Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақ хандығының ішкі – сыртқы жағдайы
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы, Жымпиты селосы
Тарих пәні мұғалімі Ғани Ербол

Сабақтың тақырыбы: § 37 Қазақ хандығының ішкі – сыртқы жағдайы.
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Тарих сахнасына тұңғыш көтерілген Қазақ хандығының іргелі ел болу жолындағы саясаты ел болу жолындағы саясаты, басқа хандықтармен дипломатиялық – саяси байланыстары, елдің ішкі жағдайын тұрақтандырудағы жетістіктері туралы түсінік қалыптастыру.
Тәрбиелік: Тұңғыш қазақ мемлекетінің шаңырағын көтеріп, оны нығайту жолында орасан зор еңбек сіңірген қазақ хандарының өнегелі тарихи қызметіне баға бере отырып, оқушыларды ұлттық тарихымызға құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Дамытушылық: Сабақ кезеңдерінің өзара байланыстылығын қамтамасыз ету. Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюын қазіргі таңдағы тәуелсіздік идеяларымен ұштастыру.
Сабақтың түрі: Аралас сабақ
Сабақтың әдістері: Оқулықпен жұмыс, портрет, дәптермен жұмыс, кестемен жұмыс.
Пәнаралық байланыс: Әдебиет, география.
Сабақтың көрнекілігі: Қазақстан Республикасының, Қазақ хандықтарының карталары. Керей мен Жәнібек сұлтандардың портреттері, түрлі кестелер.

Сабақтың барысы:
I. Ұйымдастыру кезеңі: Оқушылармен амандасу.
Оқушыларды түгелдеу.
Оқушылардың құрал – жабдықтарын тексеру.
Оқушыларды сабаққа дайындау.
Үй тапсырмасын сұрау.

ІІ. Үй тапсырмасын қорыту:
1) Алғашқы Қазақ хандығының алып жатқан аумағын картадан көрсет?
Батыс Жетісу. Қозыбасы мен Шу алғаш қоныстанған жері.
2) Хандық халқының этникалық құрамы қандай ру – тайпалардан тұрды?
Қазақ даласының негізгі тұрғындары үйсін, қаңлы, қоңырат, қыпшақ, найман, керей, маңғыт, тағы басқа көптеген тайпалар болды.
3) Алғашқы Қазақ хандығының көрші жатқан елдермен қарым – қатынасы туралы не білесіңдер?
Қазақ хандығының алғашқы қарым - қатынас жасаған елі Моғол хандығы болды. Жәнібек пен Керей хандар қырғыз халқымен де өзара тату қарым – қатынас орнатты.
4) ХҮ ғасырдың басында Әбілқайыр хан кімдерден жеңіліске ұшырады?
Ойраттардан
5) Қазақ хандығының құрылуы туралы қай тарихшы жазды?
Мұхаммед Хайдар Дулати.
6) Моғолстан ханы кім еді?
Есен - бұға
Жаңа сабақтың жоспары.
• Хандықтың басқару ісі.
• Хандықтың ішкі жағдайы.
• Сыртқы саяси жағдай.
• Қазақ ұлттық мемлекетті құрылуының тарихи маңызы.

Хандықты басқару ісі.
Жаңадан құрылған Қазақ хандығының тағына Шыңғысханның ұрпағы болғандықтан, Керей, Жәнібек сұлтандардың екеуінің де отыруға құқығы болды. Бірақ сол кездегі орныққан тәртіп бойынша, хан тағына отырғызарда мұрагерлікпен қатар, жасының үлкендігі де ескерілген. Сондықтан хан тағына Керей отырып, билік тізгінін қолға алды. Ақылдасар тірегі Жәнібек болды. Жәнібек хан – Барақ ханның бел баласы, Керей хан болса, Барақ ханның ағасы Болат сұлтанның баласы, яғни екеуі немере еді. Керей хан мен Жәнібек ханның Шудағы Қозыбасыға Орда тігуі ең алдымен, көшпелі қазақтардың ел болып, еңсе көтерсек деген ынта – үмітін жүзеге асырды. Керей хан хандықтың басқару ісін Жәнібекпен келісе отырып ойдағыдай жүргізген.

