Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы

Қырық күн үлкен жүрек тоқтағалы,
Біз оны көп айтармыз жоқтап әлі,-деп бір кездері Әбділда ақын жырлағандай Алланың берген саналы ғұмырын асқан парасаттылықпен пайымдап, тынымсыз тірлікпен терлеп, елеулі еңбекпен көгеріп, жан-жағын қаумалаған қауымға сыйластықпен сән түзеп, өзінен кейін өшпестей із қалдыруға бекініп, жай отындай жарқ етіп, мынау фәниден мезгілсіз мизам боп ұшып кететін, санада қаққан қазықтай қатталып қалатын ерекше жандарды таңды таңға ұрып жырлап біте алмайсың... Сондай жанның бірі әрі бірегейі Сарысу ауданының  сары даласында Жаңа-арық деген өнегелі өлкесінде 1965 жылы шыр етіп дүние есігін ашқан, ес білген шағынан ортасында озық ойымен оңашаланған, зеректігімен зерделенген, қабақ шытып көрмеген, өмірде өзіндік қалпынан өзгермей, адалдық пен аңқылдаған ақ жүрек пейілінен айнымаған қайсар қыз Зияш Тұзақбайқызы. Бала күнінен әдеби кітаптарға аңсары ауып, тауып сөйлейтін сөзшеңдігімен ел құлағын елең еткізген есті қыз алтын ұя мектебінен түлеп ұшып арман қуып қазақи ұлттық құндылықтардың қаймағы бұзылмаған шырайлы Шымкенттің педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп оны ойдағыдай тәмамдайды. Бірге оқыған курстас құрбы қыздары Зияшпен университет қабырғасында және жатақханада өткен әр күндерін тәтті ертегідей ерекше еске алып отырады. 

Ол кездері жаңадан оқу бітірген жас мамандарды қолына бір жапырақ қағазын ұстатып ұстаздықтың ұлы ісіне белсене атсалысуға бағыт беріп, шалғай ауылдарға жіберетін болған. Машақаты мол мамандықты бір кісідей игеріп, игілікті істі иіруге икемділік танытқан инабатты бойжеткен Комунар мектебі яғни қазіргі Шоқай датқа атындағы орта мектепке  жолданады.

Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын-ұстаздікі деп Мағжан тауып айтқан ғой. Мәртебелі мамандықты мерейлі міндетім деп ұғынған Зияш Тұзақбайқызы 1987 жылдан бері аттай 32 жыл бір білім ордасында абыройлы, жемісті еңбек етті. Тепсе темір үзетін орда бұзар жастағы ер азаматтың бір ғұмырындай болған осы жылдарда қаншама шәкірттерге бағыт-бағдар беріп, тәрбие мен тәлімін тел емдірген ұлағатты ұстаздың алдын көрген, қазіргі таңда әр салада алғырлығымен танылып жүрген, мақтанарлық ізбасарлары баршылық. Әрқашанда ізденісте жүретін шығармашыл тұлғаның ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де жетерлік.

Білім саласында еткен еңбегі мен төккен тері елеусіз қалмай әр жылдарда аудан, облыс, республика көлеміндегі марапаттардың мінберінен бой көрсетіп, лайықты деңгейде еленіп жүргені, жыл сайынғы ұстаздардың тамыз конференциясында баяндама жасауы да нәтижелі еңбегінің өтеуі деп білемін. Тұрақтылығы мен табандылығының арқасында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де қалтқысыз атқара білді. Оған қоса мектеп жанындағы Гүлдерай шағын орталығының меңгерушісі міндетін де  ойдағыдай жүйелі түрде жүргізе білді.
Жомарт жігіт баймен тең демей ме қазекем... Зияштың көңілі түскен адамға қолындағы барын ұстата салатын, тіпті құлағында сырғасы, әдемі орамалы болса да сыйға тарта салатын Атымтай жомарттығы да бар. Қашанда тынымсыз тірлік пен мызғымас бірліктің жанында жүретін, адал еңбегімен елінің қадірлі де қасиетті азаматы дәрежесіне көтерілген жаны жаз, жүрегі таза Зияш Тұзақбайқызын танитын адамдардың қай-қайсысы болмасын тек жағымды пікір, әсерлі естелік айтады.

"Ұлық болсаң кішік бол, халық үшін бәйек бол" деген аталы сөз Зияшқа арналғандай. Қашанда қонақ десе құрақ ұшып, қонақжай дастарханын дархан көңілімен жайнатып, өзі елгезектігімен ел алдына төселіп, жиған-тергенім төрімдегі мейманыма шашылсын деп шуақ шашып жүретін көлдей шалқыған көңілі көптің көкейінде көпке дейін сақталары сөзсіз. Былтырғы жылы ауданның абыройын асырып жүрген бетке ұстар азаматтары "сөзі ірі,  нар тұлғалы азаматтың бірі, мақтанып айта жүрер тілеулес інім" деп марқайып жүретін Маралтай Райымбекұлын, Сәуле Жанпейісова сынды сыйлыларға төрінен орын беріп, бар жақсысын аузына тосып күтуі-кішіпейілділіктің көрінісі.
 "Сыйласарлық тектінің кім танымас нұсқасын" деп бұрынғылар бекер айтпаған ғой. Амал не, көзден кетсе де көңілден кетпейтін жан жалған өмірде жоқ дегенге бойұсына алмай шерменде күйдеміз. 

"Өлместі Құдай жаратпайды, сынбасты, тозбасты ұста соқпайды" деген бар емес пе. Жақсылардан бата алып, ақылымен жол тапқан, бес елі бағым деп санайтын бес балапанына мінсіз ана бола алған, Рымбектей өмірлік серігіне риясыз сезімін арнап, сеніміне селкеу түсірмей, сергелдең өмірде сертіне берік болған, бауырларына мейірбан жүрегімен жанашырлық танытып, құшағына басқан, дос-жаранға, құда-жегжатқа, ауылдасқа, ағайын-туысқа, көрші-қолаңға сыйластық танытқан тұрпатты тұлға жарқыраған жұлдыздай мезгілсіз ағып түсті, күзге жетпей солды, тал түсте дүние керуені тоқтады.

Асқарбек Айғаным


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама