- 28 қаң. 2020 00:00
- 225
Қожанасырдың тойға баруы
Баяғыда біреу той жасапты, тойға көп кісі жиналыпты. Қожанасыр да келіпті. Қожанасырдың үстіндегі киімі жаман екен. Қожанасырды ешкім елемепті.
Қожанасыр үйден шығып кетеді де, үйіне барып, тәуір киімдерін киіп, қайта келеді.
Бұл жолы үй иесі Қожанасырды құрметтейді, төрден орын береді. Ет келгенде:
— Қожеке, алыңыз, алыңыз! — деп қошеметтейді.
Қожанасыр етті жемей, табаққа шапанының жеңін малып:
— Же, шапаным, же! — деп отыра береді.
Үй иесі:
— Сіздің бұ не қылғаныңыз? Шапан ет жейтін бе еді? — дейді.
Сонда Қожанасыр:
— Сен кісіні сыйламайды екенсің, киімді сыйлайды екенсің. Сондықтан шапаныма жегізіп отырғаным! — деп жауап береді.