- 15 ақп. 2020 00:00
- 199
Қожанасыр неге әдеміленбей қалды?
Бір күні кешке Қожанасыр әйелімен ұрсысып қалады.
—Сендей албастыға үйленген,—депті Қожанасыр,—менің көзім соқыр екен.
—Мен бе албасты?—деп бажылдайды әйелі.—Жапалақ та бозторғайдан мін тапқан. Өзіңе қара! Қай жағыңнан қараса да, нағыз албасты, сиықсыз сенсің!
Қожанасыр беті қайтып, жүнжіп қалады. Қайткенде де әдеміленуге бел буады. Мұны естіген сығандар Қожаға келіп «бір сағаттың ішінде сені кереметтей сұлу жігітке айналдырып жібереміз, өзіңді-өзің танымай қаласың» дейді. Қожанасыр қуанып, олардың айтқанының бәрін орындауға уәде береді.
Келесі күні ол ерте тұрып, қызметші әйелді бір жаққа, әйелін төркініне жібереді де, өзі табалдырықта отырып сығандарды күтеді.
—Олар сағат тоғызда келіп, мұны айналып жүріп, шулап әндетуге кіріседі, мұны дуалап, «бүгін сұлу боласың, тек айтқанды істе»,—дейді.
Қожа бұлардың еркіне беріледі. Бұған үлкен кеспекті алдырып, сонын ішіне отырғызып, «айнала жүріп дұға оқимыз»,—дейді. Қожа сығандардың айтуынша кеспектің ішіне отырады, ал сығандарды қақпақты үлкен тастармен бастырады да, айнала шулап өлең айтып, дұға жасаған болады. Шулап жүріп Қожаның үйіндегі бар дүние-мүлікті сыпырып, жөндеріне тайып отырады.
—Тып-тыныш болып қалғанын аңдаған Қожа «қақпақты алып, мені шығарыңдар»,—дейді айқай салып. Жауап қатқан ешкім жоқ. Қақпақты көтерейін десе, шамасы жоқ.
Әйелі мен қызметшісі кешке қарай келеді. Қараса, үй іші түгел ақтарылған, тоналған. Олар бөшкенің үстіндегі тастарды әрең дегенде алып тастайды. Күні бойы аш отырып, әрең демін алумен болған Қожа діңкесі құрып шығады. Үй ішіне аңырая қарайды, тәуір дүниеден дым қалмаған, сығандардың қарасы көрінбейді. Ал Қожаның түрі, бет-әлпеті баяғы қаз қалпында.