- 05 қаз. 2023 00:00
- 251
Қазақстанның қай өңірлерінде мұғалім тапшы
Қазақстанның білім беру саласында – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 500 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Қарағанды, Атырау, Ақмола, Алматы, Ақтөбе облыстарында мұғалімдердің тапшылығы байқалады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, бүгінде Қазақстан мектептерінде 340 958 мұғалім жұмыс істейді. Оның 274 мыңы әйелдер, 66 мыңы – ер адамдар. Еңбек өтілі 10 жылға дейінгі мұғалімдер – 139 мың, 10 жылдан 20 жылға дейін – 98 мың, 20 жылдан 30 жылға дейін – 64 мың, 30 жылдан жоғары – 39 мың мұғалім бар.
Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру нысандарында 36 315 оқытушы қызмет етеді. Оның 24 мыңы әйелдер болса, 11 860-ы ерлер. Еңбек өтілі 10 жылға дейінгі мұғалімдер – 19 мың, 10 жылдан 20 жылға дейін – 8 мың, 20 жылдан 30 жылға дейін – 5 мың, 30 жылдан жоғары – 3521 оқытушы бар.
Мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтер саны – 97 188. Оның арасында 94 648 әйел, 2 540 ер адам бар. Еңбек өтілі 10 жылға дейінгі педагог – 64 мың, 10 жылдан 20 жылға дейін – 20 мың, 8 жылдан 30 жылға дейін – 5 мың, 30 жылдан жоғары – 4 мың тәрбиеші бар.
Сонымен бірге, Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Қарағанды, Атырау, Ақмола, Алматы, Ақтөбе облыстарында мұғалімдердің тапшылығы байқалады. Пәндер бойынша – елімізде математика, бастауыш сынып, орыс тілі және әдебиеті, физика, химия және ағылшын пәндерінен мұғалімдер жетіспейді.
Айта кетейік, биыл алғаш рет Мұғалімдер күні мерекесі 5 қазанда мерекеленеді. Осы уақытқа дейін республикада Мұғалімдер күні қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілді.
Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылы педагогтердің мәртебесі жеке заңмен бекітілді.
Төрт жыл ішінде мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есе өсті. 220 мыңға жуық ұстаз тағайындалған санаты үшін 50%-ға дейін үстемеақы алады. Өндірістен тартылған техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері жалақысына 35%-ға дейін қосымша ақы алады. Биылғы қыркүйек айынан бастап 97 мың тәрбиешінің жалақысы тағы 30%-ға көтерілген.
Сондай-ақ, кеше астаналық мұғалімдерге кәсіби мерекесінде сыйлық жасауға тыйым салынды. Қалалық білім басқармасы білім беру ұйымдарының ата-аналардан сый-сияпат алуына тыйым салатын бұйрық шығарды.