Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Қазақстан Орталық Азияда инвестиция тартудан көш бастап тұр: 151,3 миллиард доллар ел экономикасына құйылды

Қазақстан Орталық Азияда шетелдік инвестиция тартудан көш бастап келеді. БҰҰ сауда және даму конференциясының (UNCTAD) соңғы баяндамасы бойынша, 2024 жылдың соңына қарай ел экономикасына құйылған тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) көлемі 151,3 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткіш елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 52%-ын құрайды.

Бұл сома Орталық Азиядағы басқа елдер – Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстанға салынған инвестицияның жалпы көлемінен (69,3 миллиард доллар) екі еседен астам. Яғни, аймақтағы барлық шетелдік капиталдың үштен екісінен астамы Қазақстанға тиесілі.

Инвестиция көлемі жағынан Қазақстан Балтық жағалауы елдерінің кейбірін де басып озды. Мысалы, Эстония, Латвия және Литваға салынған инвестицияның жалпы көлемі 97,5 миллиард доллар болса, Қазақстанның инвестициясы 151,3 миллиард долларға жетті. Бұл елдің халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығын, институционалдық ортаның тұрақтылығын және үлкен нарығын көрсетеді.

2000 жылы Қазақстанға салынған ТШИ небәрі 10,1 миллиард доллар болса, 2010 жылға қарай бұл көрсеткіш 6 еседен астам өсті. Ал 2023 жылға қарай Қазақстан ТМД елдері арасындағы маңызды инвестициялық орталықтардың біріне айналды.

Бүгінгі таңда Қазақстан капитал импорттаушы ел болып қала береді. Шетелдік компаниялардың ел экономикасына салған инвестициясы қазақстандық компаниялардың шетелге салған инвестициясынан (шамамен 18 миллиард доллар) 8-9 есе артық. Бұл инвестициялар өндіріс секторын, инфрақұрылымды, қызмет көрсету саласын дамытуға және елдің аймақтық экономикалық көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етуде.

Халықаралық валюта қорының соңғы деректері бойынша, Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі 14,77 мың долларға жетті. Бұл Ресей мен Қытай сияқты ірі экономикалардан жоғары.

Осылайша, Қазақстан тек капитал тартумен шектелмей, Орталық Азияның негізгі инвестициялық тартылыс орталығына айналып, экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығы мен өсуіне жағдай жасап отыр.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жаңалықтар

Жарнама