depositphotos.com
- 01 мам. 2026 23:30
- 26
Қазгидромет Ақтөбе мен Орал тұрғындарын ауа райының қолайсыздығы туралы ескертті
Қазгидромет ресми сайтында Ақтөбе мен Орал қалаларының тұрғындарына арналған ескерту жариялады. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ескертуде алдағы сенбі, 2 мамыр күні аталған қалаларда ауа сапасының қолайсыздығы байқалатыны айтылған.
Ауаның ластануына не себеп болады?
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – ауадағы зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін ауа-райы факторларының (тымық, желсіз күн, тұман, инверсия) жиынтығы. Бұл жағдайлар ауаның ластануына әкеледі.
Болжамдар қандай?
Ақтөбеде сенбі күні ауа райы айнымалы болып, жауын-шашынсыз өтеді деп күтілуде. Батыс бағыттағы желдің екпіні 2-7 м/с болады. Түнгі температура 4-6 градус жылылықты, ал күндізгі температура 17-19 градус жылылықты құрайды.
Орал қаласында да ауа райы айнымалы болады. Кейде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Желдің екпіні күшейеді. Түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал. Жел солтүстік-шығыстан 3-8 м/с жылдамдықпен соғады. Түнгі температура 3-5 градус жылылықты, күндізгі температура 10-12 градус жылылықты көрсетпек.