Хандықтың ішкі жағдайы.
ХҮ ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығы қоныс теуіп, орда тіккен Жетісу жеріне екі жүз мың жан саны бар көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс – қонысты керек етті. Көшпелі қазақ тайпалары отырықшы егіншілігі дамыған аудандармен, қолөнері мен саудасы өркендеген орталықтар мен тікелей байланысқа ұмтылды. Әсіресе, Сырдария бойындағы қалалармен сауда – саттық қатынастарына қолайлы жағдай жасау халық тұрмысындағы маңызды мәселеге айналды. Өмір талабына айналып отырған бұл мәселенің дұрыс шешілуіне тек қана көшпелі халықтар ғана емес, отырықшы аймақтағы егіншілік өнімдерін өткізуді аңсаған егіншілер де мүдделі еді. Қолөнер өнімдерін өткізіп, шикізат – жүн, тері т. б. алуды аңсаған қолөнершілер де, тауарларын өткізіп, пайда табуды көздеген саудагерлер де мүдделі болды. Бай аймақтарды және қалаларды өз қол астына қаратуға феодалдар тіпті ынталы еді.

Жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығы өз алдына мынандай тарихи міндеттер қойды: 1) Көшпелі шаруалардың жайылымдарды пайдаланудағы Дешті Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан тәртібін қалпына келтіру; 2) Шығыс пен Батыс арасындағы сауда керуен жолы үстіне орналасқан Сырдария бойындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Йасы ( Түркістан) т. б. қалаларды Қазақ хандығына қарату; 3) Қазақ тайпаларының басын қосып қазақтың этникалық аумағын кеңейту. Хандардың Сырдария бойындағы қалаларды өзінің экономикалық және әскери тірегіне айналдыруы Дешті Қыпшақ даласын билеудің басты шарты болып келген.

Сыртқы саяси жағдайы.
ХҮ ғасырдың аяғында – ХҮІ ғасырдың басында Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі саяси өмірде айтарлықтай тарихи оқиғалар болды. Темір әулеті Мұхаммед Шайбанимен күресте жеңіліс тапты. Моғолстан хандығы іс жүзінде бірнеше иеліктерге ыдырай түсті. Шығыс Дешті Қыпшақта Әбілқайыр билігі жойылды. Қазақстан жеріндегі бір кезде әлемді дүр сілкіндірген Алтын Орда хандығы ыдырап, жаңа мемлекеттер – Сібір хандығы, Қазан хандығы, Астрахан хандықтары тарих сахнасынан орын алды.
ХҮ ғасырдың 70 – жылдарында қазақ хандары Сырдария бойы мен оған жалғас жатқан Қаратау өңірін басып алды. Нәтижесінде Қазақ хандығының жер көлемі әлдеқайда ұлғайды, оған тұс – тұстан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты. Қазақ хандарының Сыр бойындағы қалалар үшін Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен соғысы отыз жылдан астам уақытқа созылды.

Қазақ ұлттық мемлекетті құрылуының тарихи маңызы.
Қазақ мемлекеті құрылуының қандай тарихи маңызы болды?
Біріншіден, әр хандықтың билігінде ел болуды аңсап жүрген, ру – тайпалардың қазақ ұлты болып қалыптасуы аяқталды. Қазақтың этникалық аумағын біріктіруде, қазақтың ерте заманнан басталған өз алдына жеке, тәуелсіз ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші рөл атқарды.
Екіншіден, осы қалыптасқан ұлтты басқару, оны сырт жаудан қорғау үшін Қазақ мемлекетінің біртұтас ұлттық саяси – әкімшілік жүйесі құрылды.
Үшіншіден, бұл құрылған мемлекет өзінің шаңырақ көтерген жерінде отырып қалмай, бүгінгі таңдағы шекарамызға дейін жер аумағын кеңейтті.
Төртіншіден, өзін қоршап жатқан үлкенді – кішілі мемлекеттер мен терезесі тең дәрежеде қарым – қатынас орнатты.
Бесіншіден, әлеумет – экономикалық және мәдени жағынан өзіндік салт – дәстүрі мен әдет – ғұрпы, ділі, діні, бар ел санатында даму жолына азат, еркіне елге айналды.

Жаңа сабақты бекіту:
1. Қазақ мемлекеті құрылуының қандай тарихи маңызы болды?
2. Қазақ хандары Сырдария бойы мен оған жалғас жатқан Қаратау өңірін қашан басып алды?
3.. Қазақстан жеріндегі бір кезде әлемді дүр сілкіндірген Алтын Орда хандығы ыдырап, орнына қандай жаңа мемлекеттер келді?
4. Жаңадан шаңырақ көтерген Қазақ хандығы өз алдына қандай тарихи міндеттер қойды?
5. Жасының үлкендігіне байланысты хан тағына кім бірінші отырды?

Бағалау:
Үйге тапсырма: § 37 Қазақ хандығының ішкі – сыртқы жағдайы туралы оқып келу. Тест құрап келу.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама