Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Қазақстан Парламентіне сайлау жарияланды: Президенттің сөзі

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке сайлау болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап, Tengrinews.kz хабарлады.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның жастарға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі заңға еріктілік қызметі, ғылым, инновация және жасанды интеллект сияқты маңызды ұғымдар енгізілген.

«Жастар Парламенті» құрылады

«Ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Алда атқарар шаруамыз көп. Жаз айында Парламент сайлауы өтеді, біз оны бір ел болып, ұйымшылдықпен өткізуіміз керек. Мен бұл Парламенттің жастардікі болуы тиіс деп есептеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға белсенді қатысқан жастармен кездесуде.

Президент сондай-ақ Конституция күнінің жаңа күнін атады. Бұл күн ел тарихында мәңгі қалатынын айтты.

Референдум нәтижелері

Бұған дейін Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдумның экзитпол нәтижелері жарияланған болатын. Еуразиялық интеграция институтының мәліметінше, жаңа Конституцияны қабылдауды 86,7 пайыз қолдаған. «Социс-А» институтының сауалнамасы бойынша бұл көрсеткіш – 87,4 пайыз болса, Қоғамдық саясат институтының экзитполы жаңа Конституцияны респонденттердің 88,6 пайызы қолдағанын көрсетті.

Қазақстандықтар референдумда қалай дауыс берді?

15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау туралы референдум өтті. Еліміз бойынша дауыс беру учаскелері таңғы 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Дауыс беру құқығына 18 жастан асқан, сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтар ие болды. Тізімге 12 461 796 адам енгізілді.

Референдум күні елімізде 10 388 дауыс беру учаскесі жұмыс істеді. Одан бөлек, 54 елдегі дипломатиялық өкілдіктерде 71 учаске ашылды. 92 учаскеде, негізінен әскери бөлімдерде, комиссиялар жұмысын ерте бастады – 06:00-де.

Таңғы 10:00-ге дейін 2 393 844 қазақстандық бюллетень алды. Бұл сайлау құқығы бар азаматтардың 19,21 пайызын құрады. Түскі 12:00-ге дейін бұл көрсеткіш 4 677 595 сайлаушыға немесе 37,54 пайызға жетті.

Түскі 14:00-ге қарай референдум өтті деп жарияланды. Дауыс беруге 6 471 378 адам қатысты. Бұл кездегі сайлаушылар белсенділігі 51,93 пайызды құрады.

Анықтама: Заң бойынша референдум, дауыс беруге құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі қатысса, өткен болып саналады.

Кешкі 16:00-ге дейін учаскелерде 8 029 286 қазақстандық дауыс берсе, кешкі 18:00-ге дейін сайлаушылардың 70 пайыздан астамы, яғни 8 845 280 адам өз дауысын берді. Кешкі 20:00-ге қарай референдумға 9 126 850 адам қатысты. Алдын ала мәлімет бойынша, сайлаушылардың белсенділігі 73,24 пайызды құрады.

Нәтижелер 21 наурызға дейін жарияланады.

Tengrinews.kz 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау бойынша референдумның барысы туралы онлайн-трансляция жүргізді.

Жаңа Конституция

Конституцияға енгізілген түзетулер елдің бас заңы мәтінінің 84 пайызын қамтыды. Негізгі өзгерістер қатарында вице-президент лауазымының енгізілуі, бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу және Қазақстан Халық Кеңесі атты жаңа консультативтік органның құрылуы бар.

Сондай-ақ, президенттікке кандидаттарға қойылатын жаңа талап енгізілді – мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуы керек. Бұдан бөлек, жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындау кезінде Мемлекет басшысының өкілеттіктері кеңейтілді. Президентті бір мерзімге ғана сайлау туралы норма сақталды.

Құжатта сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, тілдердің мәртебесі, дінді реттеу, неке – ер мен әйелдің одағы ретінде, сондай-ақ жеке деректер мен жеке өмірді қорғау туралы жаңа ережелер бекітілген.

Жаңалықтар

Жарнама