- 28 қаң. 2020 00:00
- 259
Зығыр майы
Қожанасырды әйелі қарызға зығыр майын әкелуге жұмсапты. Бірақ дүкенші бермейді. Бұған ерегіскен Әпенді оның мысығын жымқырып кетеді.
— Сіз есіңізден ауысқанбысыз? — дейді әйелі мұның қойнындағы мысықты көріп. — Мен сізді май әкелуге жұмсап ем ғой, ал сіз не әкелгенсіз?
— Үндеме, қатын, шыда. Құдай бізге мысықты бұйыртты ғой, бәлкім, майға да қарасатын болар.
Әпенді осыны айтып ауыз жиғанша, есік қағылады.
Дүкенші екен.
— Мен қылжақты ұнатпаймын, — дейді ол — Мысықты беріңіз, сіздің қойныңызға тыққаныңызды балалар көріпті.
— Мен оны қазір ғана қылқындырайын деп едім.
— Не үшін?
— Егер мысық ұстағыңыз келсе, арқандап қойыңыз. Біздің үйге келуге тым дәндеп алыпты, кеше зығыр майы тұрған тостақты төңкеріп кетіпті. Міне, қараңызшы, ештеңе қалған жоқ. Бұл қарақшының көзін жоймай тынбаймын.
— Жарайды, ендеше, мен сізге бір қадақ май берейін. Тек мысықты беріңіз, — депті дүкенші амалсыздан.
Қожанасыр майды осылай тапқан екен.