Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Мұхтар атаның балалары

Аспан айналып жерге түскендей ыстық. Еңселі үйдің алдынан балалардың айқай-шуы естіледі. Өңшең бір жалаңаштар. Театр үйінің қиыр бетіндегі суы көкке атылған фонтандардың маңында қарақұрым суға шомылып, енді бір тобы үй баспалдақтарына кеудесін тосып қыздырынып жатыр. Балалардың бірі қараторы, бірі сары, бірі қызыл сары. Орысы да, қазағы да, қырғызы да, татары да бар сияқты. Бірақ оларды түстеп, түгендеп жатқан ешкім көрінбейді. Қайта сәби күлкісі сыңғырлап, дауыстары анық-анық шыққан ғажап бір көрініс.

Гүл атызының бойынан, орындықтардан екі-үш ересек адамды көруге болады. Бірі газет оқыса, енді бірі әңгіменің қызығына түсіп кеткен. Тек қана сақалы кеудесіне түскен қарт кісі әлгінде ғана кеп шеткі орындықтан орын тепкен. Бұл ауылдан келген Есіркеген қария еді. Ептеген денсаулығының жөні болмай, сонау таудағы «Түрксіб» санаторийында демалып, бүгін-ертең ауылға қайтпақшы. Суреттен болмаса, ұлы суреткер, атақты жазушының мүсінін көре алмаған. Бірде демалып жатқандар бірігіп театрға кеп, «Айман-Шолпан» спекталін көрген. Жолбасшы қоярда-қоймай жүріп, «адасып кетесіңдер» деп автобусқа отырғызған. Сол жолы да ескерткішті көруге ыңғайы келмеді.                      Енді, міне, көз алдында зәулім ескерткіш тұр. Заманымыздың ғұламасы сонау Алатау шыңдарына қарап ойланып қалған. Құдды тірі сурет дерсің. Ғажап. Қарт мүйіз шақшасын қағып ерінге бір шымшып насыбай салды. Сәл демалған соң ескерткішке жетті де, өрмелей басып, мүсіннің алдына барып жайғаса бастады.

— Әй, мына тентектер қайтеді-ей, — деді күңк етіп орнынан тұрған Есіркеген.

— Күзетшісі қайда бұл ескерткіштің? — Екі орта жиырма қадамдай жер. Таяғына сүйенген күйі жақындап келді.

— Әй, балалар-ау, бұларың не? Тып-тыныш мүсіннің сендерге қай залалы тиді? — Даусы қарлығып шықты. Балалар естімеді ме, кім білсін, өз-өзімен әңгімелесіп, қартқа көңіл де қоймады.

— Мыналар қайтеді, ей?! — деп күңкілдеген Есіркеген екі аттап ескерткіштің түбіне жетті.

Алыстан білінбейді екен. Ескерткіш өте биік, қарт басын көтере қарады.

— Әй, тентектер, бұларың не? Шіреніп отырыстарын, түге. Сендер бұл адамның кім екенін білер ме екенсіңдер? — деді қарт мысқылдай дауыстап. Сөйткенше ұлы адамның тізесіне қонған сіліңгір қара бала орнынан атып тұрды.

— Ассалаумағалейкум, ата! — деді сәлем беріп.

— Здравствуйте! — деді екінші бір үрпек бас сары бала.

— Әликісалам, здрасти. Ал, айта қойыңдар, — деді қарт балалардың сәлеміне риза боп, күлімсірей қулана қарап.

— Бұл — біздің атамыз, — деді сіліңгір қара саңқ етіп.

— Да, это — наш дед, — деді үрпекбас сары.

— Біз атамыздың атындағы көшеден келдік, — деді үшінші бір бала.

— Әй, осы сендер бұл адамның кім екенін білмейсіңдер-ау, осы... — деді Есіркеген қарт.

— Неге білмейміз? Бұл кісі — Мұхтар ата. Қазақтың ұлы жазушысы, — деді сіліңгір қара.

— Да, он великий казах, — деді үрпек сары да қалмай.

— Иә, ата, біз Мұхтар атаның балаларымыз. Қазір, міне, алдында отырмыз. Ешкімді бұл кісіге тиістірмейміз. Қорықпаңыз, ата, — деді үшінші бірі.

— Дұрыс, балалар. Жастарың ұзақ болсын. Иә, сендер шынында да Мұхтар аталарыңның баласысыңдар, — деп Есіркеген қарт күбірлей берді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама