қашан көніп еді? Айтқан тілді алмай, елдің қанына қанбақ болып тұрсың, басың бас, бақайшағың қара тас! — деп жөнеп кетеді. Кебек би талқан еліне келіп, Жайыл менен Момақанға сөйлесіп:
— Садыр болмады, сендер жоғарыға, біз жаққа көшіңдер, өлсек, бір шұңқырда, тірі болсақ, бір төбеде болалық, — дейді. Жайыл:
— Момақан білсін, — дейді. Момақан сонда:
— Біз Таласты жайламай Сусамырды жайлайық, казір орнығып қалдық, кейін хабар қылып көшеміз, — дейді.
— Көлденең жайт болып қалса, Төлебердіні жібер, — деп Кебек би жөнеп кетеді. ол кеткеннен кейін Садыр Момақанға келеді. Ол екеуі дос екен. Садыр:
— Моңғолдар, Саяқ, біз жаққа сен қосылсаң, Солты қосылады. Екеуміз Абылайдың шет қарауылын шапсақ, елі қашады, — деп Момақанды көндіреді. Екеуі қол құрап барып, қазақтың Көсегенің Көкжотасы деген жерінен Ботпай, Шымыр руларын шауып, Құдайқұл тұқымын талқандайды. Абылай мұны естіп, ашуы келіп, әскеріне аттануға бұйырады. Абылайдың қолбасыларының бірі Жауғаш Момақанмен дос екен. Ол сасқалақтап Момақанға келіп:
— Сен Садырға қосылма, Абылайдың қаһарына қаласың, — дейді. Момақан:
— Сенің сарт құлыңды сойып алам, сауытын қан қылмай шешіп қойсын, бәрібір сауыт менікі, — дейді. Жауғаш:
— Достықтың міндетінен құтылдым, — деп кете береді. Момақан Садырға хабар беріп, Төлебердіні Есенқұлға жібереді. Есенқұл еліменен үш Алматыда екен. Жайлауы Ақбешімде болған. олар жайлауға келіп қалған екен. Есенқұл қолын алып жөнейді.
Абылай әскерін үшке бөледі. Бірінші қолды Садырға қарсы Таласқа жібереді. Екінші қолды Қорғантының басындағы Солтыларға жөнелтеді. Үшінші қолменен Әулиеатаға өзі келеді. Бірінші қол Садырды тыпыр еткізбей басып қалады. Садыр балаларымен қолға түседі. Абылай Әулиеатаны алып, екінші қол кеткен Солтыға қарай аттанады. Солтылар Қорғантының беліне бекініп, Момақан, Жайыл, Кебек би бас болып, Үсен, Теке, Итеке қорғап жатқан екен. Олар қатты қарсылық көрсетіп, Абылайдың екінші қолын қашырады. Бірақ Абылай көп қолменен келіп қалып, солтыларды талқандайды. Жайылды балаларымен қолға түсіреді. Момақан елімен қолға түседі. Осы кезде Шоңұрдан асып, сарыдан Қубілек, Қолпаштар келеді. Олар Солтылардың қолы екен деп Абылайдың әскеріне ұшырасып талқандалады. Аспараны асып, Садыр ханның Арзымат деген інісінін ұлы Тумаби Сейітке келеді. Сейіт:
— Немене боллың? — дейді. Тума би:
— Немене болсын, ерлігінен Солты өлді, есі жоқтығынан Қубілек пенен Қолпаш өлді, — дейді. Абылай Садырды Жорғаның белінде басып қалған екен. Бұл соғыста Құсшы, Сары, Саяқ, Солтыдан көп кісі өлген, көп кісі қолға түскен. Абылайдың қолы Соқулық суынан қайыра тартып кеткен. Есенкұл әскерімен Соқулыққа келгенде, Абылайдың қолы кетіп қалған болады. Есенқұлға Кебек би жолығып, қазақтардың кетіп қалғанын айтады. Есенқұл Аспарадағы Тұма биге кісі жібереді. Тұма би келеді. Ол Төлебердінің қайын атасы болатын. Есенқұл, Кебек би, Тұма би сөйлесіп, Төлебердіні Абылайға екінші қайыра елшілікке жібермек болады. Абылай қырғыздарды шапқаннан кейін үшқайыңдыға тоқтап, дар құрып, Садырды балаларымен өлтіреді. Солты елінен Қоңырбайдың ұлы Жайыл, Үсен, Теке, Итеке ұлдары, Қосай ұлы Момақан қолға түскен. Оларды да Абылай дарға тартпақ болады. Сонда Момақанның досы Жауғаш Абылайдан:
— Бір досымның қанын бер, — деп сұраған екен. Абылай:
— Бердім, — деп қалады да, досың кім еді? — деп қайыра сұрайды.
