Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Қыдырдың бағы

— Әлі есімде. Қарасирақ бала кезім, — деп бастады Батырхан бағбан әңгімесін.

— Анау көрінген жасыл желекті мекенде балалық шағымның шежіресі жатыр. Менің осы тірлігіме де сол мекен әсер еткен шығар. Соғыс аяқталған шақ. Біздің Алғабас ауылына өгіз арбамен бейтаныс бір жігіт көшіп келді. Оң аяғын сылтып басады. Соғыста жараланған шығар.

Жалғыз басты жігіт алғашқыда күрке тігіп, бір-екі күндей ауыл маңын шолып жүрді де, анау Үйреккөлдің маңынан жер қазып, кірпіш құя бастады. Біраздан сон, ол әр жерге қада қағып жіп тартты да, кірпіштерді қалай бастады. Ауыл балалары анда-санда маңайлап барып, тамашалап қайтамыз.

Жақындауға батпаймыз. Сөйтіп жүргенде үш бөлмелі қоржын үйдің керегесі де көтеріліп бітті.

Енді бірде әлгі жігіт тауға барып ағаш кесті. Артынша үйдің үсті жабылып, шатыры бой көтере бастады. Бұл бүкіл ауыл үшін жаңалық еді. Ерте көктемде басталған үй құрылысы күзге таман салынып та бітті.

— Өзі жастайынан жетім қалып, балалар үйінде, сонау Сібірде өсіпті. Әке-шешесінің кім екенін білмейді екен. Соғыстан соң, ер туған жеріне деп, Қазақстанға оралып, біздің ауылға келіпті. Қолынан келмейтіні жоқ, шебер екен. Сонымен әлгі жігіт колхозға ұста боп шыға келді. Одан кейінгі тірлігін көрсең, жазда арба, қыста шана жасады. Темірден түйін түйеді, тырма жасайды. Ер-тұрмансыз қай қазақ атқа мінген. Ауыл
ақсақалдары жігітке дән риза. Әттең, кемістігі қазақ тілін шала білетіндігі. Кейіннен үйреніп кетті ғой, — деді қарт әңгімесін ары қарай жалғастырып.

— Жалғыз басты жігіт жұмыстан соң да тыным таппады. Үйдің маңын Үйреккөлден шыбық әкеліп қоршай бастады.

— Әу, тігерге тұяғы жоқ. Малы болса бір жөн, мұнысы несі? — десті жұрт. Ұста жігіт бір сәт байыздамады. Ерте көктемде басқарманың арбасын сұрап алып Сарқанға кетті. Ол кезде дүниенің бәрін базардан сатып алуға болады. Қойшы, сонымен ұста жігіт кешкісін қаладан оралды. Айналдырған бір ауылдың отыз түтінінің үлкен-кішісі аңтарыла қарады. Күлгендері де кездесті.

— Пау, мына шыбығы несі? Ана Үйреккөлден де шауып алуға болатын еді ғой — десті.

— Әу, осы жігіт тағы бір жаңалық бастамасын, — деді ұстаның тірлігіне тәнті болған біреу.

Ұста жігіт тамырымен әкелген ағашты жерді терең қазып көміп тастады.

— Ау, мына жеміс ағаштары біздің ауылға шыға қояр ма екен? — деді басқарма Аңсатбай.

— Су бар жерде, ну бар демекші, мен Қыдыр ұстаға сенемін, — деді Қойшыбай.

Ел дауласып жүргенде Қыдыр еккен шыбықтар бүршік ата бастады. Ұста жігіттің ендігі кешкі тірлігі осы шыбықтардың қамы еді. Арықпен суғарды, түбін қопсытты, қара топырақ әкеп салды.

Бұл жылы Қыдырдың ағаштары жеміс бермеді. Бірақ бой көтеріп, салаланып, еңселене бастады.

— Айттым ғой. Ерте көктемде ағаштар үсікке ұрынды, — деді Аңсатбай басқарма. Қойшыбай үндемеді.

— Сары топыраққа жеміс ағашы шықпайды. Бұл жолы Қыдыр бір қателесті, — деді басқарма кеңк-кеңк күліп.

Қыс бойы Қыдыр ұста жұмысын істей жүріп, шыбықтарын бір сәт естен шығарған жоқ. Ел еңсесін көтеріп, тұрмыс дұрыстала бастады. Қыдыр ұста қаладан ұрғашы бұзау сатып әкелді. Ер-тұрманын жасатқан ауыл ақсақалдары ұстаға тоқтыторым сыйлады. Күн өте берді. Астық ұшырып, қырманда жүргенбіз. Ауыл жақтан далбақтай шауып Қойшыбай жетсін.

— Айттым ғой. Қыдыр ұста жөн – жосықсыз айналыспайды. Мен жеңдім, басқарма жеңілді. Міне, сары өрігің, міне шиең, — деді ол ораған түйіншектерін шешіп.

— Ойпыр-ай ә, — десті таңқалғандар.

— Қыдыр ұста кейінде көз жұмды. Сынаптай сырғыған уақыт емес пе? Армансыз шығар. Ұрпағы өсіп, аталарының жолын ұстады. Еңбекке ерінбейді. Шетінен шебер. Ауыл балалары — біздер Қыдырды өнеге тұтып өстік. Қазір біздің ауылға сонау биіктен көз тасташы. Нағыз ғажап мекен емес не! Көгілдір бау, жайқала өскен ағаштар, — деді Батырхан аға.

— Соның бәрінің атасы анау Қыдыр екен талдар екенін ұмытпаңдар. Иә Қыдыр десе Қыдыр еді-ау!..


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама