- 04 ақп. 2020 00:00
- 214
Қожанасыр мен кемпірі
Бірде Қожанасыр кемпірі екеуі базарға барып, малын сатып келе жатқанда, ақшасын кемпіріне беріп қойыпты. Жолда екеуі келе жатса, кенеттен алдынан ұрылар шыға келіпті. Қожекеңнің жан-жағын тіміскілеп, ештеңе таба алмайды. Ұрылар бір кішкене шеңбер сызып, Қожанасырды тұрғызып:
— Егер осы шеңберден шықсаң, ұрып өлтіреміз, — депті де, кемпірді тонауға кірісіпті.
Кемпірдегі бар ақшаны алып, ұрылар жөніне кетіпті.
Кемпірі байғұс бөжілдеп, Қожекеңе ұрсып:
— Ой, қақбас шал, неңе мәз болып тұрдың мені тонап жатқанда? Бір жерде қақидың да қалдың ғой, — депті.
Сонда Қожекең тұрып:
— Тсс, мен оларды қатырдым, — депті.
— Әй, байғұс-ау, қалай қатырдың? — депті кемпірі.
Сонда Қожанасыр:
— Олар сені тонап жатқанда, мен аяғымды шеңберден шығарып тұра бердім, — депті.