— Момақан, — дейді Жауғаш.
— Әттең, болмас-дүр, сөзім аузымнан шығып кетті, — деген екен Абылай. Жауғаш қуанып Момақанға келеді:
— Сені Абылай босатты, досым, кетсең болады, — дейді. Сонда Момақан:
— Сарт құл өлтіре берсін, жеті әйелдің балалары орнымды жоқтатпайды, өлімнен қорықпаймын. Одан да менің орныма ағам Жайылды алып қал, елге бас-көз болсын, — дейді. Жауғаш Жайылға барып айтады. Жайыл:
— Мен жасарымды жасадым, менің орныма үлкен балам Үсен қалсын, — дейді. Үсен:
— Інім Теке аман қалсын, — дейді. Теке:
— Менің балаларым бар, үйленіп үлгермеген итеке қалсын, — дейді. Сөйтіп итеке аман қалады.
Есенқұл, Қашыке, Тұма би, Кебек би, Солты Жамансартқа келіп:
— Ұлың Төлебердіні бер, Абылайға елшілікке жібереміз, — дейді. Төлебердінің анасы Жақсылық шырылдап жылап:
— Жібермеймін! — дейді. Есенқұл:
— Төлеберді сенің ғана балаң емес, ел баласы, елдің баласын өзіне бер! — дейді. Төлеберді Абылайға бармақ болады, енді бұлар барғаннан кейін айтылмақ кепті ақылдасады. Есенқұл:
— Қазақтарға немене керек? — деп Төлебердіден сұрайды. Ол:
— Белгілі емес пе, қазақтың іздегені — жер, қоныс. Бердіқожаның қалағаны — құн, мал. Төлебердіден қырғыздарға қараған жерді сұрағанда:
— Басы үш Алматы, Сарытауқым, Қызылқия, Санташ, аяғы Бетегелі Қойтас, арғы жағы Қашқар, үрімші деп қырғыз жерінің шегін нақты айтып береді. Бұған разы болған қариялар Төлебердіні Абылайға жөнелтеді. Абылай Төлебердіні қабыл алып:
— Жарастықтың шарты мынау: Таластың суы — су шек болсын, ырғайтыға дейін бересің, — дейді. Сонда Төлеберді:
— Сіз Таластың суы шек болса дейсіз, Күйіктің белі шек болсын. Кішібурыл, Шоңбурыл, Тұсы тауы шек болып, аяғы тұп-тура Түймекенттен Таластың суын кесіп өтіп, Әбілқайырды басып, Қорғантыны жиектеп, Түліскенге келіп, ұланның ұршығын басып, Тескейге түсіп, ырғайтыға шейін жетсін дейсіз. Менің қосарым: бұл жерге қырғыздың қаны көп төгілгенін білесіз. Сондықтан Шоқпардан тартып, Ілеге барып, Сартауқұмнан тоқталсын, — дейді. Қазақтар жапырлап:
— Ойбай-ау, бұл недеп тұр?! — дейді. Абылай Төлебердіге қарап:
— Қазақтар бізге немене қылады деп тұр ғой, — дейді.
