- 14 қаң. 2020 00:00
- 198
Қожанасыр мен би
Бір бидің сиыры Қожанасырдың еккен егінін жеп қойыпты. Қожанасыр бидің өзіне барып:
— Биеке-ау, бөтен біреудің сиыры екінші біреудің еккен егінін жеп тауысса, оның үкімі не болады? — деп сұрапты.
Би үлкен сары тысты кітабын қолына алып, ашып көріп:
— Сиырдың иесі шариғат жолы бойынша желінген егіннің құнын төлейді, — депті.
— Олай болса, сіз егіннің құнын төлеңіз. Сиыр сіздікі де, егін біздікі, — депті алақанын жайып.
— Иә, солай деңіз! — деп ойланып тұрып, қолындағы сары тысты кітапты былай қоя беріп, басқа бір кітапты алып, бетін аша беріпті.
Сонда Қожанасыр:
— Ашпай-ақ қойыңыз, тақсыр би. Сиырыңыз менің егінімді жегенше, қолыңыздағы көк кітапты жесе, анағұрлым тәуір болар еді, — депті.