Tengrinews.kz / Турар Казангапов
- 20 нау. 2026 02:30
- 23
Қазақстан әлемдік рейтингте бақытты елдер қатарында алға шықты
Қазақстан әлемдегі ең бақытты елдер қатарында 10 сатыға жоғарылап, ТМД елдері арасында алдыңғы орынға шықты. Бұл туралы БҰҰ-ның жаңа «World Happiness Report» баяндамасында айтылған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рейтингтегі орнымыз
Биыл Қазақстан 147 елдің ішінен 33-орынды иеленді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 43-орында болған еді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Одан кейінгі орындарда Өзбекстан (53-орын), Қырғызстан (66-орын), Молдова (77-орын), Ресей (79-орын), Тәжікстан (88-орын), Армения (89-орын) және Әзірбайжан (102-орын) орналасты.
Әлемдегі ең бақытты елдер
Әлемдегі ең бақытты ел ретінде қатарынан тоғызыншы рет Финляндия танылды. Одан кейін Исландия, Дания, Коста-Рика және Швеция елдері тұр. Алғашқы ондыққа Норвегия, Нидерланд, Израиль, Люксембург және Швейцария да кірді. АҚШ болса 23-орынды иеленді.
Ең нашар көрсеткішті, өткен жылғыдай, Ауғанстан көрсетті. Бұл тізімге Сьерра-Леоне, Малави, Зимбабве, Ботсвана, Йемен және Ливан елдері де енді.
Рейтинг қалай жасалады?
«World Happiness Report» жыл сайын 20 наурызда аталып өтетін Халықаралық бақыт күні қарсаңында жарияланады. Баяндаманы Оксфорд университетінің зерттеу орталығы Гэллап институтымен және БҰҰ-мен бірлесіп дайындайды. Ол халықтың өмір сапасына қатысты сауалнамаларға негізделеді.
Зерттеуге 140 елден шамамен 100 мың адамның жауабы алынған. Респонденттерден өмірден алған қанағаттанушылығын «Кантрил баспалдағы» арқылы бағалау сұралған (он сатылы шкала, мұнда 10 – ең жақсы өмір, 0 – ең нашар өмір).
Сонымен қатар, рейтингті жасаушылар жан басына шаққандағы ЖІӨ, еркіндік деңгейі, сыбайлас жемқорлыққа қатысты түсініктер және өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы сияқты факторларды да ескереді.