Төлеберді Абылайға тіке қарап айтады:
— Тақсыр, қырғыздың азайып қалғаны — тау арасына кіріп кеткені ғой және жарымы Ферғана жаққа ауып кеткен. Күйіктің белі менен Бурылдан Бетегелі Қойтасқа дейін қанша жер? Одан тартып Бурыл, Түймекенттен төмен Таластың аяғы қанша жер? Таластан Әбілқайырды басып, Қорғантыға келіп жиектеп, Түймекентке келіп... осыдан ары қанша жер? Ұланның ұршығыменен Шоқпардан бергі ылди қанша жер? Қантауы, Байғара, Әулиеатаға дейін қанша жер? Іленің бас жағы қанша жер?..Сонда Төле би менен Бұқар төре:
— Апырмай, жас бала болып тұрып мұнын бәрін қайдан білесің? — дейді. Төлеберді:
— Әрбір адам баласы туған жерін, кіндік қаны тамған жерін білуі міндет, — деп жауап береді. Төлебердінің сөзіне Абылай жығылып, Таласқа дейінгі жерді алып тоқтайды. Бірақ қазақ-қырғыз іші мұныменен тынып қалмасын білген Абылай Төлебердіні «Ақ үйлі елші» деп атап, өзіменен қоса қазаққа алып кетеді.
«Абылай хан заманында Шанышқылы Бердіқожа батырды жерге таласып, кектесіп жүріп, руы аздығынан өштескен дұшпан, өсіп-өнген ру туғаны көптігінен ұстап алып өлтірейін деп жатқан екен:
Туысқаны аз ердін ерлігі зая,
Тілеуқоры жоқ ердің еңбегі зая.
Екіден кіші балам
Ержеткен соң, бәлем,
Қаратал-Қояндыға қосыңды тая! —
деген екен. Сол айтқаны айтқандай болып, екіден кіші, үшінші баласы ержетіп, ат арқасына мінген соң, әкесін өлтірген екі ағайынды неме екен, сол екеуінің бірін Қаратал-Қояндыда өлтіріп, бірі қашып: «Бұл Арқада болсам, мені тірі қоймас», — деп Бұхара жаққа кеткен екен. Соны қоймай қуып барып, сол Бұхарада жүрген жерінде өлтіріпті. Бердіқожаны жоқтаған жоқтауында айтылған екен:
— Мінгені Бердекемнің қара ала аяқ, Жау, шіркін, кескілепті-ау аямай-ақ.
Бердіқожа батыр балаларын сынағанда, былайша сынайды екен. Үйелмелі-сүйелмелі үш баласы болыпты, бір-бірімен тетелес туған.
Бір пышақтың сабын жерге тіреп, ұшын жоғары қаратып, балаларына:
— Ана жақтан домалап келіп, мына пышақтың үстінен өтіңдерші, — дейді екен.
Үлкен екі баласы домалап келуін келіп, дәл пышаққа жақын келгенде, тайқып, жалтарып аунайды екен. Екіден соңғысы пышақпен жұмысы жоқ, жалтармай-бұлтармай аунайды екен. Пышақты өзі жалтартады екен.
...Өзін жау өлтірерін білген соң жолдасына айтқан екен:
— Жау жерінде қалдым ғой, менің сүйегімді алып кете алмассыңдар, бір бармағымды кесіп алып, маңайлас жерлеріңе көм де, соған там салып, «Бердіқожа тамы» атандырыңдар. Мені есіне алғандар дұға қылып өтер, — деп.
Дағанделі өзенінің жағасына там салыпты, шошақ мола күні бұл күнгіше кұламай тұр деседі. Дағанделі өзені Қарқаралыға қараған елдің шетінде, Көкшетау, Дуана тауларынан көрініп тұрады. Жүргіншінің қара жолының үстінде, Жетісу барғандар: «Қозы Көрпеш — Баян тамын көрдік, Шанышқылы Бердіқожа тамын көрдік, — деседі.
— Тауыңның Арқар деген аты — Кұлжа,
Жігіттер, атқа түйе тегін олжа.
Хан Абылай аттанады дегенді естіп,
Келіпті Шанышқылыдан Бердіқожа! — деген батыр осы!..
Оқуға кеңес береміз: